ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Руханият

ЖҮНІС ӘМІРЕ: СҮЙЕЙІК, СҮЙСІНЕЙІК, ДҮНИЕ ЕШКІМГЕ ҚАЛМАС!

talgy_admin 25.12.2018 182 рет қаралды

Жүніс Әміре (1238-1320) – Анадолыдағы түркі жырының негізін қалаушы түркі халқының мәшһүр ақыны. Қожа Ахмет Иасауи шәкірттерінің бірі Қажы Бекташтың сопылық жолындағы тариқат пірі.

Орта Анадолыдағы Ескішехир қаласының Сиврихисар ауданындағы Сарыкөй деген жерде дүниеге келген.

Өмір сүрген уақыты – моңғол шапқыншылығының әсерінен Анадолы селжұқтар мемлекетінің құлдырауы мен Осман мемлекетінің құрылуы мен күшею кезеңіне тап келеді.

Жүніс Әміре жырларының артықшылығы – сопылық әлемінің қарапайым халық үшін түсіну қиын болған ақиқаттарын халық тілінде, әркім түсіне алатындай деңгейде жазылуы. Сондықтан болар, Анадолы мен Рүмелінің, Шам мен Әзірбайжанның аралығындағы бұқара халықтан бастап, сопылар мен тариқат пірлеріне дейін жырларын жатқа айтқан.

Онымен қатар, Жүніс Әмірнің жырларында шығыстық аруз өлшемін түркі сөздерінің буынына ыңғайлап шебер меңгеру мен түркілік төл өлеңдерге тән бармақ өлшемінің дәстүр жалғастығы көрінеді. Бұл жағынан өз дәуіріндегі диуан әдебиетінің өкілдерінен ерекшелігі байқалады.

Жүніс Әміренің атақты екі шығармасы бар: мәснәуи тәрзінде жазылған «Risalet-i Nasuhiye» (Насихаттар жинағы) кітабы мен «Divan» (Жинақ) атты жырлар кітабы. Өмірінің бір кезеңі теккеде (зікірханада), ал бір бөлігін дәруіш боп ел кезген ақынның жырларының тақырыбы – Аллаһқа деген ирфани махаббат болды.

Жаратылыстағы әрбір зерреден Аллаһтың бар екенін және бір екенін оқытқан Ислам ғұламасы Бәдиүззаман Саид Нұрси, өзінің бір шығармасында Жүніс Әміре жайлы былай дейді: «Бір шыбынның қанаты және оның жаратылуы Аллаһтың Раббани өнері екенін өте нәзік бір ишаратпен білдірген атақты Жүніс Әміренің мына пікірі қандай керемет: Бір шыбынның қанатын қырық арбаға жүктедім, қырық арба да көтере алмады, солай қалды жазулы…». Шынында да, қандай заманауи технология болмасын шыбынның бір қанатына жете алмайтыны ишарат етілген Құран Кәрімдегі Хадж сүресіннің 73-аятының бір мағынасын қамтыған қандай керемет пікір!

Жүніс Әміренің бірнеше өлеңінің қазақша аудармасын ұсынамыз:

ШАҚЫРАЙЫН, МӘУЛӘМ, СЕНІ!

Таулар менен, тастар менен,
Шақырайын, Мәуләм, Сені!
Таң сәріде құстар менен,
Шақырайын, Мәуләм, Сені!

Су түбінде балық пенен,
Ен далада елік пенен,
Дәруіш боп, «Аллаһ!» пенен
Шақырайын, Мәуләм, Сені!

Көк аспанда Иса менен,
Тұр тауында Мұса менен,
Қолындағы аса менен
Шақырайын, Мәуләм, Сені!

Дерт сынаған Айуб пенен,
Көп жылаған Якуб пенен,
Ең сүйікті — Мұхаммедпен
Шақырайын, Мәуләм, Сені!

Білуші ем дүние баянын,
Тәрк еттім өсек — аянын,
Бас ашық, жалаң аяғым,
Шақырайын, Мәуләм, Сені!

Жүніс оқиды тілі менен,
Боз бұлбұлдың үні менен,
Хақтың құрбан құлы менен
Шақырайын, Мәуләм, Сені!


СӘЛЕМ БОЛСЫН!

Бұ дүниеден кетем, сірә…
Қалғандарға сәлем болсын!
Біздер үшін қайыр дұға
Қылғандарға сәлем болсын!

Дұға оқылар басымызда,
Біз кетеміз досымызға,
Намаз үшін қасымызда
Тұрғандарға сәлем болсын!

Ажал бүгіп белімізді
Сөйлетпеді тілімізді,
Ауырғанда хәлімізді
Сұрағандарға сәлем болсын!

Ажалы келгендер кетер,
Өмірден мәңгіге өтер,
Хәлімізді сұраса көп ел,
Сұрағандарға сәлем болсын!

Тәнім ортада көсілер,
Жағасыз көйлек пішілер,
Өлім де елге естілер,
Сабыр еткенге сәлем болсын!

Дәруіш Жүніс сөйлер сөзді,
Жас толтырар екі көзді,
Білмеген түсінбес бізді,
Білгендерге сәлем болсын!


СҮЙЕЙІК, СҮЙСІНЕЙІК

Бар әлем Хаққа толы,
Ешкім де білмейді оны.
Сен оны өзіңнен ізде,
Ол сенен өзгеде болмас.

Рызық менікі – дегенің.
Дүние ма сенерің?
Неге өтірік сөйлейсің?!
Сенің айтқаның болмас.

Дүниеден бәрі көшер,
Әр адам шербетін ішер.
Бұл бір көпір ғой, өтер,
Надандар оны білмес.

Келіңіз, таныс болайық,
Істі оңай қылайық.
Сүйейік, сүйсінейік,
Дүние ешкімге қалмас.

Жүніс сөзін ұққан болсаң,
Кеңесіне құлақ салсаң.
Саған басқа Әлем керек,
Ешкім бұл жерде қалмас.

Мәтінді әзірлеп, өлеңдерді аударған:

Олжас САРЖАЕВ, 
ҚазҰПУ, Түркітану мамандығының
2-курс магистранты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*