ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Экономика

Қазақстанда ең тиімді ипотека халықтың 15%-ына ғана қолжетімді – зерттеу

talgy_admin 23.12.2018 61 рет қаралды

Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар Қазақстан азаматтарының бәріне бірдей қолжетімді емес, деп қорытынды жасады FinProm.kz порталына сілтеме жасап sputniknews.kz.

Бірнеше жыл бойы мемлекет қазақстандықтардың баспана алуына жағдай жасап келеді. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі мен арнайы қор арқылы кепілдендірілген тұрғын үй құрылысы жүйесі енгізілді, «Нұрлы жер», «7-20-25» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Көптеген бағдарламалар бір-бірін толықтырып, баспана нарығына жағымды әсерін тигізуде.

«Алайда ең арзан әрі тиімді ипотекалық шарттардың өзі қазақстандықтардың бәріне қолжетімді емес. Мысалы, статистика бойынша комитеттің қарашадағы деректеріне сүйенсек, Қазақстан бойынша баспананың шаршы метрі орташа есеппен 265,7 мың теңге тұрады. Тиісінше, қарапайым бір бөлмелі пәтер бағасы (35,5 шаршы метр) ҚР бойынша 9,4 миллион теңге», — делінген зерттеу нәтижелерінде.

Ең төменгі бастапқы жарна 20% (жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының шарттары – 300 ай) 1,9 миллион теңге болады, қарыз сомасы (баспана құнының 80%-ы) – 7,5 миллион теңге. Осындай қарыз бойынша ай сайынғы төлем 7% жеңілдік мөлшерлемесін есептегенде 53,3 мың теңге болмақ.

«Бір қарасаңыз, бұл онша көп сома емес сияқты. Екінші жағынан қазақстандық банктер әдетте қарыз сомасы кірістің 50%-ынан, тіпті кейде 30%-ынан аспауы керек деген талап қояды», — деп атап өтті сарапшылар.

Демек, банктің талабы қатал болған жағдайда, осындай пәтерді несиеге алған қазақстандықтың жалақысы 177,8 мың теңгеден кем болмауы тиіс, ал жеңіл талаптарға сәйкес – кем дегенде 106,7 мың теңге.

Осы шарттардың бәрі жұмысы бар, асырауында адам немесе басқа несиесі жоқ азаматтарға қатысты. Егер асырауында адам болса, кей банктер одан да жоғары кірісті талап етуі мүмкін. Сонымен бірге төлем қабілетін тексергенде басқа қарыздарының ай сайынғы сомасы кірісінен алынып тасталады.

Сонда ең қолайлы жағдайда (қарыз көлемі – кірістің 50%-ынан аспау керек) қарапайым бір бөлмелі пәтерді жұмыс істейтін қазақстандықтардың 42,5%-ы ғана ипотекамен ала алады. Ал банк шарттары қатал болса (қарыз көлемі – кірістің 30%-ынан аспауы тиіс), тиімді ипотека жұмыс істейтін қазақстандықтардың 22,5%-ына ғана қолжетімді болады, ал егер борышқордың кәмелеттік жасқа толмаған балалары немесе асырауында басқа адамдар мен мойынында басқа несиелері болса, бұл көрсеткіш одан да төмендей түседі. Банктер үшін міндетті шарт ретінде азаматтың тұрақты зейнетақы аударымдары мен жақсы несие тарихы болуы тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, статистика комитеті дерегі бойынша, жалдамалы жұмыс істейтін қазақстандықтардың 49,3%-ы 105 мың теңгеден аз жалақы алады, тағы 8,2% — 105 мың мен 120 мың теңге арасында. Елімізде жалдамалы жұмысшылардың 77,5%-ы 180 мың теңгеден аз жалақы алады.

Оның үстіне, 18 миллионнан асатын қазақстандықтардың 9,2 миллионы ғана еңбекке жарамды, олардың ішінде 8,7 миллионы ғана жұмыс істейді, 440 мыңнан астамы – жұмыссыз. Еңбек ететіндер қатарында 6,6 миллион адам жалдамалы жұмыс істейді (халықтың 36,1%-ы), тағы 2,1 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер.

qazaquni.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*