ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Руханият

ҚАЗҰУ – ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК ОҚУ ОРДАЛАРЫНЫҢ БІРІ

talgy_admin 02.12.2018 16 рет қаралды

Әлемдік бірегей оқу орындары – Батыста «Оксфорд» пен «Кембрижд», Шығыс-мұсылман әлемінде «әл-Азһар» – бәрі де адамзат баласын озық ойлы, көзі ашық, білімді болуға үндеп, жарқын өмірге жетелеп келеді. Қазақтың да бұл үдерістен көз жазып, қазыналы кеніштен кенде қалуға ешбір хақы жоқ. Қазіргі тыныш өмірде, «өз қолы өз аузына жетіп» отырған бейбіт заманда қазақ баласының өзгемен тең тұрып сөйлесуге толық құқылы. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені, біздің елде әлемдік білім беру стандарттарына сай, мол тәжірибелі, «әлемнің екінші ұстазының» есімі берілген – Қазақ Ұлттық Университеті бар.  

Иә, Қазақстанның білім беру тарихы мен ғылым жолының терең қатпарларында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алар орны ерекше. Сонау ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бірегей білім ордасы атанған ҚазҰУ – қазақтың қарашаңырағы, бетке ұстар темірқазығы іспетті. Олай дейтін себебіміз, бұл оқу орнынан, осы уақытқа дейін, небір дарынды тұлғалар мен елі мен жері үшін аянбай тер төгіп қызмет еткен азаматтар түлеп ұшқан. Олар қазақ руханияты мен мәдениетіне, өнері мен ғылымына өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі таңда да ҚазҰУ-дың мемлекеттік һәм әлемдік деңгейде мерейі үстем, абыройы асқақ. Оған жақын арадағы жеткен жетістіктеріміз бен жеңістеріміз айқын дәлел.

ҚазҰУ-дың ректоры Ғалым Мұтановтың «ҚазҰУ әлемнің жетекші ЖОО-лардың қатарына енуді көздеуде. Мұндай университеттер өз елінің, сондай-ақ бүкіл аймақтардың дамуын айқындап, жетекші экономикалардың негізгі салалары мен бағыттарын мамандармен қамтамасыз етеді», – дегеніндей, аталмыш оқу орнының негізгі мақсаты – білімді де білікті, сапалы, әлемдік бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Сол арқылы елдің мәдени өмірін жақсарту, әлеуеттік салтын түзеу және қазақ қоғамының әржақты даму тенденциясын қалыптастыру. Әрине, бұл мақсаттарға жетудің ілкі қадамдары жасалып та жатыр. Атап айтқанда, ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытымен мақсатты түрде келе жатқан бірегей оқу орны. Мәселен, биыл ғана университетіміз QS халықаралық рейтингісінде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Аталған топқа ТМД елдерінен ҚазҰУ мен Ломоносов атындағы ММУ ғана кіріп отыр. Бұл – үлкен көрсеткіш һәм зор мақтаныш. Сондай-ақ, университетіміздің оқу бағдарламаларының 90%-ы халықаралық аккретациялық агенттіктердің аккредитациясынан сәтті өтіп, бірнеше рет оқу бағдарламалары «EUR-ACE® Label» еуропалық сапа белгісін алды.

Сонымен қатар, қолдағы сенімді дереккөздеріне сүйенсек, Британдық «Times Higher Education» (THE) агенттігінің зерттеу нәтижелері бойынша ҚазҰУ «THE World University Rankings – 2019» әлемнің үздік ЖОО-лары 801-1000 тобына енген Орталық Азия университеттерінің арасындағы жалғыз оқу орны. Бұл рейтинг тізімінде 86 елден барлығы 1250 университет қана бар. Ал, «Қазақстан-2050-Инновация және академиялық артықшылық бойынша Ұлттық рейтингісінің» көпсалалы университет санаты бойынша – 1 орынға тұрақтаған.

Университет Халықаралық QS (Quacquarelli Symonds) рейтингісінде де Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы 20 үздік университеттер қатарына еніп, «SCOPUS AWARD – 2018» сыйлығына ие болды.

Ұлттық университет биыл «Scopus» халықаралық дерекқорына кіретін жоғары рейтингілік журналдарда жарияланған мақалалар саны бойынша Қазақстанда көшбасшылық етуде. Сондай-ақ, соңғы 5 жылда «Web of Science» халықаралық дерекқорында индекстелетін нөлдік импакт-фактордан жоғары рейтингілік журналдарда жарияланған мақалалар саны бойынша да Қазақстанның ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының арасында бірінші орынды иеленді.

Байқасаңыз, мұның бәрі де Ұлттық университеттің әлемдік деңгейдегі оқыту жүйесі қалыптасып мойындалған беделді оқу орны екенін білдіреді. Әрі бұл әрбір қазақстандықтың үмітіне үміт сыйлайтын, оқу-білімге деген ынта-ықыласын оятатын ерекше күш десе болғандай. Тоқ етері, әлемдегі үздік оқу ордамыз әлі де дамудың даңғыл жолында талай белестерді бағындырып, небір асулардан асады деп сенеміз.

 

Н.К. Токсанбаева,

Психология ғылымдарының докторы,

профессор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*