ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Сахара руханиятының сардары(марқұм ғұлама ғалым Р. Нұрғали туралы ой-толғау)

Басты ақпарат

Сахара руханиятының сардары(марқұм ғұлама ғалым Р. Нұрғали туралы ой-толғау)

talgy_admin 11.10.2018 68 рет қаралды

 

Бүгін Астана шаһарындағы Абылай хан даңғылы 6/5-үйдің қабырғасына

аса көрнекті әдебиетші, академик, алаш арыстарын алғаш зерттеген

оқымысты Рымғали Нұрғалиға ескерткіш тақта орнатылды. Оған қала әкімдігінен

шенеуніктер, ғалымның өзі қызмет жасаған Еуразия ұлттық университетінен

оқытушылар мен шәкірттері, зиялы қауым өкілдері, жұбайы Хадиша,

ұлы Елдос, қызы Рәбиға қатысты.

 

Сол күні ару Алматы мен асқақ Алатауды қалың тұман басып еді. Иә, сол ақпан күні, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мэтрі, академик Рымғали Нұрғалиды жер қойнына тапсырған кезде…

Менің Рымғали ағаны білгеніме 40 жылдан асыпты. 1975 жылдың 30 сәуірінде курстас досым, қазір Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың Алматыда үйлену тойы болды. Қалыңдықтың есімі Дәлила, қазақ көркемөнерінің хас шебері, майталман әнші, әннің Абайы (Жәнібеков Кәрменовтың бағалауы) Жүсіпбек Елебековтің жақын қарындасы. Мен – күйеу жолдаспын. Осы жылдың күзінде Асқарбек те менің үйлену тойымда күйеу-серік болды. Асқарбек пен Дәлиланың тойы сол кездегі ең айтулы мейрамханалардың бірі – «Алматы» сауықжайында өтті. Тойға Асқарбектің жерлес ағасы ретінде Рымғали Нұрғалиев келді (екеуі де Семейдің Абралы ауданындағы «Қайнар» ауылынан), Жүсекең бәйбішесі Хабиба апаймен қатысты. Қайран жезтаңдай әнші екі жасқа баталық сөзін арнап, сол кеште екі ән салды. Біреуі – Мәдидің атақты «Қарқаралысы» еді.

Рекең алғашқылардың бірі болып жастарға ізгі тілек айтып тост көтерді. Сонда ол 35-ақ жаста екен-ау, ал 27 жасында докторлығын қорғаған. Мұны мен Асқарбектен естігем. Біздің қазекең етектен тартуда алдына жан салмайды ғой, жас ғалым осы мезетке докторлығын екінші рет қорғапты. Асқарбек те  сол кезде ғылымның бірінші баспалдағына табан тіреп, жоғары өрмелеп келе жатты. Рымғали ағасы бұл тұста ғылымның жайдақ жол емес, ұңғыл-шұңғылы, бұлтарыс-қалтарыстары мол екенін баян етті.

Ал, ғалымның сыншылығын, публицистикалық қарымын күнделікті баспасөзден, кітаптарынан оқып-таныса зерделеп жүрдік.

80-ші жылдары мен энергетика саласынан, ғылымнан түгелдей шығармашылық жолға түсе бастадым. 1985 жылдың көктем айларының бірінде айтулы ғалым, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушіісі, профессор Тұрсынбек Кәкішевпен жолығайын деп ҚазМУ-ге бардым. Жолығатын себебім – Сәкен Сейфуллиннің белгілі «Бандыны қуған Хамит»  атты повесіндегі Хамиттің кім екендігін баяндайтын дүнием еді, соны көрнекті сәкентанушы, ұлағатты ұстазға көрсетейін деген ниет. Өйткені Энергетика институтында (қазір академик Ш. Шөкин атындағы) бізбен бірге Хамиттің жақын інілерінің бірі, қарт ғалым, соғыс ардагері Қуат Мырзакеев жұмыс істеді. Әңгімені сол кісінің аузынан жазып алғам. Шындығында, Хамит Токин (әкесінің аты Тоқа) Жаңаарқа өңірінде милиция бастығы болған, өзінің ата-бабалары Сәкеннің арғы аталарымен туысады екен. Қуат ақсақал қосымша ретінде Сәкен аға мен Хамиттің бірге түскен суретін берді. Тұрсекең қолжазбамды оқып шығып, басуға болады деп қолын қойды (кейін «Білім және еңбек» журналына шықты), бірақ суреттің түпнұсқалығына дүдамалмын деді. Осы сәтте кафедраға Рымғали Нұрғалиев кіріп келді. Жүріс-тұрысы ширақ, қимылы шалт па деп қалдым. Тілі де өткір, тіліп түсетіндей. Суретті көрді де Рекең:

— Бұл коллаж, бірінің суретін біріне жапсыра салған, — деді. Әрине, мүмкін Хамиттің туыстары ұлы адаммен бірге болған деген желеумен пендәуи тірлікке барған да шығар.

Келесі 1986 жылы Рымғали ағаның екі кітабы – «Телағыс» пен «Арна» шықты. Біреуі әңгімелер мен хикаяттар жинағы, екіншісі – тұтастай драматургияға арналған. Ал, жазғытұры Қазақ энциклопедиясы редакциясының бас редакторы Манаш Қозыбаев Ғылым академиясының Тарих институына директор болып кетті де, орнына Рекең келді. Мен оған бір жағы сәлемдесіп құттықтайын, екінші жағынан редакцияға жұмысқа орналасайын деген пиғылмен манағы қос кітабын, өлеңдеріме алғаш баға берген абыз ақын Әбділда Тәжібаевтың қарлығаш-хатымен, ғылым докторы Бақытжан Майтановтың жылы лебізімен, баспасөзге, жинақтарға шыққан дүниелеріммен жеттім ғой. Кітаптарына арабша қолтаңба жазды. Мен оқуға тыйым салынған Мағжанның «Батыр Баян» поэмасынан үзінділерді жатқа айттым:

«Қарағай қайыңымен бек аралас,

Бұл күні әттеген-ай тұр жалаңаш…» (кезінде қандай едік –Күндей күркіреген ғұндей едік, енді, міне селдіреп қалдық дегенді меңзейтін). Сөйткенде Рымғали аға Мағжанның толып жатқан өлеңдерін, Ақаң мен Жақаңның шығармаларын жатқа оқыды. Ұялып қалдым. Несін айтасыз, олардың жауһар шығармаларымен 1988 жылдан бері толықтай таныса бастадық қой. Содан өзінің бірінші орынбасары Ахмет Мусиновты шақырып алып:

— Мына жігітті редакцияға алайық, өзі инженер болса да жазуар екен, Ілияс, Олжас, Софы ағаларының жолын қуған ғой. Туған-өскен жері де Талдықорған, Алматы өңірі (ол кезде басшылар жерлесін алды деген сөзден қашатын), қалай қарайсыз? – деді.

Сөйтсем, ол кісі жұмысқа кілең ақын-жазушыларды жұмысқа ала бастапты. Алашқа танылған Кәдірбек Сегізбаев, Таңатқан Рсаев,  Қуанышбай Құрманғалиев, Төлеген Мұқаев…Бұрыннан жазушы, алғыр аудармашы Иген Хасенов, театртанушы, еңбектің торысы Көбетай Нұрпейісов, өте білімді де алымды, қазақша-орысшаға бірдей шешен, журналист Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс істейді екен. Осы лекке біз – Ермек Аманшаев (қазір «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры), Әділхан Пірманов (бүгінде «Атамұра» баспасының бас редакторы), Амантай Құдабаев (бұл күндері С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі), т.б. келіп қосылдық. Ермек екеумізді Рекең Көбетайдың өнер редакциясына белгіледі. Мен сәулет өнеріне, Ермек театр мен киноға ғылыми редактор ретінде жауапты болатын болдық.  Сол тұста 4 томдық қысқаша Қазақ энциклопедиясын, «Негеш», «Шаңырақ» энциклопедияларын дайындадық, «Абай» энциклопедиясына енді кірісе бастадық.

Cөйтіп Рымғали аға маңайына өнер-білім, ілім-ғылым қуған жастарды топтастырды, баулыды, қадағалады, жөн-жосықсыз қудалаудан сақтады, принципшіл болды. Сол жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде 18-і күні ҚП ОК сектор меңгерушісі, кейін марқұм болған Ризабек Әдуов осының алдыңғы түнгі Ақ үйдегі мәжілісте З. Камалиденов қолданған  «махровый национализм» терминін біздің редакцияға келіп, жиналыс ашып қайталады.  Сонда Рекең келемеждегендей, «махровый» деген не, ұғындыршы деді. Әлгі бейшара ұғындыра алмады. Әрине, сол уақыттағы режимнің қолшоқпары, пенде ретінде, өзі де білікті қаламгер Ризабекті түсінуге болатын еді. Бірде редакцияға ҚП ОК бұрынғы бірінші хатшысының көмекшісі, Қазақстан мен Ресейдің 1731 жылы «ерікті түрде қосылғанын» жалаулата «Петербург елшісі» повесін жазған  В. Владимиров келді. Ол 1979 жылдың мамырында «Ленинская смена» газетінде аяулы академик, білімдар ұстаз, жазушы-аудармашы Ебіней Бөкетовті қаралау мақсатында Рощин деген заңгердің қолымен «Хлестаковшылдық» атты мақаланы ұйымдастырған-тұғын. Мақала түкке тұрмайды, қисыны жоқ, қарадүрсін еді. Әйтеуір жаптым жала, жақтым күйенің кері. Соңыра әлгі орыс жазушысымағымыз ертоқымынан айрылған жайдақ аттай лауазымынан босап жұмыссыз қалады ғой.  Енді, міне, Рымғали Нұрғалиевтың қабылханасында сүмірейіп тұрды. Рекең әпербақан жалақорды қабылдамай қойды.

Ұлағатты ұстаз ретінде Рымғали аға редакциядағы жігіттерді балапандардың қанаттарын қатайтқандай тәрбиелеп, біртіндеп ұядан ұшыра бастады. Тезірек кеткендерге реніш те білдірді. 1988 жылғы көктемде мені «Білім және еңбек» журналының редакциясы ғылым және техника бөлімінің меңгерушісі орнына шақырды. Алдында Ермек Аманшаев «Жалын» журналына-Мұхтар Шахановқа «ұзатылған» болатын. Сол мезетте Рекең өзінің орынбасарларын, редакция меңгерушілерін шақырып алып,  сәл күйініңкіреп:

— Мен кадрларды қасықтап жинаймын, ал сендер шөміштеп шашасыңдар, — депті.

Қазақ энциклопедиясы редакциясын Рымғали аға аттай 12 жыл-бір мүшел басқарыпты. Рекеңнің алаш аяулыларын ардақтап, олардың жазған дүниелерін шығарудағы еңбегі өлшеусіз.  Ғылымда ол концептуалдықты, мақсаткерлік принципті жақтады, телегей теңіз білімімен әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі ақтаңдақтарды аршыды. Бұл кездері сондай-ақ «Абай» энциклопедиясы, ұлы классик жазушымыздың 100 жылдығына орай «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы шықты. «Абай» үшін бір топ адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын иеленді. Одан кейін ол өзінің ұшқан ұясы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ге профессор болып қайта оралды. 2000 жылдың мамыр айында университеттің кең сарайдай акт залында ұстаздың 60 жылдығына орай ғылыми-тәлімдік конференция болып өтті. Алматы қаласының Әкімі атынан мен ұстаздың иығына оқалы шапан, қолына алтын әріппен жазылған адрестік папка тапсырдым…

Ал 2000 жылдың аяқ шенінде дархан ойлы оқымыстыны Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы мемлекеттік университет шақырыпты. Сөйтіп ол Сарыарқаға жөңкілген салқар көшке ілесіп келіп, мұндағы бас оқу орнының қазақ әдебиеті кафедрасын тура 10 жылдай басқарды. Мұнда да аяулы ұстаз қаншама шәкірт тәрбиелеп, қаншама жасты білім нәрімен сусындатты. Астана қаласының ономастика комиссиясының беделді мүшесі болды. Сол кісінің ұсынысымен талай ардақтарымыз көмбеден аршылып, көшелерге аттары берілді. Тіпті бірде бізге әзілдеп былай айтты:
— Астанада «Ақселеу» деп Ақселеу Сейдімбектің көзі тірісінде бір көшенің атын атадық. Қарағандылықтарға, міне көрдіңдер ме, сендер өз жерлестеріңізді ардақтай алмайсыңдар, ал біз көшенің атын беріп қойдық дедім.

Өзінің 70 жылдық мерейтойына 3-ақ ай қалғанда қайран жүрек сыр берді, сонау Араб елінде ардақты ағамыздан айрылып қалдық. Әлбетте, оның денсаулығының әлсіреуіне, ертелеу бұл фәниден кетуіне өзі туып-өскен Қайнар-Саржал синдромы, атом бомбасын сынау алаңдары әсер еткені сөзсіз.

…Алматы аспанын сол күні торлаған бұлт мызғымады. Қаралы жұрт қайсар ғалыммен, қайран ермен қоштасып жатты. Талай марғасқаны қойнына тыққан қарт Алатаудың бөктері азамат Ұстаздың соңғы аялдаған бекеті еді.

Сахараның саңлағы, сайдақ ері,

Құшағында алаштың аймақ елі.

Рекеңдерім-Ренессанс, реңкі бөлек,

Сүт бетіне кілкіген қаймақ еді.

 

Қаймақ еді қашанда қалқып тұрған,

Шаңырағында қазақтың шалқып туған.

Зердесіне жеті қат білім тұнып,

Тұстастардан оқ бойы артық туған.

 

Зеректігің зергердің зерлеріндей,

Маңдайыңмен маржандай терледің кей.

Ілім-ғылым биіктей ұшар шыңға

Талантыңмен тек қана өрледің дей.

 

Бұл фәнидің   тірлігін бұзарсың ба,

Қыран құстар шарықтар құзар шыңда.

Сарыарқаның сардарын жұтып қойған

Ажал атты әзірейіл қызарсын ба.

 

…Дәмсіз, нәрсіз жануар, жан да өспейді,

Аққу-қазсыз әуеде ән көшпейді.

Руханияттың рухы зор көсеміндей

Рекеңдердің бейнесі мәңгі өшпейді!

Бақытжан Тобаяқов,

                                               ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының

                                               мүше-корреспонденті, профессор, Қазақстанның

Мәдениет қайраткері,  Жазушылар

одағының мүшесі, Ә. Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты

Астана қ. тел.69-04-13; 8-701-60-70-515.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*