ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

«Ақын дауысы» Жұмаш Кенебай Біздің жақта қыс қатты ма биылғы?..

Басты ақпарат

«Ақын дауысы» Жұмаш Кенебай Біздің жақта қыс қатты ма биылғы?..

talgy_admin 11.01.2019 305 рет қаралды

 

Жол біткенді тау, тау болып қар басқан,
Дайын ба еді, бұған жұртым әу бастан?
Біздің жақта, қыс қатты ма биылғы,
Ақ боран мен сары аязы алмасқан?

Аягөз бен Ақшатаудың арасы,
Жүргізбейтін ақ боран ба, қарашы?
Қалың қар ма, Қалғұтының бауыры,
Қалың қар ма, Көксаланың даласы?

Көп жағдайда қарап қалған қолға мал,
Жолаушыны тек ықтасын қорғаған.
Қатты қыс па, биылғы қыс шынымен,
Бұл өңірде бұрын-соңды болмаған?

Қиындықтан түбі қазақ арылар,
Қыса, қыса, қыс та түбі жалығар.
Жұттың бетін ары қылшы, Тәңірім,
Онсыз да елдің азын-аулақ малы бар…

«Осы қыстан аман шықса, мал, жаны,
Жер кеңитін көктем мен жаз ар жағы…»
Дәл осындай тәтті ойларға малданған
Түзде малшы сары аяздан жаурады…

Менің үшін атамекен — бұл мекен,
Барлық ақыл, ойымменен бір ме екен?
Аягөзде, Ақшатауда — биыл қыс,
Шыныменен қатты болып тұр ма екен?..

ХХХ

Бұл не нәрсе, Ақшатауда биыл қыс,
Бұл немене, Аягөзде биыл қыс,
Бұнысы не, Семейде де биыл қыс,
Түсініксіз, Өскеменде биыл қыс,

Аязы сол, ал, қар жағы, жұтаңдау,
Қалай сонда о таңдаудан, бұ таңдау?
Қарсыз қысты, бола ма өзі қыс деуге,
Қиын боп тұр, бұл ойымды бұтарлау.

Бүгінгіге ұқсамайды кешегі,
Жұрт ішінде алуан сөздер еседі.
Ауысқандай терістік пен оңтүстік,
Қаңтарда да жаңбыр жауған деседі…

Сонда кімнің кең пейілі тарлыған?
Қалың ойлар көкіректе қабынған.
Заманы азған мына тұста сұмдық-ай,
Табиғат та жүрісінен жаңылған…

Жұмаш Кенебай,

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*