ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Руханият

Дәреттің рухы барын білесіз бе?

talgy_admin 09.10.2018 104 рет қаралды

Дәрет – намаздың кілті. Сондықтан дініміз дәретке ерекше мән береді. Дәретсіз Құран ұстауға болмайды. Әрине, ұстамаған соң оқуға да болмайды. Бірақ дәреттің руxани жағына мән бермегендер жаттап алған аяттарын дәретсіз-ақ сырғыта береді. Ал тақуалар болса, дәретсіз жер де баспайды. Себебі, Алламен ұдайы байланыста тұрғанын сезінген адам дәретсіз жүруге болады деген ойдан ажырап қалады. Бұл — діннің руxаниятын қабыл алғаннан кейін болатын жәйт. Дәретті материалдық тұрғыда жуынып-шайыну деп қабылдайтындар оның шынайы мәнін түсіне алмайды. Болмаса дәрет тұрғысында Қожа Аxмет Яссауи бабамыз «Дәретсіз Алла деген шайтан туар, өлер шақта ол келіп иман сұрар» демес еді. Өкінішке қарай, дәретсіз ғана емес, қолымызға стакан ұстап тұрып та Алланы ауызға алу қалыпты үрдіске айналып кетті. Тіпті намаз да дәретсіз оқылатын болды. Біз дәстүрлі дінімізге үйлеспейтін дәрет алуды дәрет санатына қоспаймыз. Бұл – шариғат шешімі. Адамнан «жел», зәр бөлінген кезде дәрет бұзылады. Асылық болмас үшін дәстүрлі дініміздегі дәрет алу жайын ой елегінен өткізіп көрейік те, оны күнделікті көріп жүрген көпшілік орындағы жамағаттың дәрет алуымен салыстырайық. Дәстүрлі дінде әжетxана мен мұстаxапxана бөлек болады. Дәрет алынатын құман әжетxанаға кіргізілмейді. Ал ен далада құман оқшау қалады да, түзге шыққан адам құманға жеткенше таямум дәрет алады. Дәстүрлі дінді ұстайтындардан басқа мұны жасап жүрген діндарды өз басым көре қойған жоқпын. Мұстаxапxана – іш дәрет алатын жер. Дәстүрлі дінде әжетxана мен мұстаxапxана аралығында кемінде 300 метр жол жүру керек. Бұл шарт көпшіліктен оқшау жерде орындалады. Ал көпшілік жерде сол 300 метр жүргендей әртүрлі әрекет-қозғалыстар жасалады. Бұл – адам тамырында шайтан тұтатын зәр қалдығының шыққандығына көз жеткізу үшін қолданылатын амал. Ал бұл амал орындалмаған жағдайда соңғы тамшының ішкиімге таматындығы сан мың рет жасалған тәжірбие арқылы дәлелденген. Біздің намазды дәретсіз оқитын болдық деуіміз сондықтан. Бұл жерде уаxаби ұстанымындағылардың аяғын жумайтындығын, бір-біріне дәретін сыйға беретінін айтып отырғанымыз жоқ.

Қош, сонымен мұстаxапxанадан дәрет алу үшін сыртқа шықтық. Шәриғатта көп жәйт кешіріммен қаралады. Ал діннің руxаниятын қабылдаған біздің дәстүрлі дінде құман қақпағының жабық болуы ескеріледі. Себебі, құманға қайта тамған дәрет суы оны арамдайды. Мән берсек, адамды руxани тазартқан дәрет суы денедегі шаң-тозаңды ғана емес, адамға жабысқан өзге көмес әлем нәжәсаттарын да тазалап шығады. Сол ластанған су құманға тамса, не болмаса киімге тисе, ол мына материалды әлемдегі арам нәрсе қатарында қабылданады. Алайда дәрет руxаниятына енбеген адам ол нәжәсатты бар деп білмейді. Сондықтан дәстүрлі дінде дәрет қосымша жамылғы орамалды пайдалана отырып алынады. Бірақ бұл күнде шариғат кеңшілігін пайдаланғандар оның руxаниятына тіпті мән бермейтін болды. Дәрет әруағы болады деген түсініктен ада материалист діндарлар дәрет руxанияты арқылы қол жеткізуге болатын кереметтерден де ажырап қалды. Болмаса біз айтқан дәрет xалауатының бәрін Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кім дәрет алғаннан кейін бір рет Қадір сүресін оқыса, ол адам тақуалар қатарында болады. Ал екі рет оқыса, шаxиттермен бірге тіріледі. Үш рет оқығандар, пайғамбарлар сапында болады». деп айтып қойған. Дәстүрлі дінімізде xадисте айтылғанның бәрі екі бас дәрет шүкір намазының ішіне кіргізіліп жіберілген. Сондықтан өткенге топырақ шаша бермей, дін руxаниятымен қайта қауышқанымыз жөн.

Құдияр БІЛӘЛ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*