ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Жұмаш Кенебай(Көкбөрі) «Ақжайлау мен Сандықтас» кітабынан үзінді

Басты ақпарат

Жұмаш Кенебай(Көкбөрі) «Ақжайлау мен Сандықтас» кітабынан үзінді

talgy_admin 01.10.2018 737 рет қаралды

Опубликовано Жұмашем Кенебаем Четверг, 18 сентября 2014 г.

 

СӘУКЕН ҚАЗЫХАНОВ

ақсақал мен оның баласы Асқар туралы…

(«Ақжайлау мен Сандықтас» атты автордың ғұмырнамалық кітабынан бір үзінді)

 

Марқұм Сәукен Қазыханов – біздің атамекеніміз бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы «Ақшатау» кеңшарын ұзақ жыл басқарған адам. Естуімше, Кеңес Одағының басына әр жаңа «көсемі» келген сайын, бүкіл еліміз бойынша енгізіліп жатқан өзгерістерге сай, «Ақшатау» шаруашылығының да – басқалармен бір қосылып, бір бөлініп, шаруашылықтың да аты сан рет өзгертіліп дегендей, үнемі жаңартылуды басынан кешіп отырған көрінеді…

Бұл «Ақшатау» – басында ұжымдық шаруашылық (колхоз) болып тұрып, соңғы жылдары ғана кеңшарға (совхоз — кеңестік шаруашылық) ауыстырылыпты. Сәукен Қазыханов – «Ақшатаудың» ұжымдық шаруашылық болып тұрған кезінде де төрағалық қызметін атқарыпты.

1963 жылы біз атамекенімізге көшіп келгенде, осы кісі кеңшар директоры екен. Бүкіл Ақшатау ауылының үлкені де, кішісі де Сәукеңді қатты сыйлайтыны ерекше көзге ұрып, көрініп тұратын. Қазақта: «Жақсының — жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның — жамандығын айт, құты қашсын» деген мақал бар. Мақалдың алдыңғы жартысында айтылған жақсы сөз – тура осы Сәукен ағаға арналғандай еді. Менің байқауымша, Сәукен Қазыханов – өз заманының перзенті болған адам. Біздің бұл ойымыз -«Адамына қарай – ескегі» дегенді білдірсе керек.

Осы Сәукен Қазыхановтың біз алғаш көшіп келгенде – мына Кенебай, Садық әулетіне жылы қабақ танытқанын байқап қалған болатынмын. Бірақ, бұл кісі басқалардан бөле-жара бізге ерекше ілтипат көрсете қоймаған еді. Бала болсам да, оны жақсы білемін. Бұл кісінің бізге құшағын жая қоймағанының өзіндік себебі бар екенін – арада көп жылдар өткенде барып, Сәукен ағаның өз аузынан естігенде ғана барып, түсінгендей болғанмын.

Иә, Сәукен ағаны да түсінуге болатын сияқты. Себебі ме, себебі, қылышынан қаны тамбай тұрған Кеңестік тоталитарлық жүйенің «ақ» дегені – алғыс, «қара» дегені – қарғыс» болып, әбден өз бабында тұрған тұста біз сияқты Кеңес одағының қас жауы, бір басында «қылмысы» жетерлік — Садық «бандының» тұқымына қалай батылы барып, қол ұшын берсін?

Менің Айтжұман әкеме — бұл кісінің оңашада не айтқанын өз басым анық білмеймін. Былайғы ақшатаулықтар жеке қалғанда ғана Садық Кенебайұлы туралы небір аңызға бергісіз жақсы сөздерді айтып, тамсана әңгіме шерткенімен, көптің алдында олар да аса сақ болатын.

Сәукен аға да, оның жары да – өз кіндіктерінен бала көрмеген жандар еді. Мүмкін, бала тұрмаған болар. Ол жағын өз басым жақсы білмеймін. Бұл турасында ауыл адамдары айтып отырғанынан естіп қалғаным бар. Ол кісі өзінің бір жақын інісінің баласын асырап алғанын бүкіл ел білетін.

Ол баланың аты — Асқар болатын. Асқар – мына менімен түйдей құрдас еді. Асқар мектепті Ақшатауда емес, Аягөзде — орысша оқыды.

Сол жылдары биліктің қай сатысында отырғандар болсын, балаларын орысша оқытатын бір жаман әдет тапқан еді. Бір жағынан әлгі балаларын орысша оқытатындарға қоятын кінәм де жоқ.

Бүкіл Кеңес Одағындағыдай, Қазақстанда да қазақ мектептері біртіндеп жабылып жатқан қиын тұс болатын. Оның үстіне мемлекеттік қызметте жүргендердің дені ауылдан шыққандар еді. Солар жоғары оқу орындарына барғанда, орысша білмей, қатты қиналатын. Жоғары оқу орындарының бәрі дерлік тек орыс тілінде дәріс беретін. Бұған қазақ әдебиеті мен қазақ тілін қосуға болмайды(ал, қазіргі 2018 жылғы тәуелсіз Қазақстан билігі бүгінде тек қазақ әдебиеті мен қазақ тілін, тіпті қазақ ұлтын да қоса жоюға бар күштерін салып жатқандай қиын күндерді тағы да басымыздан кешіп отырғанымыз өтірік пе?

Уақыт-ай десеңші!….

Сөйтіп, олар, өздері көрген қиындықты «балаларымыз көрмесін» деп, бәрін орысша оқыта бастаған. Сонымен, уызынан жарымаған, ана тілінен жұрдай, өзі қазақ бола тұрып, қазақты менсінбейтін шалақазақ жаңа ұрпақ, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаулап өсіп шыға келген.

Қазақстанда барлық іс-қағаздары – тек қана орыс тілінде жүретін. Ұлтаралық қатынас тілі де – тек қана орыс тілі болды. Қазақ тілі – ауыл қазақтарынан, ақын-жазушылардан басқа, жан баласына, тіпті, ешкімге де керек болмай, «ауыл тілі» ғана болып есептелетін. Міне, Сәукен Қазыхановтың асырап алған баласы – Асқарды орысша оқытуының түпкі себебі, әне, қайда жатыр?..

Асқар жыл сайын жазғы каникулдарда Ақшатауға келіп, «мен директордың баласымын!» деп шіреніп тұрмай, ауыл балаларымен өте тату тірлікте болды. Осы Асқармен бірге біздің Ақшатаудың Қоңыртауынан Игілік өзенінің бойындағы жәйлаудағы көршіміз, ардагер шопан — Теміртай ақсақалдың да асырап алған қызы – Сақыш та бірге оқитын.

Айтпақшы, осы Теміртай ақсақал да менің Садық атам туралы жылы пікірде болды. Өзі аса салмақты, біртоға, асқан мейірбан адам еді. Ол кісінің кемпірі де жаны жұмсақ жақсы адам қатарына жататын. Теміртай ағаның – Мырзағазы деген үлкен баласы – менің Жұмағазы ағамның құрдасы болды. Екеуі бір кездері мына мен арқылы бірін-бірі «құда» атандырып, жақсы сыйласып тұрды.

Мырзағазы аға – Қамзабай ақсақалдың қызына үйленген еді. Өзі машина жүгізіетін. Сол автокөлігімен ана жылы Аягөзге бара жатқанда, Сергеопольдың тұсында аударылып, қайтыс болды. Теміртай атаның қызы – Сақыш туралы алда бөлек әңгіме болатындықтан, әзірге осымен шектелемін.

Сәукен Қазыхановты ауылымыздың үлен-кішісі бірдей, жақсы сыйлайтын. Бұл азамат – еліне қадірлі тұлға болды. Естуімше, қазіргі тәуелсіз Қазақстанның кілең жемқор басшылары сияқты емес, Сәукең — өз ісіне адал, тиянақты, тыңғылықты, жан-тәнімен берілген адам деп айта аламын.

Біздің ауылда негізінен Найманның Төлегатайынан, Қаракерейінен тарайтын Сыбан,: Жарасқұл, Жәңгөбек, Байгөбек, Төлен, Шақа, т.б. рулары тұратын. Ал, Сәукен Қазыхановтың руы – Тобықты. Оны біздің Наймандар «сен, Тобықтысың» деп ешқашан да сыртқа тепкен емес.

Асылы, Тобықтылар мен Наймандар – сонау Еңлік-Кебек заманынан араз рулар саналатын. Мына Кеңестік жүйе – біздің ауылдағы сол рушылыдық ауруының түп тамырына балта шапқан болса керек.

Біз, Алматыға оқуға келгенше, руымыздың кім екенін білмейтін едік, бәрін осындағы ру-ру болып бөлініп, бір-бірімен шайқасып жататын белгілі ағаларымыздан үйрендік қой. Рушылдық – жақсы ма, жаман ба, оған өз басым – кесіп баға айта алмаймын…

Сәукен аға «Ақшатау» кеңшарын басқарып тұрған жылдары өз басым — ол кісінің атына айтылған бірде-бір бөтен сөзді естіген жан емеспін. Оның үстіне ол жылдары мен мектеп жасындағы сары ауыз балапан едім ғой. «Жел соқпаса, шөптің басы қозғалмайды» деп, атам қазақ айтқандай, ол кісіге қатысты бірдеме болса, жерде жатпас еді. Сондықтан да өз басым – Сәукен Қазахановты жібі түзу адамға жатқызамын.

Бала болғаннан кейін балалармен араласасың. Ол – түсінікті. «Ақшатау» кеңшарында жүргенде өз басым Асқармен тонның ішкі буындай, жақын араластым деп айта алмаймын. Жәй ғана қатардағы таныс, біліс болдық, той-томалақтарға, ойын-сауықтарға бірге барып жүрдік.

Асқармен біздің жақсы араласқанымыз – осы Алматыда болды. Асқар – бір жоғары оқу орнын бітіріп, әскери маман болды, Қапшағай қалалық комсомол комитетін де басқарды. Ол апта сайын өзі тұрақты тұрып жатқан Қапшағайдан Алматыға жиі келіп, әуелі Горький (қазір – Жібек жолы көшесі) мен Юных Коммунаров көшелерінің ортасындағы мен тұратын пәтерге міндетті түрде соғып кететін. Осы біз жалдаған екі қабатты пәтердің астыңғы жағында бір топ қыздар жатты. Асқардың көзі сол қыздардың біріне түскен болатын.

Үй иесі – орыс. Сол жылдары Алматыда пәтерде қаңғып жүргендер кілең қазақтар болса, бізді жалға жіберетіндер таза – орыстар болғаны өтірік, пе?

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғанына 27 жыл болса да, әлі де көрінгенге көзтүркі болып, өз жерінде «өгей бала» атанып, пәтер жалдап қаңғып жүргендердің барлығы да – өзіміздің қара көздер, осы мемлекеттің негізін құраушы ұлт екенін айтқанда, қараптан-қарап, жерге кіріп кете жаздайды екенсің. Өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет болсақ та орыстың құлдық қамытынан құтыла алмайтын, неткен жаны сірі халық едік?

Иә, Асқар досым алдымен орталық көкбазар жақтағы біз жалға алған пәтерімізге, кейін, Шолпан екеуміз үйленгеннен кейін, біз сатып алған «Татаркадағы» үйімізге жиі келіп тұрды. Осы үйімізге Алматыда оқитыны бар, жұмыс істейтіні бар, барлық ақшатаулықтар жиі-жиі қонағымыз болып тұатын болған. Әрине, олардың жуан ортасында, осы Асқар досым жүрді.

Асқар екеуміздің басымыздан не қилы қызықтар өтті ғой. Бүгін соның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Бірде Асқар ҚР Ішкі істер министрлігінде поковник шенінде жауапты қызметте жүргенде «Татаркадағы» біздің үйге қонақ болып келген болатын. Кешке қарай оны аялдамаға шығарып салуға келіп, сондағы бір қызу қазақ жігітінің бас-көз жоқ маған:

-Сен, Алматы қалалық әкімшілігінде отырып алып, маған жер бермей қойғансың,-деп, тамам жұрттың көз алдында маған пышақ салып алғаны бар.

Сонда қасымда ішкі істердің полковнигі тұрғанын анау қайдан білсін? Қашам дегенімен оны ұстап алып, сазайын дұрыстап тұрып берген болатынбыз.

Сол жылдары Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқәділов Қазақстанның түкпір-түкпірінен Алматығы ағылып жатқан қазақ жастарын кеудесінен итермей, көпшілігіне заңды түрде жер телімдерін тегін бөліп бергенін білемін. Олардың қала түбіндегі басып алған жерлерінде көп ұзамай: «Шаңырақ», «Алтын бесік», «Думан», «Таугүл», т.б. аудандар пайда болып шыға келген еді.

Бағанағы маған пышақ салған қазақ жігіті Алматы қалалық әкімшілігінде қызметте жүрген мені сол жерлердегі жер телімдерін бөліп беріп жүргенімде көрген болар деймін. Жазықсыздан-жазықсыз мені кінәлаған, пышақ салған сол қазақ азаматын мен заңға тартпаған едім. Оны соттатып қайтемін. Тек еркектерше оның жазасын өзім беріп едім. Оған осы Асқар досым куә болған еді.

Асқардың бір күні мені үйіне ертіп апарғаны бар. Ол үнемі біздің үйде болып жүргенімен, мына мен оның үйінде болмаппын ғой. Көп қабатты үйдің екінші қабатында Асқар – Қарлығаш деген әйелімен, бірінші қабатында – оның әкесі Сәукен Қазыханов ата тұрады екен. Бұның алдында көшеде біршама жұтып алып, қызулау келген Асқар екеумізді оның әкесі онша жақтырмай, көңілсіз қарсы алған еді. Асқар:

-Ата, мынау өзіміздің Ақшатаудың баласы – Жұмаш,-,деп, мені таныстыра бастап еді, ақсақал:

-Кімнің баласысың?-деді.

-Кенебайдың Садығының баласымын. Айтжұман – ағам,-дедім.

-А, Кенебайдың Садығының балаласысың ба?

-Иә.

-Келгенің жақсы болды ғой, отыр, саған айтатын әңгімем бар. Мына Асқар екеуің ана жаман араққа әуес болмаңдар. Арақ – кімге абырой әперген. Байқаңдар, балаларым. Екеуің дос екенсіңдер, бір-бірлеріңе ес болып жүріңдер. Мына менде қанша жас қалды дейсіңдер? Иә, кәрі қойдың жасындай – жасымыз қалды ғой,-деп, біраз нәрсенің басын қайырды ақсақал..

Асқар екеуміз — ақсақалды үнсіз тыңдап отырмыз. Қәдірлі ақсақалдың алдына ішіп келгенімізге екеуміз де енді ұяла бастадық. Бұл шамасы, 1975 жылы болатын.

-Жә, енді батырлар, сабаларыңа түстіңдер ме?

-Иә.

-Иә,-деп, екеуміз қосарлана жауап беріп жатырмыз. Шынында да бағанағы қызыулығыз тарап кеткен еді.

-Асқар, мына Жұмаш балам, бүгін менің құтты қонағым болады. Сен, бос отырмай, тамақ істе?-деп, баласына бұйрық берген Сәукен ата:

-Жұмаш, Садық атаңның қандай адам болғанын білесің бе?-деп, маған қарады.

-Білемін, ата.

-Мүмкін. Бірақ, қәзір саған айтқалы отырған әңгімемді сен білмейсің. Сенің Садық атаң – өз заманының батыры еді ғой. Нағыз жүрек жұтқан адам болатын. Ол кезде заман солай болды. Кімді кім түсініп жатты. Өз басым – сенің атаңды қатты сыйлап өткен адаммын. Ой, дүие-ай, Сәкеңдей адал адам қайда? Айтпақшы, Жұмаш, сен атаңа тартыпсың. Аумайсың. Мен көрген Садық Кенебайұлы – тура мына сендей еді.

…Шамасы, 1927-шы жылы болар деймін. Мен ол кезде 18 жастағы бозбаламын. Осы өңірдегі, Құндыздыдағы Ленин комсомолы басшыларның бірімін. Әрі өзім барып тұрған белсенді едім. Семей мен Аягөздің арасына «Қызыл отау» тартамын. «Қызыл отаудың» басты мақсаты – езілген еңбекші бұқараға лениндік саясаттың маңызын түсіндіру болатын. Көшпелі «Қызыл отауымызда»: саяси кітаптар, газет-журналдар, Ленинннің еңбектері, күй табаққа жаздырып алынған ұлы көсеміміз Лениннің өз дауысы дейсің бе, не керектің бәрі бар болатын.

…Қәзір Аягөз жұрты «Абай жолы» деп атап кеткен шаңы шығып жатқан қара жолмен Аягөз-Қарауыл жолының сілемімен Құндыздыдан шығып, осы Ақшатауды бетке алып келе жатқан бетіміз еді.

Мезгіл, ұмытпасам, күз айы. Ағаштардың жапырақтары сарғая бастаған. Бірақ, әлі үзіліп түскен жоқ. Даланың қалың ақ селеуі бейне теңіз толқындай, бір тегіс болып, ауыр шайқалады. Қараған, сасыр, мия, итмұрын біткендер қурай бастаған. Бозқарағандардың бастары дудырап, шаңытып тұр.

Құндызды жақтан келе жатқанда Өкпеті тауы – сол қол жақта болатын. Өкпеті тауы дегеніміз – биік-биік жоталар, шодырайған шомбал тастары бар, сай-саласы қалың қараған. Өзі өзге таулардан оқшау, терістік жақтың тура өкпе тұсын алып жатқандықтан ба, әйтеуір, атын дәл тауып қойған. Өкпеті – қатты қыста адам мен малға аса жәйлі мекен еді.

Біздің керуен суыт жүріп отырып, Өкпетінің өкпе тұсына келіп қалған болатынбыз. Бір уақытта «тарс-тұрс!» еткен мылтық дауысы естілді.

Керуен ұйлығып тұрып қалды. Қай тұстан оқ атылып жатқаны белгісіз. Қызыл керуенді күзетіп келе жатқан қарулы төрт орыс солдатымыз бар еді, солар жата, жата қалып, дөйдалаға оқ жаудыра бастады.

-Әскерлер, дөйдалаға оқ атпай, сәл сабыр етіңдер. Алдымен істің мәнісін білейік?-деп, керуенбасы мен оларды сабырға шақырып жатырмын.

Аналар менің айтқан тілімді алмай, атыстарын жалғастыра берді. Бұлардың бұл қимылынан – не жүрек жұтқан батырлықты, болмаса, көлеңкесінен қорқатын сужүректікті көруге болатын еді.Онда ойланып жататын уақыт па?..

Әне, міне дегенше, екі әскер оққа ұшты.

-Ей, қызыл бастықтар, қарсыласқандарыңнан түк өнбейді. Қаруларыңды тастап, беріліңдер!-деген дауыстың қай жағымыздан шығып жатқанын аңғара алмадық.

Бұдан әрі қарсыласа берсек, біріміз қалмай жер жастанатынымыз анық. Біз қолымызды көтеріп, берілетінімізді білдіріп жатырмыз.

Қайдан шыққандары белгісіз, оншақты қарулы «бандылар» қасымызға жетіп келіп, бәрімізді қолма-қол қарусыздандырып тастады.

Бұл «бандылардың» бастығы болуы керек шамасы, атқа қаққан қазықтай тік отыратын, үстінде әскери киімі бар, киімі сыртынан –қылыш, маузер, бесатар-бердеңке сияқты қарулары көзге көрініп тұрған шоқша шақалды, жүзі күн мен желге тотыққан, мына сен сияқты көккөз, сары адам:

-Бастықтарың кім?-деп, сұрады, мығым дауысымен шегелей сөйлеп.

-Менмін,-дедім, қолы байлаулы мен.

-Сен комсомолсың ба?

-Иә, лениндік комсомолдың Қарауылдағы бастығымын.

-Өзің жап-жас болып, тағы «бастықпын» деп шіренесің, ә?

Мен тілімді жұтып қойғандай, үнсіз тұрмын. Сөйлесем, бәлеге қалатын сияқтымын. «Осы өңірде күндіз-түні Садықтың бандысы жүреді» деп ел айтып отыратын. Дәуде болса, шамасы, мына адам, сол Садық бандының дәп өзі болуы мүмкін.

-Иә, комсомол, сөйле?

-Сөйлегенде, не айтамын?

-Бәрін айт, ана таз көсемдеріңе қалай адал қызмет етесің, байларды қалай тәркіледің? Қанша адамды өлім жазасына кесіп, қаншасының көзін жойдың? Айт, бәрін? Барша қазақтың малын тартып алып, оларды қалай тентіретіп жібердің? Айт, айт?..

-Мен ондай емеспін.

-Сонда қандайсың?

-Адаммын.

-Адам екеніңді көріп тұрмын. Өзің қай елсің, осы өңірденсің бе? Осы жақтың адамы болсаң, кім дегеннің баласысың?

-Тобықтымын. Құндыздыдағы Қазыханның баласымын.

-Әлгі Семейде оқып жүрген баласысың ба? Онда құда болдың ғой. Әкең тірі ме?-

-Дін аман.

-Мына апара жатқандарың не?

-«Қызыл отаудың» заттары.

-Оны қайда апара жатырсыңдар?

-Ақшатауға, Сәменге,.

-Білемін ішінде не бар?

-Кітаптар, Ленин бабамыздың дауысы жазылған күйтабақ, газет-журналдар.

-Одан басқа нелерің бар?

-Аштарға аздап үлестіретін ұн, қант, шәй дегендей.

-Өздерің халықты қырып алып, енді көмектеспексіңдер ме?

-Солай болып тұр, Ленин бабамыздың ұлы өсиеттерін орындап жүрміз.

-Бұл шіріктің «Ленин бабашылын». Түсіріңдер, ана жүкті,-деп, ол кісі сарбаздарына кәрлене қарады.

«Бандылар» әп-сәтте үш түйенің қомындағы жүктердің бәрін жерге түсіріп, оларға от қойып, өртеп жатыр.

-Атам қазақ: «бүлінгеннен –бүлдіргі алма»-деген. Мыналарыңды біз алмаймыз. «Итке — темір не керек»? Бәрін түк қалтырмай, өртейміз. Сендерге сабақ болсын деп, әдейі істеп жатырмыз.-деді сенің Садық атаң маған сұстана қарап.

Барлық жұмыс біткеннен кейін, ол кісі менің қасыма келіп:

-Құда бала, бір жолға шыбын жаныңды қалдырамын. Сендердің мына қанішер қызыл өкіметтеріңнің ғұмыры қысқа болады. Қаншама қазақтың қанын төктіңдер, қанша қазақты аштан қырдыңдар, қаншасын шетел асырып, тентіретіп жібердіңдер, «бұраудың да, сұрауы бар»? Мен бомасам да, менің ұрпақтарым, сендердің сазайларыңды беретін болады. Ұқтың ба, бала? Әкеңе менен сәлем айт!-деп, айтты да біздің астымыздағы аттарымызды, түйелерімізді, қару-жарақтарымызды тегіс сыпырып алып, бізді жаяу күйімізде айдалаға дымсыз қалдырып, өздері белгісіз жаққа шауып бара жатты.

-Сенің Садық атаңның сонда айтқандарының мағынасына ол жолы шындап, мән бермеген едім.

Арада көп жылдар өткенде, жасым ұлғайып, шау тартқан шағымда ол кісінің сонда айтқандарын қайталап, ой елегінен өткізіп, қалың ойға қаламын. Мен өзі Совет өкіметіне адал қызмет еткен адаммын. Партияға сендім. Компартияның көп жақсылығын көрген адаммын. Өзіңді-өзің жамандай алмайды екенсің. Бірақ, Садық батырдың сол жолы маған айтқан сөздерінің де жаны бар сияқты. Қалай дегенменде, Садық Кенебайұлы – өз зманының ұлы еді ғой.

Міне, балам, менің сенің Садық атаңды алғаш рет және ең соңғы рет көргенім сол болды. Егер сенің Садық атаң болмағанда, менің шыбын жаным кеудемде қалар ма еді, қалмас па еді, оны да кесіп айта алмаймын. Сондықтан да өзімді сенің Садық атаңа қарыздар санаймын.

Айналайын, мына Асқар екеуіңді құдай біліп, жақындастырған ғой. Екеуің айрылмас дос болыңдар. Бір-біріңе сүйеніш болып, дер кезінде қолқабыс тигізіп отырыңдар.

-Әумиын, жортқанда жолдарың болып, бақытты болыңдар!-деп, бізге батасын берді.

Бұдан кейін мен Сәукен ағаны көре алмадым, қайтыс болыпты деп естідім. Асқар досымның маған неге хабар бермегенін түсінбедім. Ол кезде мен де әлі басында құйыны бар жас едім.

Ал, Асқар екеуміз ұзақ жыл айрылмас дос болдық. Асқардың алған әйелі Қарлығаш үйден кетіп қалып, Асқар жалғыз қалды.

Асқар үнемі біздің үйге келіп, әйелім Шолпанның қолынан барын ішіп жүрді. Мен оны соңғы рет өз үйімде көргенімде:

-Асқар, мынаны азайтсаң қайтеді?-деп, қатты өтініп сұрағанымда, қайран досым:

-Басқа айтқандарыңның бәрін орындайын. Тек, маған мынаны «қой» деп айтушы болма. Анада Шымкенттегі туыстарымда он күндей қонақ болып келдім. Оларда не жоқтың бәрі бар екен. Менің асты-үстіме түсіп күтті. Әбден жат болып кеткеннен кейін, қиын болады екен. Қанша жалпақтаса да әйтеуір, соларға ішім бір жылымай қойды. Сосын олар менен қанша өтініп сұраса да, ол жақта қала алмадым. Қалтама қанша жұмсасам да жететіндей, көп ақша салып берді. Қәзір сол байлықты кеміріп жеп жатырмын. Ешкімге зияным жоқ. Тек маған «қой» деп айтушы болма?-деп, ағынан ақтарылғанда, мен не дерімді білмей қалған едім. Осы әңгіменің бәрін менімен бірге естіп отырған Шолпан да ол жолы үндемеген.

Соңғы келгенінде біздің үйде Асқар бір жетідей жатты. Бір жақсысы, ол қанша ішсе де, ешкімнің мазасын алмайтын. Оның үстіне Асқарды Шолпан да қатты сыйлайтын. Жас кездегі достар ыстық болады екен. Мен оны ешқандай жамандыққа қимайтынмын. Мен бойдақ кезде Асқар екеуміздің басымыздан талай қызықтар өткен болатын…

Кейін бір жолығысып қалғанымызда Асқардың өңі жүдеу болатын, аздап ауырып жүргенін де айтқан. Үйге шақырып едім, көнбеді.

Бір күні маған, үйдегі телефонға бейтаныс бір полиция телефон шалып:

-Сіз Асқар Қазыханов дегенді білесіз бе? Тура көше жағасындағы орындықта отырған күйі жүріп кетіпті!-деп, хабар берді.

Менің тіл-аузым байланып қалғандай, селтиіп орнымда тұрып қалдым. Әлгі полицейлер менің телефон нөмірімді Асқардың қалтасындағы қойын дәптерінен алыпты.

Басқа таныстарының емес, менің ғана телефон нөмірімді сақтап жүргеніне қарағанда, Асқар марқұм сол жолы тағы да біздің үйге келгісі келді ме екен деп ойлаймын. Бірақ, қайран достың дәмі солай таусылған еді.

Дереу Асқардың жездесі болып келетін, менің бұрынғы Қазақ телевизиясындағы әріптесім, белгілі музыка зерттеушісі, Асқардың туған жездесі саналатын — Жарқын Шәкәрімге хабар бердім.

Марқұм Асқардың сүйегін Ақшатауға емес, Шымкенттегі туыстарының қасына апарып жерледі. Өмір деген осы, бүгін –бар, ертең –жоқсың дегендей. Ақ көңіл ашық, таза азамат Асқар Қазыхановтан мына мен  осылай айрылып қалған едім.

Асқардың Шымкентке қандай қатысы бар деп біреу-міреу сұрай қалса, айтарым бар. Асқардың бір замандардағы ауқатты ата-балары атың өшкір кеңестік кезеңнің 1928-1929 жылдарғы байларды тәркілеу саясатынан таяқ жеп, бірі –сотталып, бірі – айдалып, тоз-тоздары шығады.

Негізінен Қазыхан әулеті өсіп, өнген көптармақты әулет екен. Сол Қазыхандардың бірі — Оңтүстік Қазақстан облысына жер аударылып, сол жақты мекендеп, тұрып қалады. Мен сөз етіп отырған Асқар Қазыханов – Шымкенттегі бір Қазыхановтардың баласы еді, оны кішкентай кезінде біздің кеңшардың директоры болған Сәукен аға, оның әйелі – бауырына басып, асырап алған екен.

Сөйтіп, Асқар шымкенттік емес, семейлік болып шыға келген. Ана жылдары осы Сәукен ағаға жамағайын болып келетін белгілі тележурналист – Сұлтан Оразалиннің еңбек демалысына шыққан Сәукен аға мен оның жарын Қазақ телевизиясының бір тікелей хабарына қатыстырғанын мен де көргенмін. Сол хабарда Сәукен Қазахановтың ертеде Кеңес одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғаны жөнінде әңгіме болған. Демек, Сәукен аға елге құрметті, аса танымал азамат деген сөз

Мына Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетте профессор болған Қозы Қазыханов деген атақты адам болған. Ол кісі де біздің Сәукен ағаның жақындары еді. Қәзіргі ҚР сыртқы істер министрі – Қазыхановтың да Сәукен ағаның жақыны екенінде дау жоқ.

Қорыта айтқанда Сәукен Қазыханов – тек «Ақшатау» кеңшарының директоры ғана емес, елімізге аса танымал әулеттің өкілі болғаны анық. Сондай адамның менің Садық Кенебайұлы атам жәйлі жоғарыда маған айтып берген әңгімесінің мен үшін маңызы аса зор, құнды дерек екенінде дау жоқ.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары — Өкпетідегі болған оқиғада менің атамның Сәукен комсомолды: «құда бала» деп бекер айтпаған сияқты. Біздің әулет мүмкін, осы Қазыхандар әулетімен жақын құда болған шығар? Оған менің нақты дәлелім жоқ. Найманның Төлегетай, Қаракерейден тарайтын -Сыбанының Тобықтылармен сонау ерте кезден-ақ, сүйек-шатыс, құдандалы болып келгені рас.

Күңке әпкеміздің Құнанбайдың бәйбішесі болуы, Абайдың әжесі – Зере апаның – Сыбан қызы екені, Сыбанның тағы бір ақын қызы – Қуандықтың айтыста Абай сияқты ұлы ақынды «тәубесіне» келтіруі, Абайдың Сыбан қызына ғашық болып қалуы, атақты Серікбай болыспен осы Абайдың туған құда болуы – көп нәрсені аңғартса керек.

Менің Аягөздегі Амангелді Керімтаев ағам – Тобықты атаулымен қатты қалжыңдасатынын талай рет өз көзіммен көрген едім. Амангелді ағаның атақты Шәкер Әбен ақынмен өзара қалжыңдары – бір кітапқа жүк болатын, үлкен дүние..

Сукен Қазыханов аға мен ол кісінің баласы, менің досым –Асқар Қазыханов туралы әңгімем аяқталып келеді. Екі бірдей қос мұңлық — марқұмдардың жаны –Жәннәтта болсын!

 

Жұмаш Кенебай(Көкбөрі),

01.10.2018 жыл.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*