ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Жұмаш Кенебай. Қиядан ілген Қиял дос…

Талқы алаңы

Жұмаш Кенебай. Қиядан ілген Қиял дос…

talgy_admin 11.01.2019 316 рет қаралды

 

Суретте: жазушы, журналист Қиял Сабдалин

Кезінде, Абай-Ақпарат сайтында жарық көрген бұл мақаламды марқұм Қиял досым Сабдалин өзі оқып, қатты риза болған еді.

Дәриға, зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңші… міне, Қиял марқұмның бұл дүниеден өткеніне де, міне, ертең 12.01.2019 жылы тура ҚЫРЫҚ күн толады екен…

Қиял Сабдалин марқұмның қырқы қарсаңында осы мақаламды жария еткенді жөн көрдім.

Марқұмның топырағы торқа болсын! Жаны Жәннатта шалқысын!

Автор Жұмаш Кенебай Көкбөрі,

11.01.2019 жыл, қасиетті Жұма,

Алматы қаласы.

 

«…Жұмаш, мақалаға әзір асықпайық…қайда қашар дейсің? Алдымен, ән-еу бір жерде «отырған» сары бала салып ұрып, ортамызға келсінші».

(Қиял Сабдалиннің сөзі)

«Жұмаш, мақалаға әзір асықпайық…қайда қашар дейсің? Алдымен, ән-еу бір жерде «отырған» сары бала салып ұрып, ортамызға келсінші».

(Қиял Сабдалиннің сөзі)

 

…«Өлімнен ешкім ешқайда қашып құтылмақ емес. Жас па, кәрі ме… ажал келді — қыбырлаған, жыбырлағанның бәрі өлмек. Өлім қақ! Топыраққа, шаң-тозаңға айналып, жоғалмақсың. Өлетінін, өшетінін… маңдайдағы қос шырақтың мәңгіге жұмыларын әркім-әркімің-ақ біледі. Сөйте тұра, Алланың құдіреті, дәм-тұзың таусылғанша, ақтық демің үзілгенше тырмыстырып, тұяқ жыртқызып, тал қарматтырып қояды-ау?! Қартаю — іріп-шірудің басы. Кәрілік шіркінің өзің ойқастап, балпаңдап жер басып жүргеніңде-ақ маржандай тістердің шіруінен, сақал-шаштың ағаруынан, өткір жанардың нәркестенуінен басталмақшы. Өлім — кәріліктің соңы, азаптың да ақыры! Өлім — адамды мәңгі азаптан құтқармақ. Аурумен арпалыста қалжыраған арттағы туғандарыңа, жегжаттарыңа да жеңілдік әкелмек. Жер үстінде басталған өміріңіз сөйтіп, жер астында аяқталмақ. Бәзбіреулер мұны мәңгілікке ұмтылу деп ұқса керек… Кім білсін? Ұмтыл-ұмтылма, өлген пенденің бәрі ұмытылмақ. Біреу ерте, біреу кеш… Бәрібір ұмытылмақсың! Өлім — ұлы бітімгерші де. Өлім алдында тіршілігінде ымыраға келмегендер, бітіспегендер де бітіспек. Бірінің алдынан бірі өтіп, өкпе-реніштерін шаймақ…»

 

Бұл үзіндіні Қиял Сабдалиннің «Пайғамбардың көз жасы» романынан алып отырмын. Оқып отырып, Сүлеймен пайғамбардың жүзігінің қас бетіне «бәрі де өтеді» деген жазу жазылыпты деген аңыз еске түскені… Шынымды айтсам, Қиялдың осы шығармасының атының өзінен атты кісі үркеді. Баспасөз бетінде алғаш үзіндісі жарияланғанда-ақ (өзім басы-қасында жүрсем де), жүрегім зырқ еткен. Үріккен жалғыз мен емес, «ойпырмай, пайғамбарды жылатып не көрінді, басына не күн туды?», «қап, әттегене, көтере алмайтын шоқпарды беліне байламады ма, жүгі зілбатпан тақырыпты алып шыға алса көрім-ау?», «Әй, бірдеңеге арандап қалып жүрмесе игі еді?» деген жанашырлар қатары бірқанша. Өзім де іштей күдіктеніп: «Я бел кетеді я белдік кетеді» деген едім.

Жоқ. Құдай оңдап, бел де, белдік те аман кетті! Қыран дос қиял жетпес қиядағыны да қапысыз ілген тәрізді. Ілгенде де анау-мынауысын, ұсақ-түйегін емес, кетпектей кесегін, ірісін ілген-ау! Досымның атын «Қиял» деп бекер қоймаған екен деймін. «Арық сөйлеп, семіз шықты» ақырында. Бұрын-соңды, қазақ әдебиетінің арғы-бергі — не кеңестік, не посткеңестік тарихында мұндай тіс батпайтын ұрымтал, «қауіпті» тақырыпқа қалам тербегендеріңіз жоқтың қасы. Тектілеріміз тірі болғанда, жұрттан сүйінші сұрар ма еді дейсің! Тілеуіңді бергір Ермұрат Бапи, Мұхтар Шаханов ағамыз, Құдияр Біләл ініміз қолдарындағы газет-журналдарына романнан үзінділер жариялады. «Ақ жол» болcын деп, Қажымұқан Ғабдолла бауырымыз «Майдан» сайтына са-лып жіберді. Бұл да болса қамқорлық, қамкөңіл достың дімкәс жүрегіне зәм-зәм суын тамызғанмен пара-пар еді. Роман қазір толықтай «Таным ТВ» сайт-ында тұр. Оқимын деген жұрт еркін оқи алады. Кітап етіп бастыруға досым-ның астындағы арбасын (машинасын) сатпасаң…қалтасы шұрқ тесік. «Тасқа бастырарда, әсірелеп тәптіштелген өрескел тұстарын бәсеңсітемін ғой» деп жүріп, «басы артық» деген бе, бес-алты баспа табағын құрдасым өзі тақыр-лап тастады. «Әй, осы бір кесек дүние болар ма екен, бастырып көрсем» деп бір баспагер досымыз бірнеше ай бұрын алуын алып еді, бірақ, бір кілтипаны бар ма, әзір хабар-ошары болмай тұр ғой…

Қиял аталмыш философиялық-психологиялық кесек туындысымен бірден-ақ ірі, қабырғалы қаламгерлердің санатына енгені ақиқат. Бұл қайсыбір пәлсафашы қасқабастардың қас-қабағына жаға ма, жақпай ма, ұнай ма, ұнамай ма, шиқаны cыздай ма, сыздамай ма — шындық осы! Шараң жоқ. Белінен бір сызып тастай алмайсың енді. Әдебиетші ретінде, ақын ретінде бір білетінім: жаңа ғасырдың жаңа әдебиеті әлдебіреулердің «Жиырма бірінші ғасыр» эпопеясымағынан я болмаса, «Бәйтерек» дастанынан басталмайды, ол басталса, Қиял Сабдалиннің «Пайғамбардың көз жасы» романынан басталады. Бұл сөзім де біреу-міреуге шаншудай тиіп, тікенектей қадалары анық. Аалайда, ақиқат осы. Бұл — бұлтартпас шындық. Шындықтың бетін кіреуке шалмайды. Мұны бүгін бүгіп, жасырғанымызбен, ертең болмаса да, арғы күні айтылады. Тұман сейіледі, күннің арты ашылады дегендей… Қиялдың өзіне қимағанымызбен, бұл роман күні ертең сөзсіз қазақ классикалық әдебиетінің ортасынан ойып орын алады. Оған күмәніміз жоқ. Әрине, мінсіз шығарма болмас. Аталмыш романның да қайсыбір тұстары бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманымен астаспай, қиыспай, бір жамбастап, бір қырынан жатуы әбден ықтимал. Негізі бар «айыбы» да сол «сыңар жамбастап», қисайып жатуында болса керек… Болмаса, біреудің атын атап, түсін түстемейді.

Қаласаңыз, мен енді аталмыш романның көркемдік дәрежесі, көркем туынды ретінде көтерген жүгінің қаншалықты қомақты да салмақты екендігін азулы деген әдеби сыншылардың еншісіне қалдыра тұрайын да, енді оның жеке басына, кісілік табиғатына, пендешіліктеріне (бәріміз пендеміз ғой) кеңірек тоқталайын дедім. Осы бір жігіттің өмірінің қайсыбір көлеңкелі жықпылына молырақ шұқшисам ба, тереңірек қазсам ба деп өзімнің де қолым қышығалы қашан! Соның сәті енді түскендей…

Өз басым Қиял Сабдалинді сонау он екі, он үш жасымнан бері жақсы білетін сияқтымын. Бозбала болып қалған кезіміз… Әңгімемді «ап» дегенде арып-ашқан, азып-тозған коммунадан қалай «күншуақты коммунизміңе» тап бол-ғанымыздан бастайын. Басымыздан не өтпеді? Бастан сырық кетпеген саяси қуғын-сүргіннің арқасында, біздің әулетті тағдыр айдап, әуелгіде бұрынғы Талдықорған облысы, Алакөл ауданына қарасты, аты анадайдан қышқырып тұрған «Коммунизм» кеңшарына, арада көп өтпей, басшылықтың бізді «Соц-иализм» деген бір бөлімшесіне кері шегіндіре салғанының себебін ол кезде бала, мен қайдан білейін. Ана жақта да, мына жақта да қиындық пен көр азапты көп көрген менің әкем Айтжұман, анам Қайныш, ағам Жұмағазы, жеңгем Зипа, әпкем Төлеуғайша, жездем Тұрсынбек, үйдің үлкені мен, інілерім: Бейсен, Сәрсен, Жеңіс, ағамның баласы Мәулітқазы, әпке-жездемнің тұңғыштары Зібила — бәріміз Алланың бұйрығы болар, осы бір жер жәннаты — Жоңғар Алатауы саясындағы айнадай жарқыраған Алакөлдің жағасын мекендеп қалған едік. Әкем, ағам, жездем, осы шаруашылықта егін егіп, су суарып дегендей, қал-қадарларынша еңбек етті. Әрине, біздің әулеттің әйелдер жағы негізінен бала-шағаның жағдайын күйіттеп, отбасын жағалап қалған.

Бұл шаруашылық малмен қоса егіншілікпен де айналысады екен. Егіншілік болғанда да, негізінен жүгері мен қызылша егеді. Жүгерінің «атасы» Никита Хрущев деген жалтыр бас біреу деп естимін… Бұл жақта көктем шыға басталатын қызылша өсіру жұмысы қар бір жауғанша тоқталмайтын бір бәле екен. Ауылдың бар қатын-қалашы, еңбекке жарамды балалары күнұзақ, қараңғы түскенше егістік алқапта өріп жүреді. Бұл елдің халқы мына қызылша деген бәлені жинап біткенше, демалыс дегенді білмейтін көрінді. Осы қу қызылша жиналып бітпей, жалғыз мектебінде сабақ дегенің де аты-көтімен болмайды. Бұрын мұндайды көрмеген біздер бұл жақтың мына бір бітіп болмайтын бейнеті ауыр тірлігінен бастапқыда шошып кеткен едік. Кейін оған да етіміз үйренген тәрізді. Бірақ, етің үйренбейтін де нәрсе болады екен…

Алла, Алакөлдің масасындай масаны өз басым өмірде көрмепін! Шаққан жерін оңдырмайды. Әсіресе күз айларында кешкілік үй ішін «ызыңдаған» сары маса қаптап береді дерсің. Ол құрығырлардың шақпайтын жері жоқ. Тұмсықты қай жерге салса, жаның сол жерде тұра ма… Дегенмен, бұл итіңнің аяқтан, тілерсектен тістегені ащы ма дедім. Қашан көрсең, бет-ауызы күптей болып ісіп кеткен мен құралпы балалар. Қасынғанына қарап тұрсаң, жаның түршігеді. Қаныңды ішіп тауысады екен, жалмауыз! Қу масадан қорғанып, үйде де, түзде де сабаланып жүргеніміз сол. Бала біткен бұл жабайы ызыңға төзе алмайтын едік. Қара бұлттай қаптаған сары маса жердің астына кіріп кетсең де, ызыңдап жүріп сені тауып алады-ау! Үлкендігі түйедей бұл масаңыз шақты дегенше, қу жаның көзіңе көрінеді. Ауыл-ауыл болып түтін салады. Масаға жем болғанша, түтінге қақалып-шашалып отырғанның өзі артық дей ме екен. Сары қамыстың іші тола сары маса. Әдістеніп алған біздер кейін қамысы қалың жерлерге жоламайтын болдық.

Жайпақ ауылының «Коммунизм» кеңшарында мен әңгімеге арқау етіп отырған Қиял досымның әке-шешесінің тұрмыс жағдайлары өзгелерден едәуір ілгері еді. Дәулеті шалқып тұрды десем, артық емес. Әкесі атақты жылқышы. «Етікші болады екенсің, шебер етікші бол» деп үйретуші еді бізге. Қиял сол кісінің жар дегенде жалғыз ұлы. Жалғыз ұлдың бетінен ешкім қақпайтыны, жел болып тимейтіні бесенеден белгілі. Талап-тілегі де табан астында орындалады, «ләппай»! Үйінде үкілі домбыра, баян, аккордеон, гитара — бар аспап тізіліп тұрар. Байқаймын, Қиял тентектеу болғанымен, өнерлі болып өскен. Бесаспап. Бала біткен соған еліктейді. Өзі әнші, күйші, өзі мырза, салың да, сылқым серің де сол, балалардың көсемі де, шешені де бір өзі. Ауыл қияңқыларына бет қаратпайды, тік мінез, бірақ, әділ еді. Өзінен кішіге қамқор, қашанда қол ұшын беруге, жарты күлшені жарып жеуге дайын тұратын. Қиял менен бір-екі ит жейдені бұрын тоздырған. Екі жас үлкендігі бар дегенім ғой. Бірақ, ол өзіме түйдей құрдастай көрінетін…

Қанша дегенмен ой-шұңқыры көп бөтен жер, бірде жалғыз өзім адасып кетсем керек. «Коммунизмнің» бе, «Социализм» бөлімшесі жағында ма, қалың жүгері алқабынан шығып келе жатқан бетім еді, біреу дыбыстағандай болды. Дауыс шыққан жаққа жалт қарасам, менен гөрі бойшаңдау, жасы өзім шамалас бір бала айналасына шырт түкіріп қойып, қасындағы нөкерлерлеріне бірдеңені айтып тұр екен. Сәлден соң сұқ саусағымен мені нұсқады:

— Әй, қуым, сен әлі «социализмдесің», оны білемісің өзің? Ал, біз «комму-низмдеміз», ендеше неге шекара сызығынан асасың? Жаудың шпионы ре-тінде өзіңді байлап-матап, сабап алсақ қалай?! — деп қарап тұр. Қалайы не? Өзім де тентектің бірімін, бірақ, топ балаға не істейсің? Әсіресе, әлгі «байлап сабасақ» дегенінен шошыдым ба, жалт беріп, қаша жөнелдім. Топ бала қойсын ба, тез қуып жетіп, білектілеу бірі — ұмытпасам аты, Сәмет пе еді, әлде Нұрсәмет… байқаусызда мені шалып құлатты. Бет аузым шаң-шаң болып жатырмын. Әлгінің бірі мені іштен «ыңқ» еткізіп бір тепті. Тіс жармаймын, үндемеймін. Ішімнен «мына иттер мені өлтірмесе қайтсін» деп те ойлап қоямын. Сол кезде бірі, атаманы ғой деймін:

— Әй, жатушы ма едің, тұрсаңшы! Өзің жасықсың ба, қалай?- деп, мені сүйрегендей қылып орнымнан тұрғызды. Тұрып, қабақ астынан әлгі «атаманға» қарасам, өзім сияқты сары бала, көздері де менікіндей тұздай екен… Біз тез тіл табыстық. Бұл менің Қиялмен алғашқы танысуым еді. «Ер шекіспей, бекіспейді» дегендей, екеуміз осылайша қызық жағдайда танысып, білістік. Кейін қатты дос болып кеттік. Осыдан тартып маған тиісу сап тиылды. Қиялды арқа тұтатынмын. Маған көз алартқандарын байқаса, жындарын қағып алатын. Жар дегенде жалғыз әпкем Төлеуғайша тәтем бірақ, құлағыма күнде ызыңдайды: «Ойын баласы болып алдың. Қиялға қосылып, бұзылайын деп жүрсің. Ол ұлға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Бетімен кеткен» деп сөгеді. Сөкпегенде, бәрін Қиялдан көрмегенде қайтсін, тәтемнің ақылын жүре тыңдайтынды шығардым. Үйге де қараспайтын болып алдым. Не магниті, не сиқыры бар, таң атты болды, Қиял досыма тартамын да кетемін. Жалғыз мен емес, ауылдың бар баласы үймелеп қасынан шықпаймыз. Кейбірінің шешесі «қу жүгірмек өңкей, Қиялдың жанына тұз төгіп қойды ма біреу» деп, қолына шыбық алып, шықпыртып қуып-айдап та кетеді. Оған қарап жатқан біз жоқ, айналып қайта келеміз. Келмегенде қайда барасың? Жалғыз «Мәдени-Рухани» орталық сол болса. Е, жақсы әдеп те, жаман ғадет те бірге жүреді ғой қашанда. Досыммен бірге алғаш рет темекі тартқанымды да, «ақаңнан» ептеп ұрттап көргенімді де енді несіне жасырайын. (Кейін ес біліп, есейген шақта осы қу арақтың зардабын тартамыз ғой деп ол кезде ойлаппыз ба…)

Өзгеде жоқ велосипед Қиялда бар. Көзің қызығады. Күннің қызуы қайтқан, күздің қоңыр салқын бір күні әлгі шайтанаяққа мінгесіп, сабақтан қашып, Қосбейітті (үлкендер Қызайдың бейіті деуші еді) жанай өтіп, Молақтағы Қиялдың әке-шешесіне тартып кеткеніміз де күні бүгін есімде ғой. Досымның кішкене інісі, аяғын апыл-тапыл басып жүрген кекілді сары ұлды (қазір қазақтың белгілі әдебиет, мәдениет қайраткері — Ғалым Доскен) сонда бірінші рет көруім. Қойшы, сөйтіп, ойынды сойдық қой. Екі-үш күн дегенде әпкем Төлеуғайша атпен іздеп келді… Досымның әкесі Сабдалы да, шешесі Бану да, жарықтық кең кісілер еді. Бану апа: «Төлеуғайша қалқам, бір ашуыңды бер. Ойын баласы емес пе, мектебі де осыларды қайбір қарық қылып оқытып жатыр дейсің. Әзір ойнай тұрсын. Екеуін екі-үш күнде ауылға қайтарамын» деп әпкеме уәдесін беріп, қымызын ішкізіп, етін жегізіп дегендей, жік-жапар шығарып салды. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа бармады. Түн ішінде соңымыздан тағы бір «қуғыншы» келді…

«Япырай, бұл Қиял түкірігі жерге түспейтін не деген бақытты бала еді» деп ойлаймын ғой сонда, киіз үйдің ішінде жатып. Рәш әпкесі ауылдың маңдайға басқан жалғыз дәрігері. Төлембек ағасы болса, мектепте білдей мұғалім. Ол өзге балалар сияқты қызылша-пызылшаңа бармайды. «Ауыру» деген анықта-масын ала салады. Ақсаусақ болмағанда қайтсін. Нағашысы Тәупиық күркіре-ген ферма бастығы. Шернияз бауыры да бірдеңенің құлағын ұстаған. Қарап жатқаны жоқ. Айтпақшы, отыз жетінші жылы «халық жауы» болып атылып кеткен ақпа ақын — Арап осы ауылдан шыққан. Арап пен Қиялдың түп наға-шысы бір. Нағашылары мықты болғанға ұқсайды…

Сөйтіп, суқанымыз сүймесе де, қу сабағына қайта кірістік қой. Бірақ, ұзаққа бармады…Ауылдың балалары анда-санда ат суаруға баратынбыз. Көлге жа-қын болғандықтан ба, бұл жақтың суы ащы болып келетін. Тұщы суға қанды-рып алу үшін, аттарымызды жоғары жақтағы бұлақтарға барып суаратынбыз. Сондай бір ат суару кезінде — әкем мініп келген асау ат мені сүйретіп кетіп, аяқты сындырып, бір жылдай сабақтан қалғаным бар. «Шалқаңнан түсіп жат та қой енді, құдайым тілеуіңді берді» деп Қиял досым күлген сонда.

«Япырай, бұл Қиял түкірігі жерге түспейтін не деген бақытты бала еді» деп ойлаймын ғой сонда, киіз үйдің ішінде жатып. Рәш әпкесі ауылдың маңдайға басқан жалғыз дәрігері. Төлембек ағасы болса, мектепте білдей мұғалім. Ол өзге балалар сияқты қызылша-пызылшаңа бармайды. «Ауыру» деген анықта-масын ала салады. Ақсаусақ болмағанда қайтсін. Нағашысы Тәупиық күркіре-ген ферма бастығы. Шернияз бауыры да бірдеңенің құлағын ұстаған. Қарап жатқаны жоқ. Айтпақшы, отыз жетінші жылы «халық жауы» болып атылып кеткен ақпа ақын — Арап осы ауылдан шыққан. Арап пен Қиялдың түп наға-шысы бір. Нағашылары мықты болғанға ұқсайды…

Сөйтіп, суқанымыз сүймесе де, қу сабағына қайта кірістік қой. Бірақ, ұзаққа бармады…Ауылдың балалары анда-санда ат суаруға баратынбыз. Көлге жа-қын болғандықтан ба, бұл жақтың суы ащы болып келетін. Тұщы суға қанды-рып алу үшін, аттарымызды жоғары жақтағы бұлақтарға барып суаратынбыз. Сондай бір ат суару кезінде — әкем мініп келген асау ат мені сүйретіп кетіп, аяқты сындырып, бір жылдай сабақтан қалғаным бар. «Шалқаңнан түсіп жат та қой енді, құдайым тілеуіңді берді» деп Қиял досым күлген сонда.

Арада біраз жылдар өткенде біз өзіміздің атамекен — Аягөз жаққа көшіп кет-тік. Жайпақта әпкем Төлеуғайша мен жездем Тұрсынбек Зәкерияновтар кіш-кентай Зібиламен көшпей қалып қойған. Бүгінде менің сол қайран жалғыз әп-кем де, жездем де өмірден озған. Оларға сол бұрынғы «Коммунизм» мен «Социализмнің», қазіргі Жайпақтың топырағы бұйырған екен. Қиялдың әке-шешесі, менің әке-шешем, ағам да бүгінде бақилық болған…

 

Мен атамекен Аягөздің «Ақшатау» орта мектебінен бітіріп, бір-екі жыл ауыл-да, Аягөз аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық «Алға» газетінде қызмет істеп, екі жылдық әскери борышымды аяқтап келісімен бірден әсем Алматы-ға тартып, сол кездегі С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистка факуль-тетінде оқыдым, республикалық «Қайнар», «Жалын» баспаларында, Қазақ радиосы мен теледидарында, тәулсіз саяси «Азат» газетінде, Алматы қаласы әкімдігінде әр түрлі қызметтер атқардым.

Аягөзде оқып жүргенімде де аракідік Алакөлге соғып тұрдым. Бірақ, Қиялмен қатынас сиреді. «Көзден кеткен соң, көңілден де кетеді» деген сол. Жаңа ор-та, жаңа достар дегендей…Дегенмен, Жайпақ жақтан хат-хабар алып тұрдық. Досымды Рәш әпкесі «кәрі әке-шешеңді қайда тастап кетпексің» деп, консер-ваторияға жібермей алып қалыпты. Көліктің жақсысын мініп, қыздың сұлуын құшуға құштар досым Дәйімхан есімді ауылдың тамаша бір қызына үйленіпті деп естідім. Бала күнгі достық қымбат қой қанша дегенмен, іштей тілеулес болып жүрдім…

Қиял досымды мен арада көп жылдар өткенде, «Қайнар» баспасында қыз-метте жүргенімде, бір сықақ өлең жазып, оны әуелі «Балдырған» журналын-дағы ескі дос ақын Несіпбек Айтұлына, ақыры, соның сілтеуімен «Ара» жур-налының бөлім бастығына апарып бергенім бар. Бөлім бастығы дегенім, қай-дан білейін, бала күнгі досым Қиял Сабдалин болып шықпасы бар ма! Басын-да Қиял да (өзі сәл қызулау екен) мен де бір-бірімізді танымай, одырайысып қалдық. Бірақ, көп уақыт өтпей бұрынғыша шүйіркелесіп, сонау бір естен кет-пес балалық шағымызды еске алысқанбыз. Досым аудандық, облыстық газ-еттерде шыңдалып, өрлеп Алматыға келіпті. Қайтарымда Қиял:

— Жұмаш, өлеңдеріңмен сырттай таныспын. Тамаша лирик ақын болыпсың. Тек әлдекімдерге елікпегенің дұрыс болар еді. Сықағыңның алды да, соңы да осы болсын. Өйткені, лирик ақынды сатирик ақын өлтіреді ақыр аяғында, осыны ұмытпа! — деп ол менің «Апама жездем сай» деген сықақ өлеңімді ор-ысшаға аудартып, екі тілде «Ара-Шмель» журналына жариялатқаны бар.

Сәл толғаны болмаса, алдымда тұрған сол баяғы аңқылдаған, еш өзгермеген Қиял бауырым еді. Бұдан кейін екі дос бұрынғыша, тонның ішкі бауындай қайтадан араласып кеттік. Ішімдігіміз де, суат жағалайтынымыз да, көгал қуа-тынымыз да бір. Бірақ, соңғы уақытта досымның әлгі пәлені жиілеткенін бай-қадым. Іш тартайын десем, қимаймын. Ақыл айтайын десем, өзім жетісіп тұр-ғаным шамалы, мен де ішемін. Ақырында, досым «Арадан» оңбай аранда-ды. Былайша айтқанда, теп-тегіс жерден сүрінді. Біреумен шатақтасқанды қой, өкпелетіп алғанына өкінетін парасатты досым, сайтан түртті ме, бас-көз демей, қып-қызыл төбелестің ішіне қойды да кетті! Ішімдіктің кесіріне қоса, әлдекімдердің айтақтауынан да болғанын бүге-шігесіне дейін білемін-ау! Ам-ал не, болар іс болып қойды. Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің ке-рі. Ақырында, басын зорға деп арашалады. «Бәрі өзімнен…Тыныш жүрсем, менде не атасының құны бар» деді де, өзі жоғалып кетті.

«Ішіп жүріп, тағы бір шұқыр бірдеңесіне түсіп кетпеді ме» деп жүрексініңкі-реп жүрсем, Қиялым советтің қылышынан әлі қан тамып тұрған кезде, жау американың «жауыз» радиосының штаб пәтерінен (Азаттық) барып бірақ шығыпты ғой сабазым! Риза болып кеткем бе, «өлме, досым» демеймін бе сонда. «Өй, мен өлмеймін ғой» дейді ол да. Қиял Сабдалин сөйтіп, «Азаттық-тың» Қазақстандағы білдей тұңғыш тілшісі, кейін Қазастандағы бюросының бастығы болды.

Қазақстандағы тұңғыш саяси қозғалыс «Азат» қозғалысында, оның осы аттас газетінде қызмет істеп жүрген кезімізде: Сәбетқазы Ақатай, Михайл Есенәл-иев, Марат Шорманов, Хасен Қожа-Ахмет, Жасарал Қуанышәлі, Дос Көшім, мына мен және тағы басқа ұлтжанды азаматтар осы Қиялдың арқасында «Аз-аттық» радиосы арқылы өзіміздің ғана емес, шетелдік қазақтарға да кеңінен танымал болған едік. Сол тұстағы «Азаттық» радиосының директоры Хасен Оралтаймен, Түркия түрікшілдермен: Тұран Язғанмен, Ердоған Асылүйжімен, Сыдыхан Ұлышаймен, Шеризат Доғырымен, Нұркәмал Пынармен, Суат Шер-ушімен, т.б. белгілі тұлғалармен бізді осы Қиял досымыз таныстырғанын ұм-ытқамыз жоқ.

1990 жылы өзім орынбасар болып жүрген «Азат» газетінде (редакторы мар-құм Батырхан Дәрімбет) жарық көрген менің әйгілі Желтоқсан қасіреті жайлы жазылған «Зобалаң» атты дастанымды жоғары бағалаған да, әрі осы дастан-ның «Азаттық» радиосынан бір сағаттық радио қойылым ретінде берілуіне (оқығандар — Нұркәмал Пынар, Суат Шеруші) мұрындық болған да осы Қиял Сабдалин. Сол жолы дастаным үшін бірінші рет қомақты қалам ақы алдым.

1990 жылы жазда Қиял Сабдалин біздің «Азат» газетіне «Азаттық» радиосы-ның тарихы хақында, Жәкен Бапыш, Хасен Оралтай туралы топ мақала берге-ні әлі есімде. Сол жылдың шілде айында Қазақстан топырағына исі түрікке танымал бір топ мілләтшіл азаматтар мінген ұшақ келіп қонды. Олар: Хасен Оралтай, Туран Язған, Ердоған Асылүйже, Сыдыхан Ұлышай, Шабан Қараташ, т.б. азаматтар еді. Құрметті меймандарды Мұхтар Шаханов, Сәбетқазы Ақа-тай, Марат Шорманов, Жағда Бабалықұлы, Қиял Сабдалин, Хасен Қожа Ах-мет, мен және тағы басқа ұлтжанды азаматтар қарсы алдық. Мұхтар Шаханов ағамыз «Қазақстан» қонақ үйінде сол күні қонақтарға арнап кешкі ас берді.

Түркиядан келген кілең түрікшіл азаматтармен таныстығым менің өміріме де елеулі өзгерістер енгізді. Арада бір-жар жыл өткенде әйгілі «Түрік даналары» атты авторлық телебағдарламаны өмірге әкелуіме мұрындық болды. 2000 жылға дейін апта сайын беріліп тұратын жарты сағаттық бұл телехабарым эф-ирден түскен емес. Қысқасы, түрікшіл бауырлардың Алматыға келуі ірі оқиға болған еді. Не бір қызық жағдаяттарға да қарық болыппыз. Алдағы уақыттар-да ол өз алдына бір шыжығы мол «қызық» мақала болатын түрі бар…

Қызық демекші, әнеу бір жылы Қиял досым және жоғалып кетті. «Япырай, не болып қалды» демейміз бе енді. Өзіміз басқарып отырған «Таным.ТВ» сайты арқылы «Қайдасың, бауырым?» деп сұрау салып іздемеймін бе, ақыры екеу-міздің ортақ досымыз — Фәдли Әли арқылы тауып алмаймын ба, «бауырым барсың ба, тірісің бе» демеймін бе. «Өй, мен өлмеймін ғой» дейді ол да. Сас-пайды. Бәсе, мен білетін қабырғалы қаламгер Қиял Сабдалин осындай болса керек еді ғой деймін. Қазір екеуміз бұрынғыша араласып-құраласып тұрам-ыз. Бала күннен бергі досым ұрттағанын, «көгалды» қуғанын шорт доғарған. Сол шорт доғарғанның да кесірі ме екен, жүрек талмасына ұшыраған. Ақыры ота жасатқан. Абылайы әлі ана жақта…отыр. Бұл оқиға Қиял мен Дәйімханды ойсыратып кеткенін мен жақсы білемін. Бірақ, менің қолымда не тұр, «өлме, досым» дегеннен басқа!

 

Сүлеймен пайғамбардың жүзігінің астында «бұл да өтеді» деген жазу бар екен…

 

Жұмаш Кенебай Көкбөрі,

11.01.2019 жыл, жұма.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*