ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Басты ақпарат Руханият

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдығына орай университет ғалымдары мен профессор-оқытушыларының 10-ға тарта тарихи танымдық кітаптары жарыққа шықты

talgy_admin 03.10.2018 99 рет қаралды

2018 жылғы 2 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына орай университет ғалымдарының оқу орнының ашылуына, қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы шығарған кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараға Алаш зиялыларының ұрпақтары, белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, жазушылар, Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Алматы қаласының жұртшылығы қатысты.

Кездесуді ректор Такир Балықбаев ашты. Іс-шараның және жарыққа шыққан кітаптардың маңыздылығын атап өтті. «Еліміздегі тұңғыш Жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 90 жылдық тарихында талай-талай тағдырлы кезеңдерді, қилы-қилы тарихи дәуірлерді басынан өткергені мәлім. Біздің университетіміз ХХ ғасырда Кеңестік дәуірдің әлеуметтік-мәдени саладағы түрлі-түрлі саясатын басынан кешірді. Ал Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздік алған соң жаңа қоғамдық құрылысқа қадам басты.

Осы екі қоғамдық формацияның арасында қаншама дәуірлер жатыр десеңізші. Әрине, мұның бәрі тұнған тарих. Ал тарихты дұрыс бағамдай білген ұрпақ ешқашан өз жолынан адаспайтыны анық.

Біз көрнекті тұлғаларымыз туралы бұдан былай да осындай басылымдарды жалғастыра бермекпіз. Бұл жарияланымдар тарихымызды тірілтіп қана қоймай, жастарымызды тұлға ретінде қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз. Дегенмен, бұл, ең алдымен, жеке тұлғаны қалыптастыру факторы болып табылатындығын және педагогикалық қызметтің маңызды аспектілерінің бірі екенін атап өткім келеді», — деді ректор.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдығына орай университет ғалымдары мен профессор-оқытушыларының 10-ға тарта тарихи танымдық кітаптары жарыққа шықты.

????????????????????????????????????

Соның бірі белгілі тарихшы ғалым, академик Мәмбет Қойгелдінің «Абай университеті. 90 жылдық тарихынан» деп аталатын зерттеу еңбегі. Бұл кітапта Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының қандай қиыншылықтармен ашылғаны, оның қалай қалыптасқаны, ұлт қайраткерлерінің білім ордасын дамытуға қандай үлес қосқаны және оқу орнының даму кезеңдері тарихи фактілер мен құжаттарға негізделіп баяндалады. Бұл еңбек Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғана емес, бүкіл қазақ жоғары білімінің тарихы деуге болады.

Университеттің 90 жылдығына орай алғашқы оқу орнының құрылуына, қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан сол кездегі оқу-ағарту Халық Комиссары Ораз Жандосов, бірінші ректор Санжар Асфендияров, әр жылдары ректор болған Халел Әділгереев, Мәлік Ғабдуллин, қайраткер-ұстаз Халел Досмұхамедов туралы «Өнегелі өмір» сериясымен кітаптар жарық көрді.

Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі белгілі математик Әбдімәжит Өтеш туралы «Қалдырған ізің мәңгілік» деп аталатын жинақ, академик Тоқмұхамед Садықов туралы «Тәлімгер портреті. Протрет наставника» кітабы және де университеттің 90 жылдығына арналған «Тұңғыш университет» фото альбомы да оқырмандар назарына ұсынылды.

Сонымен бірге «Шернияз Жарылғасұлы шығармалары», «Алтын арқау», «Ұлттық рух және шығармашылық даралық» зертеу еңбектер мен университет қызметкері Мырзахан Ахметовтың білім ордасының мерейтойына арналған «Парасат пен парыз» танымдық кітабы ұсынылды.

Ұсынылған кітаптардың авторларына ризашылығын білдіріп, университет ректоры сөз кезегін іс-шараның қонақтарына берді.

Бұл кітаптардың тұсаукесерінде белгілі тарихшы-ғалым, академик Хангелді Әбжанов, Ораз Жандосовтың ұлы белгілі тарихшы ғалым Әли Жандосов, Ораз Жандосовтың тұңғыш немересі, біздің университетіміздің түлегі, ақын Гүлнәр Едігеқызы Жандосова, Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы, Хәлел Әділгереевтің ұлы Бақыт Әділгереев және осы тұлғалардың ұрпақтары, университет түлегі Әбдімәжит Өтештің әпкесі Жарқын Өтеш, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Талас Омарбеков, көрнекті ақын-драматург, ҚР Мемлекет сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин және басқалар университет ұжымын 90 жылдық мерейтоймен құттықтап, осындай ұлағатты кітаптар шығарып, қара шаңырақ білім ордасының тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін өнегелі іс атқарған университет ректоры Такир Балықбаевқа және авторлар қауымына алғыс айтты.

Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі ttp://kaznpu.kz/kz/5308/news/

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*