ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Жұмаш Кенебай Көкбөрі «ҒАШЫҚ ЖҮРЕК» ДАСТАНЫ

Басты ақпарат

Жұмаш Кенебай Көкбөрі «ҒАШЫҚ ЖҮРЕК» ДАСТАНЫ

talgy_admin 21.10.2018 274 рет қаралды

 

 

  1. Кіріспе

 

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын.

 

Сексен көл Көкшетаудың саясында.

Әрқайсы алтын кесе аясында,

Ауасы дертке дауа, жұпар иісі―

Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?

Ырғалған көкке бойлап қарағайы,

Қасында көк желекті  аппақ  қайың.

Жібектей желмен шарпып төңіректі

Балқытып мыс қылады иіс майы».

 

Бұл үзінді  Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Көкшетау» дастанынан алынса, ал, мына үзінді Мағжан Жұмабайдың «Батыр Баян»» дастанынан :

 

«Сарыарқа – сары дария, қиыры жоқ,

Кез болсын, қандай қыран, талады да,

Ішінде сары дария көз тоқтатар,

Көкшетау – Сарыарқаның аралы да.

 

Көкшеде күні кеше қойдай өрген

Түрлі аң: бөрі, бұғы, маралы да.

Айрылып асау, ерке аңдарынан

Көкшенің тас жүрегі жаралы да!

 

немесе

 

Бауырында Бурабайдың қалың ағаш

Көкшенің жалыменен біткен жалғас.

Арудың ақпен өрген тұлымындай

Қарағай, қызыл қайын, тал аралас».

 

Қазақтың екі ұлы ақыны: Мағжан Жұмабай мен Сәкен Сейфуллиннің қасиетті Көкшетау туралы тебіреністерін оқымаған қазақ аз шығар.

Осы таяуда ғана Қазақстан Жазушылар одағының «Әдеби белдеу» жобасы бойынша Ақмола облысы жөнінде көркем шығарма жазу үшін әріптестерім: жазушы Нұрдәулет Ақыш пен жазушы Айгүл Кемелбаевамен бірге осы өңірге іссапармен барып келдім. Көп нәрсені көзбен көріп, көкірекпен сезініп, ару Алматыма ерекше бір көңіл күймен қайтқаным рас еді.

Біздер болған Көкшетау қаласы, Бурабай өңірі, әйгілі Оқжетпес, Сандықтас, Көкшетау баурайындағы «Сексен көл»(меніңше ондағы көлдер саны бұдан әлденеше есе көп сияқты), сыңсыған қарағайы мен  ақ балтырлы ерке аққайыңдары, т.б. алуан түрлі тал-теректері, өсімдіктері сыңсыған бұл өңір шын мәнінде де сұлулықтың  Тәңірісі іспетті ғажап екен.

Көкшетау, Біржан сал, Зеренді, Атбасар, т.б. аудан орталықтары негізінен қалың орман мен теңіздей толқыған көкшіл көлдерге, үлкенді-кішілі өзендерге бай екендігі айтпаса да түсінікті ғой деймін. Бұл өңірлерде тұрып жатқан ел адамдары, кешегі заманнан өлшеусіз сыр шертетін бай тарихы, қазақ тарихына өлшеусіз үлес қосқан кешегі ұлы тұлғалары мен бүгінгі ер көңілді, қонақжай жандары туралы ақын ретінде қалай жырға қоссаң да таусылмас мол қазынадай көрінді маған.

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп, Сәкен ақын жырға қосқандай менің де көкірегіме жыр құстары байқатпай ұя сала бастағандай болды. Менің басыма келген сол алғашқы жыр жолдары мынадай еді:

 

ҒАШЫҚ ЖҮРЕК

(дастан)

 

Кіріспе орнына

 

 

Жыр сұлу маған қолын бұлғағандай,

Жүрегім атой салып тулағандай.

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы»,-

Деп кеше Сәкен ақын жырлағандай.

 

Аспаннан көшіп жатқан бұлт көрдім де,

Бір сезім бір көрініп жылт бердің бе?

Керемет сезімдерді бастан кешіп,

Шабыттың айдынына күмп бердім бе?

 

Кім сезер отты сезім «бұл қалайын?..»

Атойлап дейді жүрек: «бір қарайын?..»

Көрдім де естен тана ынтық болдым,

Көкшенің ғажап  сұлу Бурабайын.

 

Дегендей күш сынайын, бақ сынайын,

Төзімді жыр додаға тапсырайын.

«Оқжетпес», «Жұмбақтасты» талай ақын,

Жырлаған, мен де бүгін Бақ сынайын.

 

Көңілім сұлулыққа тола ма екен,

Армандар – жүзеге асар бола ма екен?

Тоғайы көк теңіздей толқып жатқан,

Лүпілдеп қайран жүрек соға ма екен?

 

Бұл сәтте бір күйемін, бір жанамын,

Көлдегі қоғадайын ырғаламын.

Мағжан мен ер Сәкеннен тәлім алған

Ежелден құмар пенде ем жырға жаным.

 

Көкшетау – шыныменен ғажап екен,

Сұлулық Тәңірісі таза мекен.

Аруды көзді арбаған көріп тұрып,

Құшпаған сол сұлуды азап екен?

 

Өткен күн – бүгін үшін бұлдыр екен,

Сезімсіз бейшаралар тұлдыр екен.

Арудың ай жүзіне қарай беріп,

Сөз таппай тіл байланып, дір-дір етем.

 

Бұл жақта, ер көңілді батыр өскен,

Бұл жақта, от жүректі ақын өскен.

Дүрсілдеп қайран жүрек осы сәтте

Айырған сияқты ма, ақыл-естен.

 

От сезім үсті-үстіне молықты ма?

Не ғажап сезімдермен толықты ма?

Жүрегім, неге сонша күйіп, жандың,

Аруың көптен күткен жолықты ма?..

 

Жарлықтай, мына сезім пәрмені жоқ,

Пендедей, көзден ғайып, дәурені жоқ.

Ләйлісін қаншама жыл күтіп жүрген,

Мәжнүндей мен бір жанмын дәрмені жоқ…

 

(Жалғасы бар)

 

Жұмаш Кенебай Көкбөрі,

21.10.2018 жыл.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*