ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

СОПЫ АЛЛАЯР: ПЕНДЕ АҚЫЛМЕН ЖЕТЕ АЛМАС – ТЫЛСЫМЫНА АЛЛАНЫҢ

Басты ақпарат Руханият

СОПЫ АЛЛАЯР: ПЕНДЕ АҚЫЛМЕН ЖЕТЕ АЛМАС – ТЫЛСЫМЫНА АЛЛАНЫҢ

talgy_admin 11.01.2019 178 рет қаралды

Сопы Аллаяр
(1634-1723)
«Сабат ул-ғажизин» (Дәрменсіздер қуаты) кітабының кіріспесінен үзінді

Биссмилләһир-рахман-рахим!

Жер мен көктің Иесі – Хаққа арнаңыз мадақты,
Тамшы судан гауһардай пәк қып сізді жаратты.

Тіреуі жоқ көкті көр, аңда әлемнің бітімін,
Бар жаһанға көрсетті Ол өзгермейтін үкімін.

Нән балықтың үстіне орнатты да жершарын,
Осы жерден таратты ырыздығын баршаның.

Төрт мезгілді пайда ғып,
әрбірінің келбетін
Әрбір түрге енгізіп ажарлады жер бетін.

Таңғажайып тағдыр бұл!
Қандай ғажап сәттілік?! –
Күлше нандай жалғыз күн тұр ғаламды тоқ қылып.

Һай сипатты Құдірет егер бір сәт қаласа,
Хат танымас надан да кемелденер данаша.

Топырағына Сафидың* жан менен тән бергесін,
Үйретті оған бар заттың есімінің әмбесін.

Раббысы жер-көктің түссе араша – сау қылад,
Мысқал залал шектірмес – кетсе үстіңе тау құлап.

Сахараны, тауларды топан суы шайғанда, ал
Ылғал болмай аяғы сау шықты Нұқ пайғамбар.

Өртемекке Халилді* Нәмруд-кәпір жақтырды от,
Халил қадам баспастан жөнелді оттан бақ гүлдеп.

Қаһар желі Тәңірдің Ад* қауымын жоқ қылды,
Һудқа* ергеннің жүздерін сол самалға өптірді.

Балық жұтқан бір ұлық* –
Тәңір өзі сынаған,
Қырық күнде шығыпты пәк күйінде дін-аман.

Таңды түннен айырған Хақ-Тағала бұйырса,
Батыстағы – шығысқа жетер сәтте құйынша.

Қаласа Алла пендесін жеті қаттан өткізген,
Досын – қабы-қаусайын* мақамына жеткізген.

Құрыметтеп, сыйлы етсе, қолдаса Алла кімді егер –
Қызыметіне жегіліп адамзат пен жын келер.

Тақ-Сүлеймен адам мен жын жұртының қожасы,
Бір жүзікке байлаулы тұрды олардың тобасы.

Бір теңгедей сол тасты Сүлейменге енші ету –
Мұнда мақсат: Жаббардың құдыретін көрсету.

Мұса-Кәлим* қолында асатаяқ –
тілесе,
Көпір болды жолына, аждаһа боп, біресе.

Кісі бойы ағаш-тын сыдырылған қабығы,
Құдыретін танытты бір асамен Тәңірі.

Көрсеткісі келсе егер Жаратушы әмірін –
Екі дүние сыяр ед қауызына тарының.

Рухуләмин* егер де жая қалса қанатын,
Айналар ед пердеге – Жердің жүзін жабатын.

Сол періште ұшып кеп Сидрадан* демілде,
Хақ хабарын айтатын Мұхаммедтің жеңінде.

Бір құлының хақтығын танытса Алла-Тағала –
Куәлігін берер-дүр бесіктегі бала да.

Сол Шаһ Алла қадірлі қылам десе қай құлын –
Жатырса да ол зынданда, асырады айбынын.

Сүлейменге қызымет қылған сансыз құстардың
Білмес ешкім қисабын – болса да оған құштар кім?!

Бірақ һудһуд есімді титімдей құс елші еді,
Әміршіге құрыметтің жоқ еді ешбір өлшемі.

Әшекейлеп әлемді, сұлу қылды түнді Алла –
Ай да екіге бөлінер – Досы* ишарат қылғанда.

Кәлим жүзі ұяттан күймесін деп шешті Алла –
Ніл-дария астынан шаң шығарды аспанға.

Тастауға Алла кеспесе құлын егер зейнетсіз,
Қайда жүрсін –
ырзығын жеткізеді бейнетсіз?!

Мәриямға несібе жіберді Алла аспаннан,
Періштелер Мәсіхтің* тартты алдына дастархан.

Хазірет Салих* Хақ танып – болды үкімге пәруана,
Тастан шығып сол сәтте боталады аруана.

Бақытты ету қай құлын тек Жаббар-Хақ еркінде,
Ұлы құсап Халилдің* тұрар болса сертінде.

Басын тігіп, құрбанға шалынуын хош көрді ол,
Кімді көрдің сен ондай Хақ жолына шешкен бел?!

Надандықтың шарабын жұтқан пенде бір кесе,
Баспас! –
Жәннат есігін ашып: «ішке кір!» десе.

Хақтың рахмет суынан жұлдыздар шөл қандырар,
Жолдан тайған пендесін бір тамшыға зар қылар.

Қараңыздар Тәліп* пен Ләһапқа* тұл-надан –
Ұлы дария бойында еріндері құрғаған.

Қашық болса от пен су – туу менен қазадай,
Неге ендеше шығады су ішінен нажағай?!

Сол сықылды шамның да жанбағы әлгі оттан-дүр,
Ал қара су жанарға шам құсатып жаққан нұр.

Қай құдырет-сипатын еске, мейлі, алмағын,
Пенде ақылмен жете алмас –
тылсымына Алланың.

———————————————————
Сафи* – Сафиуллаһ, Адамның (ғ.с.) құрыметті есімі.
Халил* – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың құрыметті есімі.
Ад* – Алла-Тағаланың қаһарына ұшыраған қауым.
Һуд* – пайғамбар.
Ұлық* – Жүніс (ғ.с.) пайғамбарды балық жұтқаны жайлы хикая меңзеліп отыр.
Қабы-Қаусайын* – Ғаршыдағы мақам.
Кәлим* – Мұса (ғ.с.) пайғамбардың құрыметті есімі.
Рухуләмин* – Жебірейіл періштенің құрыметті есімі.
Сидра* – Әлемнің ең жоғарғы орыны.
Дос¬¬¬* – Мұхаммед (с.ғ.с).
Мәсіх* – Иса (ғ.с.) пайғамбардың құрыметті есімі.
Хазірет Салих* – пайғамбар.
Халилдің ұлы* – бұл жерде Ыбырайым пайғамбардың (ғ.с.) ұлы Ысмайыл (ғ.с.) сөз болып отыр.

Аударған: Светқали НҰРЖАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*