ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Себезгі сәуле – сыр-сезім (ақын Бақытжан Тобаяқовтың 65 жылдығына орай)

Руханият

Себезгі сәуле – сыр-сезім (ақын Бақытжан Тобаяқовтың 65 жылдығына орай)

talgy_admin 10.10.2018 115 рет қаралды

 

…«Бақытжандай» ақын бар екен. Бұлайша «екен» деп жатуымыз, Бақытжан ғұмыр-бойы техника – инженерия саласында қызмет атқарып келеді екен. Үлкен ғалым. Қазақстан ғылым академиясы инженерия саласының корреспондент мүшесі. Бүгінгі күні, алпыстың сеңгірінен асқанда да, алпауыт «Кегок» компаниясының білікті маманы. Бірақ, деген де, Бақытжан Тобаяқов мырза ғұмыр-бойы «ақын – дүр-ақын» да боп келеді екен. Ал, бөліп алып көріңіз?.. Бөлетін дәнемесі де жоқ, инженерлігі – ақындығына немесе ақындығы – инженерлігіне сеп. Инженерия – дәлдік; мұнда қате кетуге болмас. Бақытжанның өлеңдері де сондай – асып кетушілікті, ауытқушылықты кезіктірмейсіз. Ойнақы-сылқымданып, сылаңданып, бірқалыпты сызып қана отырады.

Бақытжан өлеңдерін қай уақытта – күннің қай мезетінде жазады екен? Әй, шамасы, көбінесе таң алдында – таңғы шықты бір кешіп келіп, себезгі сәулеге бөленіп отырып жазады-ау, – сыр-сезімдерін сабақтағы жіптей біртіндеп тарқатады-ау. Қараңыз: «Балғын жүзді таңғы шықпен жуыппын»; «Бостанның бозғылт таңын атырушы ек»; «Ақын жігіт жазды қырды – жазды арай таңдарды»; «Шөпті басам таң біліне – жалаңаяқ шықпен жуып»; «Алматының түбіндегі ақ шаңқан – Отауындай күлімдейді Таң-Шолпан»; «Туған жердің таң шапағын қарсы алсаң – түк етпейді түнгі ызғар»; «Менің жырым – табиғат дара Таңы»; «Сұлулыққа шомылған өлеңдерім – Таң бояуын, Күн нұрын сіміреді».

 …Себезгілеген таңның бозамық сәулесі, мөлдір шыққа малынған көк-майса, содан, тылсымдыққа оранып, балағын булап келген Бақытжан. Жазу үстелі. Әрине, әлгіндейден кейін, сыр-сезімдер домбыраның қыл-пернесінен төгілген қоңырақай күйдей төгіле береді емес пе. Енді, мына жолдарға назар салыңыздаршы: «Себезгілеп, ай толып жалқын нұрға – ұялайды көңілім салқын мұңға»; «Көкжиекте дірілдейді өрт-сағым, кейде мені ойлантады дерт шағым, Өз-өзінен алабұртып жүрегім, түні бойы сезім қарын күредім»; «Ертеден ынтық едім сырға тұнық»; «Сырлы дауысың сыр толқындай сыңғырлап… Шыншыл едің, сыршыл едің, өр едің»; «Сезімге ертіп жүрегінің дірілін»; «Өлең деген өз-өзінен сырғанап – Сыр аулайды, қағады ғой жыр қанат».

Назар салып, енді бақамдар болсаңыздар – біздің айтқанымыз бен ақын ойлары бір-бірімен жымдасып, жарасып, жалғасып тұрғанын көрер едіңіздер емес пе?..

Жүздің жартысындай өлең-кітаптарды еңсеріп тастаған Бақытжанның соңғысы – «Таңдамалы». («Фолиант» баспасы. 2013 жыл. Астана). Он бір тарау – бөліктен тұрады. Алғашқы беташар бөлік – «Туған жер».

Елім шіркін әуелден-ақ тосқан ба,

Келдім, міне, кіндік кескен Бостанға.

Туған үйім қаз-қалпында қарайған,

Айналдым ғой бала кезгі достан да.

………………………………………………………

Өр таулардың қойнауында туыппын,

Өршіл қиял, белді бекем буыппын…

Кім де болса туған жерден түлеп ұшады ғой. Бақытжан да, әрдайым әуелі туған жеріне басын иіп, сәлемін салып, содан соң барып белін бекем буады. Сөйтеді де, «Қоймасында өлең толы Бостаным, Қазыналы кеудеңдегі қақпаны аш!» деп кеп туған жеріне балалық ерке-наз – базына-бұйрығын жасайды. Жарасымды.

Ары қарай, Бақытжан-ақын іске кіріседі:

Туған Бостан, думан Бостан, Жер – Бостан,

Тағдырыма тағдырымды ел қосқан.

Бір тамшысы сен боларсың мәңгілік,

Жүрегімде жазылмаған мол дастан!

– арман-тілектерін алдына қасқитып қойып, «өлең-дүниесіне» салтанатты саяхатын бастайды, өр таулардан – өршіл қиял тудырады.

Сен Бостансың, Бостан деген бағымсың,

Балаң сенің құшағыңнан табылсын.

Құла дүзде жүргенімде сабылып,

Дабысымнан, шабысымнан танырсың.

Бақытжан туған жерінен қуаттанып, шабыттанып, шарықтап кетеді, – оқтын-оқтын құшағына қайта оралып, күш алып, қайта самғайды, – құла дүзден өр дабысын, дүр шабысын естіртіп-танытады. Туған жерін де марқайтады, өзі де масаттанады.

«Сөз өнері – дертпен тең.» Әбден шарықтап, самғап, дәндеп алған Бақытжан-ақын енді өзіне – өлеңге сынмен қарай бастайды. «Қалам – қылыш, ақ қағаз – арыңдай бек…» Бірақ-та, сол «дерт» те дендеп алған. Ол дерт – «ғұмырлық та мәңгілік».

Ертеден ынтық едім сырға тұнық,

Маған жат егер жүрсем ырғатылып.

Көкірек көк нөсерді кіл көксейді,

Жанартаудан жатыр ма жыр атылып!?

Бақытжан ырғатылып-жырғатылып жатуды әсте қаламайды. Оның аңсағаны – аласапыран әлем. Жанартаудан атқылаған жыр – сыр ендігі тоғасылмайды…

«Ғашықтық – құмарлық пен ол екі жол.» Бақытжанның ғашықтық-жырларына шүбәсіз сенесіз де елітесіз.

Күн батады, қызыл иек, кешкі арай.

Қызықты шақ. Қырдың желі ескені-ай.

Қызарып бұлт – қыз ұялшақ көшкені-ай,

Көңілімнің өскені-ай.

Ғашықтық-жырлардың прелюдиясы осылайша жайымен, бабымен, былайғы көзге білінбестей емекінмен басталады. Содан соң, тасталады…

Түн келеді. Ауылдың сыршыл бағы,

Тылсым шағы, жігіттің қыршын шағы.

Дүрсілдеген күн бойы ғашық жүрек –

Жүрегінен арудың тың тыңдады.

Жастық шақ. Мастық кез. Пәк сезім. Алқынған өкпе, тарпынған жүрек… Бәрі де рас – шын, күні кешегідей көз алдыңда.

Осындайда ашылар жігіт бағы,

Арайланып алдынан үміт таңы.

Кеудеңдегі жүрегің асыр салар,

Шоршып шыққан шабақтай тымықтағы.

«Алғашқы махаббат» – өмір бастауы. Бұ жалғанда бұйырған ғұмырыңдағы ізгілікті істеріңнің алғышарты. «Тымық» – жұмаққа айнала ма, әлде тамұққа айнала ма, ол енді бір жағы тағдырдың ісі де шығар, бірақ-та, деген де, «алғашқы сезім» ешқашанда алдамайды. «Кеудеңдегі» көк көгершін ұшты. «Шоршып шыққан шабақтай жүрегің» бұ дүниеде тыныштық таппайды – тыпырлайды да тапырлайды, тек, ана дүниеде ғана орнығар да басылар-ау…

«Мезгіл әуендері». Абай атасынша – Бақытжан да жылдың төрт мезгілін келістіре жырлай білген.

Күннің көзі таратқандай шашақтар,

Әз-Наурызда сөгіледі қасат қар.

Қарағайлар қардан босап тауларда,

Бес қаруын шешінгендей жасақтар.

Расында да, қандай әдемі сурет – теңеу! Ұйқас, үйлесім, жарасым. Әрбір жолдар таудан аққан бал-бұлақтардай сыңғырлап келіп, бір арнаға жымы білінбей құйыла береді. Қысаң қыстан кейінгі – бейбітшілік бір әлем. Сенің әлемің…

Қарды басып сықыр-сықыр,

Орман ішін аралап.

Аяз деген шып-шыңылтыр

Тал бойыңа тарамақ.

……………………………………..

Ақ қар толы ақпан кезде

Қара суық қалшылдат.

Ақ түтегі жапқан кезде

Есігімді тарсылдат.

Ақын ассоцияция тілімен – «Аяз» деп Өзін – Өлең-құдіретті беріп отыр ғой. Табиғат – Ана. Тазалық. Сол таза табиғат-ана – ақынның сарқылмас бал-бұлағы һәм шабытын ұштап отыратын қайрауық күш.

Бақытжанның өлең-тақырыбы алуан-алуан. Бәрін қамтып шығу бүгінгі мақсатымыз емес. Ендігі, сол алуан-алуаннан «арнау-тақырыбын» да атап өтелік. (Бұл жағынан марқұм Тұмаш көкесінен бір де бір кем түспегенін де атап қоялық). Ақынның жүрегі –шалқар, құшағы – кең; тіптім, «шексіз» бе деп те қаласыз. Біреудің жүзіне қаяу түсіп, қиналып жатса – өз басын ұмытып, бәр ісін тастап, дереу жәрдемге баруға әманда даяр. Ерінбестен-жалықпастан санап шықтық: Жүз де жарымнан аса ағайын-туыстарына, дос-жарандарына һәм барша замандастарына ғазалдар мен достық эпиграммалар арнапты!!. Қара қазақ былай тұрсыншы, «Гамильтондар, Игорьлар» да кең көңіл-дархан пейіл шіркіннен тыс қалмаған. Қараңыз:

Игорь біздің әлі ширақ, жас па жас.

……………………………………………………….

Сауда болсын, болсын ісі баспа-бас,

Сөзін жерге ешқашанда тастамас.

……………………………………………………….

Жеткере бер бізге тауар нақпа-ақ,

Өткере бер өміріңді аппақ, ақ!

И-ә-ә-ә, сонымен…

Соныменен, осыменен, «жақсыңды кім әкетер…» дегендейін, замандас та құрдас Бақытжан-ақынға бірлі-екілі базына-сынымызды айтып өту де достық парызымыз деп білдік.

Мысалға алсақ, «Мезгіл әуендеріндегі» – «Түн. Қараңғы. Дала үнсіз.» деп басталар төрт шумақ өлең былай қарасаңыз кіршіксіз. Құйылып, төгіліп, сырғып тұр. Ал енді, үңіле қарап көрсеңіз… Бүтін өлеңнің әрбір шумағында бірлі-екілі жауыр болған сөздер я түсініксіздеу тіркестер тентіреңкіреп жүргендей. Бірінші шумақтың үшінші жолы – «Жел соғады» (дамылсыз). Алдыңғы жол – «Теңіз беті үрейлі». Соңғы төртінші жол – «Қара дауыл тілейді». Сонда, теңіз беті үрейлі болса, қара дауыл тілеп тұрса, онда – «жәй желдің» соққаны қалайша?.. Екінші шумақтағы «Қалған мәңгі санада, Тағдыр бірақ аямас» деген түйін-ді екі жол – анық емес сияқты. Санада мәңгі қалған – ол не еді? Тағдыр нені аямас?.. Үшінші шумақта, тағы да – «Жел тынымсыз желпиді». (Бұл жолы жел «соқпайды» – «желпиді»). Сонымен бірге, бұл шумақтың бастапқы екі жолы мен соңғы екі жолы қабысыңқырамайтындай да ма?.. Аяққы төртінші шумақтағы түйін-ді «Тұра алмаймын тып-тыныш, Тұра алмаймын дауылсыз» («дауылсыз» – тағы қайталанады; «дүлейсіз» дей салса да болмас па еді) деген қос жол – жеңілек, арзандау көрінердей… Жалпы, бұл өлең – Лермонтовтың «Белеет парус одинокий» немесе Мицкевичтің адуын жырларына ұқсас; солардың іздері тайға таңба басқандай сайрап жатыр, авторлық қолтаңба аздау сияқты. (Ақын бір сәтке эмоцияға беріліп, қатты еліктеп кетсе керек-ті).

Бақытжанның «Тамыз», «Күз» өлеңдерінің алғашқы шумақтарында да қарама-қайшылықтар бар. Егер де, «тамылжыған түнгі тамыз» болған болса – «ақ жаңбыр» адасып қайдан жүр? Оның үстіне, сібірлеген ақ жаңбырдан «тау жаңғырыға» қояр ма екен?.. Егер-яки, «даланың отын өшірген ызғырық күз» болған болса – «жәй жаңбыр» жауар ма? «Сызды жаңбыр» жаумас па?..

Біздер – осы сын жолдардың авторы – «максималистпіз-ау». Солай жаратылған шығармыз. «Кімге – Не» айтсақ та, шама-шарқымызша жоғары тұрғыдан қарауға тырысып бағамыз. Барынша – барымызша қатаң талап қоямыз һәм сұраймыз. Себебі, «Сөз өнері дертпен тең» ғана емес, ол – Құдайдың бір аты. Арқамызда қарауылдап тұрған «көгенкөз келешек» бар, – соны ешуақытта ұмытпағанымыз жөн. «Көп жазу – мақсат емес, аз да болса саз…»

Біздер кез-келгенге соқпаймыз, амалынша «жалғандықты» айналып өтеміз, яки, тұратын, лайықты нысанға ғана қайырыламыз. Бақытжан Тобаяқов – қайырылмасыңа болмайтын, бергені де, беретіні де мол, сезімтал да сыршыл, сырбаз да кербез ақын. Бір сөзбен, тақырыбымызда андағайлап көрсеткеніміздей: «Себезгі сәуле – сыр-сағым». Бүгінгі, осынау әбден толыққан шағында ақыннан бұрынғысынан да биік, бұрынғысынан да мағыналы өлең-жырлар күтеміз. Күтуге міндеттіміз.

Жолың болсын жолаушы…

 

ИГЕН (Игілік Әймен), жазушы

Астана

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*