ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Журфакты жабу керек пе?

Талқы алаңы

Журфакты жабу керек пе?

talgy_admin 23.12.2018 43 рет қаралды

Қоғам келбетінің айнасы саналатын журналистика түгілі, журналист мамандардарды даярлау саласы да ақсап жатқаны шындық. Деректерге сүйенсек, елімізде бұл мамандыққа баулитын 29 кафедра бар көрінеді. «Көп ұстадан не пайда, бұйымы бүтін болмаса?!», — деген сөз  жыл сайын осы оқу орындарынан түлеп ұшып жатқан журналист мамандарға қарап айтылған сыңайлы.  Түлектері төртінші билік дәрежесіне жете алмай отырған саланы оқытудағы олқылықтарды сарапқа салуды жөн көрдік.

Кез келген саланы меңгеру үшін сол бағыт туралы түсінігің болуы, одан кейін аталған сала бойынша  ізденіс керек. Алайда, қазіргі қоғамда: «журналист мамандарды даярлаудың қажетілігі аз, төрт жыл жоғарғы оқуды бұл мамандыққа арнағанша, басқа салаға маманданған дұрыс. Ал, журналистиканы бірнеше айдан тұратын курстарға барып-ақ игеріп кетуге болады» деген жансақ пікір қалыптасқан.  Осындай жалған түсінік әсерінен арнайы білімі жоқ басқа сала өкілдері мен өнер адамдары да журналистиканы танымалдылық көзіне айналдырып үлгерді.

Бүгінде, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген қағиданың біздің телевизияға қатысы жоқ. Ал, жазба журналистика телеарна секілді бейкәсібилікті көтермейді. Әр саладан хабары бар білімді адам ғана, қаламы қарышты маман болмақ. Осыны ескерек келе, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Журналистиканы 4 жыл оқытудың қажеті жоқ дейтіндермен келісетін шығармын. Меніңше, ең бірінші кезекте өзің жазатын саланың маманы болуға тиіссің» деген пікірді  алға тартқан болатын. Министр бұл пікір арқылы маңызды салаға маманданып, журналистиканы меңгерме дегенді емес , журналистерге керекті саланы оқытқан дұрыс дегенді меңзесе керек.

Сонда  журналист қандай саланы меңгеруі тиіс? Біріншіден, журналистке қажетсіз сала болмайды, тек маман даярлауда басы артық пән ғана болуы мүмкін. Олай дейтініміз, журналистика факультетіндегі  алғашқы курс журналистикаға кіріспеден басталса, екінші жылдан бастап элективті пәндер қатарға енеді. Атап айтқанда, «Қазіргі заманғы жаратылыстану концепциясы», «Сөз мәдениеті», «Психология», «Қазақстан құқығы», «Құқық негіздері», «Саясаттану», «Әлеуметтану», «Инновациялық кәсіпкерлік» деген сияқты ауылы өз саламыздан алшақ жатқан кәсіптердің басын шалып бір семестр оқып шығамыз. Өкініштісі, жан-жақты маман дайындаймыз деп жанталасқан жүйе студенттердің жан айқайын ескермейді. Аталған пәндердің ішінде құқық саласына ден қою басқа салаларды тиіп-қашып оқытқаннан әлдеқайда өнімдірек болмақ. «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының өкілі, белгілі журналист, заңгер Ғалия Әженованың:  «Журналистерді құқықтық тұрғыда мамандандыру бүгінгі таңда ауадай қажет. Журналистер кез келген мәселеде өз құқығын қорғай білуі керек.Осы тұрғыда, оқу орындарының студенттерге ел заңдарын оқыта бастауы аса өзекті» деген пікірмен келіспеске болмайды. Бірақ, басқа салалардың бәрін қамтимыз деп тыраштанған сайын қажетсіз пәндердің қатары артып бара жатқандай. «Қоғаммен байланыс»  мамандарын даярлауда «Рухани жаңғыру» атты пәннің қосылуы да  осы олқылықтың жарқын мысалы деуге негіз бар. Мәселе пәндердің көптігінде ғана емес, жалпы жүйесіздікте болып отыр.

«Әр саланы әспеттегенше, журналистиканың өз салаларын тереңірек меңгерткенін қалаймын, басқа пәннің толассыз тапсырмасын орындап жүргенде, практикаға мүлде уақыт қалмайды. Бәрібір 15 аптада қамтып үлгермейтін салаларды оқығанша, шет тілдерін меңгеріп, әлемдік медиакеңістікке ұмтылғанымыз жақсы ма деп қаласың… Біз уақыттан ұтылғымыз келмейді!» дейді журналистика факультетінің 2-курс студенті Қарағұлова Ақшағала. Бұл тек бір студенттің емес көп жастың тілегімен  үндес пікірге айналып отыр.

Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдары бетінде журналистика факультетінде оқыту мерзімін қысқарту немесе мүлде жабу төңірегінде тартыс күшейді. Бұл тұрғыда сарапшы маманның пікіріне жүгінсек, «Қазақстан» телеарнасының шеф-редакторы, сарапшы Қайрат Мұсақұлов: «Журфакты  жабу немесе жаппау деген мәселені қозғағанша, журналистерге нені оқыту керек деген сұраққа жауап іздеген жөн. Оған қоса, оқыту жүйесі үнемі жаңартылып, заманға сай бола түскені дұрыс. Себебі бұл бір орында тұратын сала емес» дейді.

Онсыз да мәселесі көп отандық БАҚ-ты кім көрінгенге табыстау орынсыз болар еді. Ал, журналист кадрларды дайындау уақытын екі жылға қысқарту, оқыту жүйесін реттейтін оңтайлы шешім болмақ. 18 жасында мектеп бітірген түлек 20 жасында кәсіби маман атанып шыға келмес үшін, дуальды білім беру жүйесін енгізген дұрыс.  Дуальды білім беру деген сөз – теория мен практиканы ұштастыру арқылы тереңдетіп оқыту әдісі. Шын мәнінде, практиканы көбірек қажет ететін журналистикада тәжірибе беру көмескі күйде. Сондықтан,  осы факультеттің студенті ретінде, қазіргіден сәл өзгеше мынандай оқыту әдісі тиімді болатынына сенімдіміз;

— Журфакқа түскен студент бірінші курстың алғашқы семестрінде журналистика туралы түсінік беретін пәндерді оқып, кейіннен БАҚ салалары туралы тереңірек танығаны абзал.

— Екінші курс-студенттің  бағыт таңдап, телевидение, радио немесе баспасөз және электронды журналистикаға ден қойып базалық білімін толықтыруына арналады.

-Тек осыдан кейін ғана белгілі бір қоғам саласын зерттеп, қажет болған жағдайда басқа факультеттердің сабақтарына қатысып, салалық журналистиканы дамытуға тағы бір жыл қосылды делік. Студент негізгі екі жылды тәмамдаған соң, қалған екі жылын шет елде жалғастыруына жағдай жасалса, жастардың мүмкіндігі кеңейер еді.

— Осы сатылардан өткен студент төртінші курста өзін практикалық жағынан сынап, дипломы мен журналист екенін растайтын куәлікке ие болатындай жүйе керек.

Бұндай жүйенің артықшылығы әлемдік стандартқа сай 4 жылда маман дайындайды.  Әрі басқа саланың мамандарын БАҚ-тан ығыстыруға мүмкіндік береді. Екі жыл коммуникацияның теориялары мен  журналистиканы тереңдетіп оқытуға, қалған екі жыл бір салаға бағыттау мен практикаға арналады. Осылайша, әмбебап маман әзірлейміз деп әбігерге түспей-ақ, бір саланы сараптамалық деңгейге көтеретін білгір журналистер қатары артушы еді. Бұл ұсыныс арқылы Қазақстандағы белгілі журналистер қауымын қаралап немесе оқу орындарына күйе жаққымыз келмейді. Алайда, бір ғана факультеттен түлеген жүзден астам студенттен тек он шақтысы журналистика саласында қалуы қынжылтпай қоймайды. Қорыта келе, журналистика – курсқа барып меңгере салатын көрінгеннің қолшоқпары емес. Маман даярлаудың оңай жолын қарастырғанша, бұл саланы ғылым ретінде дамыту мен сапалы білім беру жолында жұмылсақ журналистиканы «депрессиядан»  құтқарып қалатынымыз хақ.

Айым Махаева

Abai.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*