ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Ғаббас Қабышұлының «СЕГІЗ АУЫЗ СӨЗ» кітабынан: Н. Хрушев

Саясат

Ғаббас Қабышұлының «СЕГІЗ АУЫЗ СӨЗ» кітабынан: Н. Хрушев

talgy_admin 17.09.2018 927 рет қаралды

 

 

Саяси  мақалалар  жинағы

(Басы talgy.kz  жарияланымда)

 

Н. ХРУЩЕВ

       Курск губерниясының Калиновка селосында туған. Бақташы, слесарь болған. 1914-жылы  майданға барған. 1918-жылы большевиктер партиясына мүше болып, партиялық жұмыспен айналысқан. Донтехникумда (Юзовкада) оқып жүріп, партия ұйымының хатшысы болған. Одан кейін Петров-Марьинск оязында, Мәскеу Өнеркәсіп академиясында партия ұйымдарына жетекшілік еткен. Академияны бітіріп, Мәскеудің бірер ауданында партия комитеттерінің 2- және 1-хатшысы болып, 1938-жылы Украинаға Орталық партия комитетіні 1-хатшылығына жіберілді де, 1947-жылы  Мәскеуге қайтып оралып, Мәскеу қалалық және облыстық партия комитеттерінің 1-хатшылығына ие болды. Одан кейін: СОКП Орталық комитетінің ауылшаруашылық жөніндегі хатшысы, 1953-жылы 1-хатшысы, ал 1958-жылдан бастап КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы міндетін қоса атқарды. Мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын былықтырғаны үшін 1964-жылы қазан айында орнынан алынып, зейнетке жіберілді…                                                

-Әй, мына таздың есі дұрыс па, а?!. «Елді не аз бүлдіреді, не таз бүлдіреді» деген  рас  болды!  Мынау  ауылды  құртуға  кірісті!  Ауылды құрту –  қазақты құрту! Ауыл – қазақтың бесігі!..  Мынау шынында есалаң  шығар?! – деп ашынып сөйлеген әкем орындығынан ұшып тұрды да, қолындағы гәзетті лақтырып жіберіп, қайта отыра қалып, маған зілдене қарады.

-Маған не қыл дейсің? Бар жазығым ертең тарайтын гәзетті елден бұрын, бүгін әкеліп бергенім бе? – дедім, ашуын сейілткім келе  әзілдеп.

-Соншама не бола қалды? – деді  асбөлмеден шыққан шешем, әкеме аңтарыла қарап.

-Өй, анау таз, құрып кеткір таз! Тағы бүлдірді, әне! – деп әкем еденде жатқан  гәзетті нұсқады. – Маленков: « мал өсір, көбейт, үйіңнің іргесінде  жер телімің болсын, бақша жаса» деп еді, ал мынау таз шығып, телімді құртып, екі қой, бір сиыр ғана ұста деді емес пе?! Енді, ол қырсығы аз болғандай, мытысты таратқан қаулы шығарыпты! Мұнысы – колхозды  ойрандау! Неткен  ақымақ, а?! Әкесін  колхоз  өлтіріп  пе  екен?! Өй, әкеңнің ауызын..!

-«Мытысты таратты»  дейсің бе? — деген  шешем еңкейіп гәзетті алып, диванға қойды да, сауалына жауап күтпей: — Жарайды, тамақ дайын, жүріңдер, — деп асбөлмеге беттеді.

Екеуінің «мытысы» – МТС.  Машина-трактор стансасы.

-Балам, көп кешікпегенің жақсы болды, шешең алаңдай бастап еді,  жүр, тамағы суып қалмасын. Таз туралы сөзді доғардым, құрысын! – деп әкем орнынан тұрды.

…Әкемнің «таз» дегені – Никита Хрущев. Неге екенін білмеймін, сұраған  да  емеспін, оның  суретін гәзеттен алғаш көргенде-ақ:

-Мына таз неменің сиқы жаман екен, шошқа сияқты, — деген-ді.

-«Тазың» не, қасқабас  қой? – дегенімде ол:

-Мынанікі  ақылға  біткен  қасқабас  емес, бұдан  да   Жарылғаптай таз  болғаны  дұрыс еді, — деп  мырс-мырс  күлген. Жарылғап дегені – құрдас  досы, оның атын кекесінді сөзіне сына ете салатын әдеті.

Біз Өскемен қаласында тұратынбыз. Мен облыстық «Коммунизм    туы» (қазіргі «Дидар») гәзетінің редакциясында қызметтемін. Сол күні гәзет шығару жұмысымыз мезгілінде аяқталып, үйге сағат кешкі сегізден кете келгенмін. Кезекшіліктегі әдетім —  баспаханада таралымы басылып жатқан ертеңгі гәзеттің бір данасын алып қайту. Солайша әкелген гәзеттің ертеңгі санында партия мен үкіметтің МТС-ты тарату туралы қаулысы шығатын.  Зейнеткер  әкемді  қатты ашуландырған – сол  қаулы.

Облыста  он  МТС бар. Бір МТС бес-алты  ұжымшарды (колхозды): трактормен, комбайнмен,  шөп шабатын, дегдіген  шөпті  жинайтын және егін оратын, оны баулайтын техникамен, басатын комбайнмен, жоспарлы   астықты облыс орталығындағы қабылдау пунктіне таситын аутомәшінмен жабдықтайды. Оларды  қыс бойы күрделі жөндеуден өткізеді де, көктем  мен жазғы, күзгі  жұмыстарға қажетінше  бөліп  беріп, ол  үшін  шартты  ақысын  алады. Науқандық  шаралар аяқталысымен бәрін  тағы жинап алып, жөндей бастайды. МТС  таратылғаны – сол техниканың бәрі далада  қалды  деген  сөз. Ұжымшарда  оны  сатып  алар  қаржы да, жөндейтін шеберхана да, тіпті  қоятын  гараж-аула  да  жоқ. Яғни  ауыл  шаруашылығы  шоңқайтылды.

Әрине, халық  қарап  отырған  жоқ, қастыққа  пара-пар  қаулыға  ауызша да, жазбаша  да қарсылық күшейді.  Ақырында, бес-алты айдан  кейін, МТШ ашу жөнінде жаңа қаулы шықты: «Машина-трактор шеберханасы». МТС-пен салыстырғанда, ол далбаса бірдеңе болды. Оның үстіне қыс түсе далада қаңқайып қала берген техника атаулы, біреу анау темірін, біреу мынау темірін алып кетіп дегендей, тоналып бітті де, мемлекет  жаңасын  алуға  ұжымшарға  несие  қаржы  бөлуге  мәжбүр  болды. Соны естігенде әкем:

-Таздарың  енді төрт-бес  жыл  билеп-төстейтін  болса,  елді аздырып-тоздырып бітірер! — деп боқтап салды. Ол ғана емес, көпшілік солай дей бастады.

«Таз-екең»  көпшілікті  қателестірмеді. Алдын ала айтсам:

СОКП  ХХ-сьезін  өткізіп, онда «Сталиннің  жеке  басына табыну  және оның  зардаптары»  жайында  құпия  баяндама  жасап, жұртты  дүрліктірді;

таратылған Халық шаруашылығы кеңестерін (Совнархоз) қайтадан құрды;

КСРО-ның кеңес атқару комитеттері мен компартия ұйымдарын «ауылшаруашылық», «өнеркәсіптік» деп екіге бөліп, атыстырып-шабыстырды («Ауыл милициясына бір әйел барып: — Күйеуім  мені мына балғамен  ұрып, мертіктіріп  тастай жаздады, — дегенде милиционер  оған: — Балға біздікі емес. Біздікі – орақ  депті»  сияқты  анекдот сол тұста көбейіп кетті);

дүние  жүзі  компартияларының  «маркстік», «маркстік емес» деп  екіге жарылып, айтыс-тартыстың астында қалуларына түрткі болды;

«сталиндік» Қытаймен, Албаниямен жауласты;

«Мал өнімдерін  өндіруді жан басына шаққанда Америка Құрама Штаттарын қуып жетіп, басып озамыз!» деп ұрандап, ақырында халықты  «жан  басына  шаққанда» бір  қолға:  жүз елу грамм  сарымай,  жарты  кило   ет, бір бөтелке  сүт, бір  бөтелке айран алу үшін таң бозынан дүкен есігін күзетіп кезекке тұратын жағдайға ұшыратты. Қара нан отбасына күніне бір бөлкеден ғана тиді, ақ  нан «асқазаны  ауырады» деген дәрігерлік анықтамасы бар адамға ғана сатылды (Өскемен қаласында тұрған біз осындай сорақылық көрдік);

1962-жылы  Америкаға барғанында  бір фермерінен  «үлгі  алып»  келіп, жер-көкке «әрі сүт, әрі май, әрі ет» жүгері  ектірді. Сөйтіп, ақырында, әсіреәміршілдігінің  соңғы  жылында (1964), жүгерісі де  құрып, халықты  көкбұршақтың  нанына  қамады, ол «жетістік»: «Жүгеріші Хрущевтің енді елге көкбұршақ жегізгені несі?» — «Е, коммунизмге кетіп бара жатқанымыз естіліп тұрсын деген ғой!» сияқты анекдоттардың шығуына себеп болды;

ұлы  елдің  басшысынан бұрын еріккен саяхатшыға ұқсап, әлемді шарлай   беруді  әдетке айналдырды;

Бір рет Социалистік Еңбек Ері атағын және бейбіт заманда үш рет Совет Одағының Батыры атағын алды. Ордендерінің  саны – алпыстан асты;

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мінберінен бұрқырап сөйлеп, капитализмді «жерлеп құртатынын»  ышқына  жариялап, өзінен  кейін қарсы сөйлеген Филиппины өкілінің сөзін тыңдатпас үшін бәтіңкесімен  орындығын тоқпақтап, КСРО-ны мазаққа ұшыратты;

«Кариб теңізі дағдарысын»  жасап, дүниежүзілік үшінші соғысты   бастай  жаздады…

Ол дені дұрыс іске жоқ, ағыл-тегіл арзан сөзге құмар «көсем» болып шықты. Қай мамандық иелері алдында сөз сөйлесе, өзін де сол мамандықтың иесі етіп жүрді. Диқан да, құрылысшы да, шахтер да, экономист  те,  тіпті  журналшы  да, жазушы да  және бәріне  оңды-солды  ақыл айтушы да болды.

Оның ең әуелгі уәдесі «ескірген сталиндік бесжылдықтың» орнына жаңадан шығарған  «жетіжылдығында» совет халқын тегін пәтермен түгел және тез қамтамасыз ету болды. Жоспар іске аса бастады. Бірақ бастама Хрущевтікі емес-ті.

Дүние  жүзін  жауламақ болған гитлерлік фашизммен күрес КСРО-ның жеңісімен аяқталса да, ел жағдайы қиындап кетті. Басқыншылар жетіп үлгірген  жерлерде жүздеген  қаланың түтіні өшті. Оларды қайтадан қалпына келтіруге өнеркәсіптік мүмкіндік аз, құрылысшы маман мен жұмысшы  жетіспеді. Баспанасыз  қалғандар – сан миллион. Сондай  жағдайда бір күні И.Сталин Францияда жеңіл де мықты, арзан материалдан тез құрастырылатын  үй салу жобаланып жатқанын естіп, министрліктен құрылысшы-маман профессор А. Карасевті шақырып  алып, оған  француздардың  әрекеті  туралы  айтып,  онымен танысуды, КСРО Үй құрылысы өнеркәсібін ұйымдастаруды, зауыттық жолмен оңай, тез және арзанға  түсетін үй жасауды тапсырады. Пәтердің  ішкі  төбе  биіктігі  3 – 3,5  метр;  пайдалы  көлемі: 1 бөлмелісі 40 – 45, екі бөлмелісі 70 – 75, үш бөлмелісі  кемінде 100 шаршы метр,  ваннасы, дәретханасы  жеке  болсын  дейді.

Жалпы КСРО-да  үй  салуды тездету  жайында 1944-жылғы мамыр айының  23-і күні – Жеңістен бір жыл бұрын! – арнаулы қаулы  болып, жылына 3,6 миллион текше метр үй салу жоспарланыпты!

Сталин бастаған ол игі істің де  ат-атағы Хрущевқа бұйырып, ол: — Мұншама үлкен ету, шығынды көбейту керек емес! – деп,  бұрынғы жобаны туталақай етіпті. «Үнем жасау үшін» үй бөлмелерінің төбесін аласартуға, бөлме көлемін екі есе кішірейтуге, ванна мен дәретхананы біріктіруге «кеңес» берген. Сөйтіп салынған ірі панельді үйлер «хрущевка» деп аталып кетті.

Бітеубұйрықты Хрущевтің  Совет Одағын  өркендету жоспарларын «орындап» болған соң: «Совет халқының бүгінгі ұрпағы коммунизмде өмір сүретін болады! Коммунизм нышандарын 1980-жылы көре бастайсыңдар!»  деп  өркештенгені де есімізде!  Бірақ, «амал не», оны өзі көре алмай, 1964-жылғы  қазан  айының 14-ші күні  тоңқалаң асты. Оның орнынан түсірілгенін естіген сәтте бұрын: «Ол өлі арыстанмен алысып, жеңіліп  тынды» деген            У. Черчилль  енді: «Ең  мылжың  премьер  сахнадан  кетті» депті.

Андрей Сухомлиновтың «Василий, көсемнің ұлы» кітабында (Москва, «Совершенно секретно», 2001 г.) 1964-жылғы құпия құжаттан (Н. Хрущев  орнынан алынған пленумда Д. Полянский жасаған баяндамадан) мынадай дерек келтіріпті: «…Хрущев, мысалы,  1963-жылы елімізді және шет елдерді аралауда 170 күн болды, 1964-жылдың тоғыз айында жұмыста 150 күн болмады. Бұған оның 1963-жылдың 128 күнін, әрбір үшінші күнді, небір салтанатты қабылдау, қонақасы берумен өткізгенін қоссақ, сонда жұмыста қанша уақыт болғаны?.. Ол қыдырысқа көптеген нөкерін ерте шығатын, кейде, өзінің жақын-жақпайлары былай тұрсын, бөгде біреулерді қосып алатын. Мысалы, АҚШ-қа 150 кісімен барды… Ол шетел сапарларына аса қымбат силық: ұшақ, аутомәшін, қымбат аң терісін, арнап жасалған мылтық… ала жүретін. Секу Туреге «Ил-18» ұшағын силады. Египетке барғанда Насердің өзіне екі «Чайка», балаларына, басқаларына бірнеше «Москвич» аутомәшін апарып берді… Өзінің Қырымдағы және Пицундадағы (Кавказ) саяжайына бассейн салдырды, оларға 5 миллион сомға жуық қаржы жұмсалды… Енді оның үйіндегі аутомәшінді санап көрелік: ұлында 4, күйеубаласында 2, әйелі мен қыздарында — бір-бірден және керек болып қалуы мүмкін кезекшілікте 4 аутомәшін! Үй шаруасы мен күзетінде 110 адам болды… Ал бұл «лениншілдің» марапат пен силыққа құмарлығында шек жоқ-ты!».

Даңғазашыл «Біздің Никита Сергеевич» (деректі кинофильмнің аты) туралы оның екі серігін сөйлесін:

«Хрущевтың портреті орталық гәзеттерде, мысалы: 1963-жылы 120 рет;  1964-жылдың тоғыз айында 140 рет жарияланды. Ал хрущевтық залымдықтың құрбаны болған И. В. Сталиннің портреті жылына 10-15 рет  қана    шығатын. М. Суслов».

Екіншісі. «…Ол ешқашан тиянақты жұмыс істеген жоқ. Кітап, журнал атаулыны оқыған емес. Гәзеттегі кейбір керек материалды көмекшілері айтып беретін. Орталық Комитетте онымен қызметтес болған екі жылда ол бұрыштама соққан бір ғана құжатты көрдім. Елшілердің бірінің жеделхатына Суслов пен маған: «Азнакомица» деп бұрыштама жазыпты (дұрысы – «ознакомиться» ғой, — Ғ.Қ.)… 1957-жылдың маусымында оны партиялық-мемлекеттік басшылық қызметтерінен алу, қолынан келетін жұмысқа жіберу керек делінгенде ол – Хрущев… істің ақыры қалай болары белгісіз алғашқы күні жүні жығылып: «Жолдастар, менің ешқашан, ешқайда оқымағанымды ескерулеріңді өтінемін» деп жалбарынды. Д.Шепилов».

Хрущев расында оқып жарымаған. «Әкем попқа бір қап картөшке    беріп, бір жыл оқыдым», дегені бар. Тіл-жағына сүйенген белсенділігімен  компартияға мүше болып, Партия мектебінің Жұмысшылар факультетінде, Мәскеудің Өнеркәсіп  академиясында  оқыды. Академияның профессоры         А. Соловьев  былай  дейді: «…Хрущевтың қызметі қалайша жоғарылай бастағанына мен де, басқалар да таңданып жүрдік. Ол академияда өте нашар оқыды. Енді, әне, аупарткомда екінші хатшы. Кагановичтің жетегінде. Жағымпаздың көкесі… Ол академияда Сталиннің әйелі Надежда Аллилуевамен бірге оқыды, сірә, оған өліп-тіріліп жағына білсе, «ашыл, сандығым, ашыл!» дегендей, биліктің ауласына кіре алатынын білсе керек. Сасық есебі оны сүріндірген жоқ. Надежда Аллилуева көсемге оны бір емес, бірнеше рет мақтаған болар. Хрущевтың  тез жоғарылау құпиясының бірі сонда шығар. Сүйікті әйеліне сенген И. В. Сталин оның қамшы деп силағаны қара қанжар болып шығатынын қайдан білсін».

Бүгінде: — Хрущев Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеп, ерлік жасады, сол үшін ғана тарихта қалады, — дейтін «білгіштер»  бар. Иә, оның «тарихи еңбегі» — өлі Сталинді  «әшкерелегені», КСРО-ны саяси және экономикалық дағдарысқа ұшыратқаны.

«Халық жауы» науқанының жабылған күйінде қалмауы, кейін үлкен    сөз болуы мүмкін  екенін  долбарлай білген  Хрущев өз басын арашалаудың сәті түсіп тұрғанын пайдаланып қалуды ойлаған.  Кеңестік қарсыбарлаудың (контрразведканың)  ардагері  Б. Сыромятин: «…Орталық мұрағаттың директоры полковник В. Детинин репрессияны ұйымдастырушылардың бірі болған Н. Хрущевқа қатысты құжаттар түгелдей құртылғанын мәлімдеді» десе, Тарих мұрағатының қызметкері В. Наумов  жиыны 11 қапшық құжат тәркіленгенін, құжаттар неғұрлым азайған сайын Хрущевтың  өзі қатысқан қылмыстарды басқаларға жаба солғұрлым есіріп сөйлей бастағанын айтыпты.

Бертінде, М. Горбачевтің тұсында, 1937-38 жылдардағы репрессия құжаттарын тексеру жөнінде үкімет пен партияның комиссиясы құрылды. Маңызды іс ақырына жеткізілмесе де, комиссияның төрағасы А. Яковлев қалайда сақталып қалған деректерге сүйеніп: «Хрущевтың екі қолы иығына   дейін қан  болыпты»  деді.

Иә, «күнәдан пәк» Хрущев «халық жауларын құртуда» ешкімге есесін жібермеген. Өнеркәсіп академиясын  бітіріп, аудандық партия комитеттерінде екі-үш  жыл істеп, содан соң Мәскеудің қалалық және облыстық партия комитеттерінің екінші, бірінші хатшысы болған  жылдарында «Үштік сот» —  С. Реденс, А. Маслов үшеуі  қол қойып, көп зұлымдық  істеген.  Оның, әсіресе,  өнеркәсіпті Мәскеу облысынан  22 мың «халық жауы кулакты» қалай тауып алғаны талайды таңдантыпты.

«Үштік соттар» көп  ретте  БК(б)П Орталық комитетінің Саяси бюросына айтпай-ақ білгенін істей берген. Оған айғақты, мысалы, орыстың адал, әділ  зерттеуші-тарихшыларының  бірі Е. Прудникованың  ресми  дерек толы  кітаптарынан таба аласыздар:

СОКП  ОК Саяси бюро комиссиясының 30-40 жылдары және 50-жылдар басындағы репрессия материалдарын қосымша зерттеу жөніндегі жазбасынан:

«Өте құпия

Жеке папка

1988-жыл, 25-желтоқсан.

Қол қойғандар: А.Яковлев, В.Медведев, В.Чебриков, А.Лукьянов, Б.Пуго, Г.Разумовский, В.Крючков, В.Болдин, Г.Смиирнов. Ресей Федерациясы мұрағатының Хабаршысында жарияланды. 1955.№1. 123-130-беттер.

1936-1937-жылдары БК(б)П Мәскеу облыстық және қалалық комитеттерінң бірінші хатшысы, 1938-жылдан Украина К(б)П ОК бірінші хатшысы кездерінде көптеген партия және совет қызметкерлерін тұтқындауға келісім берген. МҚК мұрағаттарында оның соғыс алдындағы жылдары Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында және Украинада жаппай репрессия жасағанын айғақтайтын деректі құжаттар бар. Хрущев Мәскеу советі мен Мәскеу партия комитетінің басшыларын тұтқындау жөніндегі ұсыныс құжаттарды өзі жіберіп отырған. Сол бойынша Ішкі істер комиссаратының Мәскеу қалалық және облыстық  бөлімдері 55 мың 741 адамды репрессиялаған. Ал Украинада 1938-жылы 106 мың 119 адам тұтқындалса,1939-жылы 12 мыңға, 1940-жылы 50 мыңға жуық адам тұтқындалған. Яғни Украинада 1939-1940 жылдары жиын 168 мыңнан астам  адам тұтқындалды».

Демек, Хрущевтың ерекше белсенділігімен тұтқындалған «халық жауларының» жалпы саны 223 мыңнан асса, оның атылған төрттен бірінің қаны соның мойнында.

Хрущев 1938-жылдың басында Сталинге: «Қымбатты Иосиф Виссарионович! Украина ай сайын 17-18 мың  адамның репрессиялануы керектігін жазып жіберсе, Мәскеу 2-3 мыңына ғана рұхсат береді. Шара қолданыңызшы! Сізді жанындай жақсы көретін  Н. С. Хрущев»  деп  жіберген  жеделхатына  Сталин: «Ақымақ, желіге берме!» (Уймись, дурак!) деп бұрыштама соғыпты.

«Сізді жанындай жақсы көретін»  дегені зымияндығы  еді. Бірер дәлел:

«…Жан досымыз, дана көсеміміз жолдас Сталин! Партиямыздың социализм жолындағы жеңімпаз күресі Сіздің атыңызбен тығыз байланысты… Сталин аты — біздің еліміздегі миллиондардың жүрегінде!» (Мәскеу қалалық партия конференциясындағы сөзінен. 1932 ж.);

«…Сталин – біздің туымыз! Сталин – біздің жігер-күшіміз! Сталин – біздің жеңісіміз!» (Радек пен Пятаковтың соты туралы жиындағы сөзінен.         1936 ж.);

«…Еліміздің жұмысшы табы мен бүкіл еңбекшілері Лениннің ісін ілгерілетуші, КСРО халықтарының көсемі, дүние жүзі еңбекшілерінің досы Сталин жолдастың ақылдылығы, көрегендігі, сарқылмас қуаты арқасында социализмнің ұлы жеңістеріне қол жеткізді!»  (Мәскеу  қалалық   партия конференциясындағы  сөзінен. 1937 ж.);

«…Совет Одағының барлық халқы Сталинді досымыз, әкеміз және көсеміміз деп біледі. Сталин — халықтардың  қарапайым досы. Сталин —  халқымыздың сүйікті әкесі. Сталин — халық күресін даналықпен басқарушы көсем…  Дүние  жүзінің еңбекшілері  ол туралы сүйіне айтатын да, жазатын    да  болады. Ал еңбекшілердің  жаулары ол туралы ауыздары көпірши долдана  айтар да жазар» (Сталиннің   жасы   60-қа  толуына  арнаған  сөзінен.  1939 ж.).

Сталинге  жағымпазданудың  осылайша сорақы үлгісін көрсеткен  ол СОКП  ХХ-съезіндегі «құпия» баяндамасында: «…Жеке басқа табыну өте өрескел өрістеді, өйткені Сталин өзіне жағымпазданғандарды қолдап отырды» деп, одан арыда «сүйікті әкесін»  тілінің жеткенінше жамандап жүрді де, бірде:

«…Марксшілер-лениншілер үшін ең басты іс – жұмысшы табының мүддесін, социализмді қорғау, марксизм-ленинизмнің жауларымен күресу; бұл жолда әрбір коммунист Сталинше күресе алса, Құдайдың бергені дейміз!» деп сілтеді (1957-жылы 17-қаңтарда Қытай Халық Республикасының  Мәскеудегі елшілігенде болған қабылдаудағы сөзінен («Правда» гәзеті).

«Шіркінде ес болсайшы сезед деген» (Абай).

…Кулак, шпион, сатқын, арандатқыш «халық жауларын» әшкерелеуді қарқынды жүргізген Хрущев діндарларға да ауыз салыпты. Ол бағыттағы  белсенділігі  Б. Сыромятиннің  жазбасында  айтылған:

«…Хрущевтың шіркеулерді жабу және дін қызметкерлерін қуғындау бастамасын Сталин қолдамады. 1935-жыл. Сталин Сочиде дем алып жатқан. Бір күні Хрущев келіп, әңгіме барысында: «Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында 79 шіркеуді жабуға нұсқау бердім, ал неғұрлым белсенді діни қызметкерлерді сотқа тартамыз» дегенде Сталин: «Хрущев, сіз – аранхистсіз! Махно батько тірі болса, сізді ұлындай жақсы көрер еді. Шіркеуде шаруаңыз болмасын! Біздің «пролетариат ақынымыз» Демьян Берныйша көзге түспекшісіз ғой? Киелі жазбаларды мазақтауға оған кім рұхсат берді? Оның «Құдайға сенетіндер мен сенбейтіндер Библиясы!» деген кітабын дереу жою керек!» дейді. Хрущев міңгірлей сөйлеп: «Мәскеу қалалық сотында діндарлардың 51 ісі жатыр еді…» дей бергенде Сталин: «Оларды тоқтатуға дереу нұсқау беріңіз!» дейді.

Өзі өме қапқанға дейін өлі Сталинге жау болған Хрущев әлде Сталин қауіп еткен халықаралық сионизммен әмпей ме еді? Солай да болуы мүмкін.   «Сталиннің  құпиялары» деген  кітаптың авторы В. Веденеев былай депті:

«…Батыстың кейбір зерттеушілері Никита Хрущевтің тегі, — өзі айтып жүргендей кәдімгі украин емес, — кәдімгі иудей. Фамилиясының Перелмутр  екенін жасырған. Революцияның қарсаңында украин «тонын жамыла қойған». Иә, Хрущев туып-өскен оңтүстік өңірді еврейлер мекен еткен. Ресей империясының заңы православ дінін қабылдамаған еврейлерге елдің солтүстік өңірінде тұруға тиым салған. Ал ол жаққа қоныс аударғысы келгендер өте көп мөлшерде салық төлеуге тиіс болған».

Православие дініне жауыққан, шіркеулерін жауып, дін басыларын тұтқындап, бірақ  оларды Сталиннің  әмірімен босатуға мәжбүр болған екіжүзді Хрущевтың таққа отырып алған соң, 1957-жылы мамыр айында, жазушылармен кездескенінде дінге көзқарасы туралы сұраққа: «Мен христиан емеспін, шіркеуге баруды баяғыда қойғанмын… Біз атеист бола береміз, көпшілікті діни шырмаудан азат етеміз… Сендер көп кешікпей теледидардан ең ақырғы священникті көретін боласыңдар!»,  деп жауап  бергенін ескерсек, Веденеевтің пікіріне иланбау мүмкін емес.

Перелмутр ұрпағының ұр да жықтығын Ресей патриархы II-Алексий 2004-жылы қатты ашынып есіне алды. «Хрущевтың тұсында православиені   қуғындау өте асқынды, — деді ол. — Православие  ғибадатханалары  жабылып,  саны екі есе азайды, 18-і ғана қалды. Шіркеулер,  олардың ішінде тарихи сәулет ескерткіші ретіндегі құндылары да қиратылды. Ескі храмдарды жөндеуге, жаңасын салуға тиым болып, ол туралы жақ ашқандар жазаланды: тұтқындалып, сотталып, түрмеге  жабылды, лагерьге айдалды». Хрущевтың бұл кесапаты да — оның тегі Веденнев айтқандай екеніне және бір дәлел.

Өзінің репрессияшыл қылмыстарын жасыруды, қанжоса ізін жабуды мақсат еткен Хрущевтің ойлап тапқаны «халық жауы», тағы басқа кесірлік істерге өзі сияқты қатысы болған  тірілерге (Саяси бюродағы)  соқтықпай, бар пәлені өлі Сталинге аударып тастау болған. Сол үшін СОКП ОК хатшысы       П. Поспелов бастаған комиссия құрып, оған Сталинді барлық жағынан сынайтын материал жинауды тапсырған. Комиссия жинақтаған «деректерді» баяндамаға айналдыруды Шелепинге жүктеген. Шелепин бертінде: «Баяндама — менің жазғаным емес, мен Поспеловтың үзік-үзік материалдарын қарап қана бергенмін», деп азар да безер болды.

Съезден кейінгі мәжілісте (ОК президиумында, 01.02.1956 ж.) Хрущев: «…Сталин кінәлі…  Ежов кінәлі емес, ол адал. Ягода  да —  таза адам» депті.  Өзін ақтаудың қосымша тәсілі етіп қос  тажал — Ежов пен Ягоданы періштеге айналдырып  баққанын  қарашы! Үшеуінің күбір-сыбыры бір болған. Ол өзі тұтқындатқан «халық жауларын» тергеуге  қатысып:  — Сен шыныңды  айт, сыбайластарыңды жасырма! Біз, Ежов екеуіміз, қасарысқандардың талайына көресісін  көрсеткенбіз! — дейді екен.

Сол кезеңдегі мемлекеттік мұрағаттардың басшылары және зерттеуші тарихшылар нақты дәлелдеп жазып жатқандай, Хрущевтің тобы мұрағаттарды «тәртіпке келтірумен» бірге, партия  мен  үкіметтің  олардағы қаулылары      мен жарлықтарын өңін айналдыра «жаңартумен» жанталаса шұғылданған. Бастапқы қаулылар мен жарлықтардың көбінің түпнұсқасы  жоқ, түзетіліп, жаңадан жазылғандар, олардың  да  тек  көшірмелері  бар екен, —  әдейі  солай  істелген.

Мысалы, Хрущевтың: «Халық жауларын» тергеу кезінде күш қолдануға Сталин, партияның Орталық комитеті 1937-жылдың басындағы  қаулысымен  рұхсат берді, дегені де лақап болып шықты. Мұрағаттан ол «қаулының» көшірмесі ғана табылған. «Қаулының»  он кісіге оқуға   берілгені  айтылыпты, бірақ  ешқайсысының «оқыдым» деген қолы жоқ  ол  көшірме   данаға  әлдекім «Сталин» деп жаза салыпты, онысы  Сталиннің  қол  қойысына, тіпті  жазуына  ұқсамайтыны  дәлелденді.

Демек, қайталап айтқанда, ең жоғары деңгейде жүргізілген «мұрағат операциялары» партияның ХХ-сьезіндегі «құпия» баяндамада тізбектелген өтіріктерді  бүркеп  тастау үшін жасалды. Ондағы  ең   негізгі  көзір  Лениннің «Сьезге» хаты  болса, ол  да  бұрмаланып  айтылды. Бір ғана мысал: хаттағы «Сталин слишком груб» деген сөзге  Хрущев:  «Владимир Ильич  писал, что Сталин является чрезвычайно жестоким человеком, он злоупотребляет властью»,  дегенді  қосыпты. Ол  Лениннің  хатын Сталиннің   кейін жасырып қойғанын, Лениннің Сталинмен ешқашан суретке түспегенін «жаңалық» етсе, сьезд делегаттарының көбі  Сталиннің сол хат негізінде өзін Бас хатшылықтан босатуды өтінгенін, бірақ басым көпшіліктің оны қолдамай қойғанын және  Сталиннің хатты кейін, 1936-жылы, өзінің алғысөзімен кітапша етіп шығарғанын, сондай-ақ, Ленин екеуі Горкиде  түскен сурет (Лениннің қарындасы Мария түсірген) Лениннің сау-сәлемет кезінде «Правда» гәзетінде басылғанын білсе  де, айта алмағандары сөзсіз.

«Мысалға Сталиндік силықты алайық. Патшалар да өздерінің аты қойылған силық тағайындап көрген жоқ», деді Хрущев. Силық мемлекеттің қалтасынан берілмейтінін, оған Сталиннің КСРО-да, шет елдерде шығып жатқан кітаптарының (мақалалар мен сөздер, сұхбаттар жинақтарының)  қаламақылары ынталандыру мақсатында жұмсалатынын біле  тұра қасақана бұрмалап  сампылдады.

…Ешкім ешқашан ештеңемді біле де алмайтын, сезе де алмайтын болады  деп  арамзаланып  өткен  лақпа  сөзді «көсемнің»  жоқшыларының  бірі  —  оның  екінші ұлы  Сергей. Ол  әкесінің өтірігі шыға бастасымен  АҚШ-қа тайып тұрды да, әкесін әулие дәрежесіне көтере  жазуды бастады. Әрине, әркімнің  әкесі өзіне қымбат.  Бірақ  сен,  кім болсаң да,  алдымен Ақиқат атты Ұлы күшке бас июге тиіссің. Ал Сергейде,  «ұқсамасаң, тумағыр» деген, ондай сезім жоқ екен. «Известия» гәзетінің тілшісі А. Борисовамен  сұхбатында: «…Егер әкемді 1960-жылдардың соңында орнынан алып тастамаса, КСРО-да нарықтық экономика орнығар еді», «…мұнайымызбен және экономикалық реформаларымызбен біз 70-жылдары Американы басып озар едік» депті.

«Профессор» деген дардай атағы бар баласы білімсіз, мәдениетсіз әкесінің (Н. Хрущевпен қызметтес болғандардың айтары – осы)  Кеңес Одағын экономикалық тығырыққа тіреп, соғыс жылдарындағыша азық-түлікке «карточная система» жасай жаздағанын, немесе мал шаруашылығы    өнімдерін өндіруді жан басына шаққанда АҚШ-ты қуып жетіп, басып      озамыз деп ұрандап, тотиып тынғанын «білмей», «…КСРО-да нарықты реформа  орнығар еді», «…экономикалық реформаларымызбен Американы басып озар едік» деуі жалпы экономикадан хабар-ошары жоқтың сөзі емес пе?!. Онысы аздай, «Никита Хрущев и создание Супердержавы» деп кітап жазыпты. Паһ, шіркі-і-ін!..  А. Бушковтың «Сталин. Мұзтақ» кітабындағы мына сөз ойыма оралды:

«…Тақырбас тантық неме, мөңкіген аттың үстінен топ ете түскен бостақымша, Мұзтақтан мұрттай ұшып, сәндетіп қойған саяжайында көпке дейін бырқылдап, бажылдап жүрді де, өтірікпен жамап-жасқап «мемуарын» жазып, онысын сонау кезде өзі жерге терең көміп тастамақшы болған Батысқа жіберттіре бастады. Сөйтіп жүріп өлді. Ал оның ұлы Штаттарға барып, жәрдемақымен жансақтаушы қаралардың, ах, кешіріңіз, афроамерикандардың маңынан жер сұрап алып, сонда тұрып жатыр».

«Көсемнің» ұшқыш болған, соғысқа қатысқан бірінші ұлы Леонидтің қазасы екідай  айтылып,  бір жақ: ол ұшағымен бірге әуеде  жанып кеткен   десе, екінші жақ: ол аман қалып, немістердің қолына түсіп, айдағандарына   жүрген, содан  барлаушыларымыз  оны  ұрлап  алып  келіп, опасыздығы  үшін атылған  деді. Ал  «Хрущев Сталиннен  не үшін  кек  алды» деп  аталған  кітапта (авторы – МҚК-ның генерал-майоры Вадим Удилов)  ол даулы әңгіменің анығы жазылды. Леонид Хрущев 1941-жылдың басында Киевте бандиттермен сыбайлас болып, қылмыс жасап, бірақ Украинаның басшысы — әкесінің арқасында сотталмай қалыпты. Содан кейінде мас болып есіріп, жолдасын атып өлтірген де, 8 жылға сотталған. Алайда, тағыда әкесінің арқасында түрмеге қамалмай, майданға жіберілген. Сөйтіп, бір күні истребитель ұшағымен кетеді де, жоқ болады. Сөйтсе, немістерге барып қонып, солардың  ығына жығылып, олардың айт дегендерін айта бастапты. Әскери «Смерш» («Смерть – шпионам»!) қарсыбарлауының хабарынан соны білген Сталин оны қалайда қолға түсіруді тапсырады. Генерал-полковник В. Абакумовтың  қарсыбарлауы   (генерал   Павел Судоплатов тобы) ол тапсырманы орындайды.  Сатқын ату жазасына кесіледі. Н. Хрущев Сталинге барып, дізерлеп  отыра  қалып  жылап, ұлының жазасын жеңілдетуді сұрайды. Сталин: «Сіз мұны Саяси бюро мүшесі болғандықтан айта келдіңіз бе, әлде әкесі болған соң ба?» дейді. «Әкесімін ғой…» дейді Хрущев. «Олай болса, ұлыңыз өлтірген жігіттің әкесі нендей халде екенін ойлап көрдіңіз бе? Ол енді не демек?» дейді Сталин.  Ол мәселені бір өзі шеше алмайтынын айтқанда Хрущев: «Саяси бюроның қарауына беріңізші, сонда қаралсыншы!» дейді. Ондағы жолдастары арашашы  болады  деп сенген. Сталин келіседі. Саяси бюро мәжілісінде Абакумов деректі мәлімдеме жасайды да, Бюро мүшесі болмағандықтан, мәжіліске одан арыда қатыса алмайды. Молотов, Каганович, Маленков, Берия, Щербаков сот үкімін қолдайды. Мәскеу қалалық және облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы Щербаков: — Сатқынды кімнің баласы  екеніне  қарамай ату керек! —  дейді. Мәжілісті жабарда Сталин: «Никита Сергеевичке берік болу керек, жолдастардың пікірімен келісу керек. Егер менің ұлым осындай жағдайға ұшыраса, қасіретке қатты қамыға отырып, әділ үкімге бағынуға мәжбүр болар едім» дейді (ұлы Яков гитлершілдердің лагерінде  тұтқында  еді).

Хрущев баласы атылғаннан бастап Сталинге іштей кек сақтаған.     Кейін, билікке қолы жеткенде: «Ленин ағасы үшін патшаның отбасынан  кек алды,  ал мен балам үшін Сталиннен, өлі болса да, кек аламын!»  депті. Оны дос-жолдастарының бірі — КСРО МҚК-сының Күзет басқармасы төрағасының орынбасары генерал  Докучаевтың  көзінше  айтқан. Ол арамзалығын іске асырды. Біріншіден, СОКП ХХ-съезінде «Сталиннің жеке басына табыну» деген құпия да жалған баяндама жасады. Екіншіден, ебепке себеп тауып,  әйгілі «партияға қарсы топ» мүшелерін — Сталиннің серкітерін жазалады. Үшіншіден, КСРО Бас прокуроры Руденконың қолымен «екінші ленинградтық іс» дегенді жасаттырып, Абакумовты соттап, аттырды. Төртіншіден, П. Судоплатовты 15 жылға түрмеге жаптырды. Бесіншіден, Сталиннің ұлы Василийді қуғындатты, өлтіртті.

Тарихшы Николай Надтың айтуынша, Леонид Хрущевтің мұрағаттағы жеке ісінен оның қылмыстарына қатысты құжаттар  жойылып, оның  орнына жаңадан жазылған  құжаттар   қойылған (Н. Хрущев кейін естеліктерінде: «Үлкен ұлым Леонид  ұшқыш болып, Отан үшін қаза тапты» деп жазыпты).

Бұл ретте, сірә, Лина Таркованың жазбасына назар аударған артық болмас: «…Хрущев өзінің марқұм ұлы Леонидті Совет Одағының Батыры еткісі келді. Қорғаныс министрі Г. Жуковты шақырып алып: «Мынаған, Георгий Константинович, сенің қол қоюың керек деген пікір бар» деп,  марапат құжатын ұсынады. Маршал құжатты оқып, бар қаны бетіне шауып, қыстыға сөйлеп: «Мен сатқыннан батыр жасай алмаймын!» дейді. Сол  үшін қуғынға ұшырады».

Хрущев: «Сталин Леонидтің әйелі Роза Трейвосты  соттатып жіберді» деген ғой, ал  сол келіні «хрущевтық жылымық» кезінде ақталып шығады. Содан бірде қайынатасының Кремльдегі көп қонақасысының біріне  қатысудың жолын табады. Сөйтіп, бір мезетте Хрущевқа жетіп барып:   «Менің нағашымның атылғанына, ал өзімнің лагерьге айдалғаныма Сталин кінәлі емес, сен кінәлісің! Репрессия болғаны үшін Сталин кінәлі емес, сен кінәлісің!» деп айғайлап, қайынатасының көзін шұқи жаздапты. «Көсемнің» күзетшілері бассалып, сүйрелеп алып кетіпті. Әне, шындықтың тағыда бір көрінісі!

…Сталин туралы оңды сөз айтқандардың бәрін қырына алған Хрущев авиаконструктор А. Яковлевке: «Сен конструкторсың ба, жазушысың ба? Конструктор екенсің, — конструкцияңмен айналыс. Кітап жазатындар бар, солар жаза берсін. Сенің шаруаң – конструкция!» деген.

Ол Сталиннің кадрларын да қуғындады. Саяси бюро мәжілісінде   Қара металлургия министрлігін албаты, дөрекі  сынағанында министр Иван   Тевосян оған: «Сенің бұл саладан ешқандай хабар-ошарың жоқ, килікпе!»  деген. Сол үшін ертеңінде орнынан алынған.

КСРО Жоспарлау комитетінің төрағасы Н. Байбаков өздеріне қатысты реформаның негізсіз екенін айтқаны үшін төмендетіліп, Ресей Жоспарлау комитетінің төрағалығына жіберілген.

КСРО бойынша партияның Орталық комитетінен бастап аудандық комитеттеріне дейінгі «сталиндік» бірінші басшылар жедел және түгел  ауыстырылған.

Ол Л. Берияның ұлы, ракета саласының инженер-конструкторы  Сергоны  қызметінен босаттырып, түрмеге қаматты да, паспортын «Сергей Алексеевич Гегечкори» деп (шешесінің фамилиясына) өзгерттіріп, Свердловск қаласына жераударды. Не үшін? Л. Берияның баласы болғаны үшін. Ал өзінің ұлы Сергейді 1958-жылы, Мәскеу Электр институтының Электрвакуум  техникасы факультетін бітірісімен, әйгілі ракеташы ғалым Челомейдің конструктор бюросына орналастырып, өзі тақтан ұшқанға    дейінгі алты жылда оған  Социалистің  Еңбек  Ері  атағын, Лениндік  силықты  бергізді.

..Халық шаруашылығы салаларын, ішкі-сыртқы саясатты, ғылымды, мәдениетті…  бәрін жыл сайын «реформалаумен» сарсытқан, Новочеркасск мен Теміртаудың, Тбилисидің ереуілшілерін аттырған, Венгрияға әскер апарып, қырғын жасап, Польшаға қоқан-лоққы көрсеткен (тізе берсең, толып жатыр) Н. Хрущев әдебиетті  де  аласапыранға  ұшыратты.

«…Литература  — это  святая  святых  — отдана на растерзание бюрократам и самым отсталым элементам народа, и с самых „высоких» трибун – таких     как Московская конференция или XX партсъезд — раздался новый лозунг    „Ату ее!». Тот путь, которым собираются исправить положение, вызывает возмущение: собрана группа невежд, за исключением немногих честных людей, находящихся в состоянии такой же затравленности и потому не могущих сказать правду…

…Жизнь моя, как писателя, теряет всякий смысл, и я с превеликой радостью, как избавление от этого гнусного существования, где на тебя обрушивается  подлость, ложь и клевета, ухожу  из этой жизни.

Последняя надежда была хоть сказать это людям, которые правят государством, но в течение трех лет, несмотря на мои просьбы, меня даже         не  могут принять…».

Бұл –  көрнекті жазушы Александр  Фадеевтің атылып өлер алдында жазған хатынан үзінді. 1956-жылы мамырда жазылған хат 1990-жылы ғана жарияланды («Известия» гәзетінде). Фадеев өлімін естігенде Хрущев: «…Өзін өзі атқаны қатты айыпталсын! Дәрігерлік тұжырым өзгертілсін! Дәрігерлер оның маскүнемдіктен өлгенін растасын!» деп  көпе-көрінеу дөрекі нұсқау берген. Сөйтіп, марқұм жазушы «ішкілікке салыну салдарынан  атылып өлді» болып шықты.

Кезінде Мәскеуден, Орталық теледидардан көргеніміздей, гәзеттерден оқығанымыздай, Хрущев 1957-жылы мамыр айында (орта шені-ау деймін) атақты ақын-жазушылардың біразын  мемлекеттік саяжайға қонақасыға жинап алып, «мен белгілібір дәрежеде журналшымын, жазушымын» деп ыржия жымиып: «Сендердің араларыңнан Лев Толстой көрінбейді ғой?!» дегенінде Михаил Шолохов: «Сіздердің араларыңыздан Ленин де көрінбейді», деп  «шағып» алған.

Әдебиетке ауыз салуды Фадеев өлімінен кейін М. Дудинцевтің «Нан ғана емес» романын сынаудан бастағаны сол жолы. Әрине, Д.Шепилов айтқандай, гәзет, кітапты қолына алмайтын «көсем» қалың романды қалай оқысын, жандайшаптары берген «түсініктерді» малданған.

Иә, оның сол кездесуде Маргарита Алигерге, Борис Пастернакқа, Роберт Рождественскийге, Андрей Вознесенскийге… мүсінші А. Неизвестныйға… ақырып-бақырып «ақыл» айтқаны, «шет елдерге кеткісі келгендер осы қазір кете берсін!» деп шаптыққаны  да  мәлім. Маргарита Алигерге, батыл, әділетті «Литературная Москва» альманағының Бас редакторына, соқтыққаны — нағыз саппастық. Альманахты «мән-мағнасыз, зиянды дәптер» деп атап, Маргарита Алигерге сұқсаусағын шошайта шүйіліп: «Сіз – идеологиялық бүлікшісіз!  Капиталистік батыстың пәлекетісіз!» деп ажылдады. Абдырап қалған   Алигер: «Никита Сергеевич, бұл не дегеніңіз? Мен — коммуниспін, партияның мүшесімін» дегенде, «көсем»: «Жалған сөз! Мен сендей өтірік коммунистерге сенбеймін!» деді…

Жас ақын-жазушылардың бірнешеуі ішкі-сыртқы саясат, демократия жөніндегі «басқаша» пікірлерін ашық айта бастағанда Хрущев оларға топ алдында әкіреңдеп, тіл тигізді. Мәселен, жас ақын Андрей Вознесенскийге сөзін аяқтатпай: «Қазір жылымық та, үскірік те жоқ, — аяз бар демекшісің…  Сен кімсің сонша?! Тағы бір Пастернак табылды! Біз Пастернаққа кете бер дегенбіз. Сендерге де шетелдік паспорт керек пе? Ертең-ақ алғыларың келе ме?! Алыңдар, кетіңдер, қисықауыздар! Вознесенский мырза, тайып тұр, қожаларыңа бар! — деп үстелді тоқпақтады.

Сол көргенсіздікті  еске алған  жазушы  В. Тендряков «көсемнің» ол жолы да масайып алып «бапылдағанын»  айтты.

…Саяси бюро мүшелері Сталиннің саяжайында бас қоса қалғандарында Хрущев Сталинге  қолбаладай қалбалақтап  қызмет етіп, күлдіруге тырысып  анекдот айтып тыраштанады екен. Буденный гармоньді қолға алғанда Сталин: «Кәне, Мыкыта, биле!» дей бере-ақ Хрущев  қорбаңдап билей жөнелетін болған. Сол «Мыкытаға» кейінде  берілген бірер сипаттама:

В. Молотов: «…Ол жүгенсіз көкшолақ сияқты».

Г. Жуков: «…Бізде соғыс  тарихы  бояма.  Бұрмалауы  бар  десек  те,     неміс генералдары  дұрыс  жазып  жүр. Ал бізде Ұлы Отан соғысының  тарихы мүлде қате жазылды. Ең бастысы – шындық айтылмағаны. Хрущев Әскери кеңестің мүшесі болды ғой…  Маған соғыстың алғашқы кезеңі үшін кінә тағуға болады. Ал 1942-жыл алғашқы кезең емес қой? Хрущев пен Тимошенконың  Барвенководан, Харьковтан  бастап,  Волгаға  дейін  алды-арттарына қарамай қашқандары туралы жазылмады. Оңтүстік-Батыс және Оңтүстік майданды басқарған олар неміс әскерлерінің бір құрамасын  Волгаға, басқасын Кавказға өздерінің қашқан ізімен ілестіріп  алып  келді».

Адмирал Н. Кузнецов: «Ол шамкөс бишікеш болды, оған кедергі жасалмады,  ол үшін жазылған заң жоқ сияқтанды».

Тарихшы А. Гладилин: Ашығын айтсақ, Хрущев, біріншіден, кәдімгі ақымақ  болды, ал, екіншіден, Ресейде бас кейіпкер қашанда Ақымақ  Иван…  Ол  жүгеріге  жармасып, бүкіл  компаниясымен  мазақ  болды».

Дипломат Г. Попов (КСРО-ның Польшадағы бұрынғы елшісі): «Хрущев мені Берутпен аудандық партия комитетінің хатшысымен сөйлескендей сыпайы сөйлесесің деп жазғырды (аупартком хатшысымен қалай   болса солай сөйлесу керектей). Хрущев тәрізді ұятсыз, арсыздар ғана сөйтіп  жазғыра  алар. Хрущевтің  тәсілі –  басқаның басына күл-қоқысты  үйіп-төге  беру». (Мұндағы Берут  Б. – Польша Біріккен жұмысшы партиясының басшысы, — Ғ.Қ.)

Тарихшы-жазушы Ю. Емельянов: «Ол қарапайым болып көріну  үшін     сөзін  қайдағы-жайдағы  ійауыздық  бірдеңелермен «өңдеп», көки беретін».

Дипломат-тілмәш В. Суходрев: «Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Никсон Мәскеуге келді. Бір әңгіме кезінде Хрущев оған: «Вице-президент мырза, біздің немерелеріміз коммунизмде өмір сүретін  болады! – дегенде Никсон: — Жо-жоқ, сіздің немерелеріңіз капитализмде өмір сүреді! –деді».  Кәні, қайсысының  айтқаны  келді?..

Хрущевтің  қанішерлік сиқы 1956  және 1962-жылдардағы екі оқиғада  анық көрінді. Грузияның  мыңдаған жастары Сталинді  қаралауға  қарсылық білдіре көшеге шыққан күні оның бұйрығымен Ресейден әскер апарылып, бейбіт  халыққа оқ  атылып, он  төрт  адам  қазаға  ұшырады,  жараланғандар – жүзден асты. 1974-жылы Грузияда болғанымдаТбилисидің күнбатысындағы Мтацминда тауында (Киелі тауда) сол қасіретті баяндайтын зират пен ескерткіш барын көрдім. Зиратта гүл шоқтарын қойып жүрген үш жігітпен әңгімелесіп, оқиғаның мән-жайын солардан білдім.

1962-жылдың  жазында  мал  өнімдерін 30 пайыз қымбаттату, сондай-ақ айлық еңбекақыны 25-30 пайыз шегеру жөнінде қаулы шықты да, жер-жерде наразылық басталды. Алғашқы толқулардың бірі Новочеркасск қаласында болды. Тепловоз зауытында  басталған ереуілге қала кәсіпорындарының жұмысшылары қосылды. Хрущев ол толқуды тоқтатуға А. Микоянды,               Д. Шелепинді,  т. б. нөкерлерін жібергенмен, ортақ тіл табылмады, өйткені жұмысшылардың талаптарын ескерудің орнына қоқан-лоққы жасалды. Қоқиланған Хрущевтың әмірімен көпшілікке оқ жаудырылып, жиырма       алты адам қаза тапты және одан кейін «бұзақылар» ұсталып,  сот  болып,      жеті адам ату жазасына кесілді. Халықты  тобыр дейтін  топастардың істейтіні — осындай зұлымдық!

Міне, бейбіт кезде Совет Одағының Батыры  атағын үш рет алған Хрущев бейбіт халықты солай «жарылқады». Ол жан-жақты қуатты елді жар басына апарып қойды. Орыстың көрнекті  ақыны  Владимир  Солоухиннің: «…Хрущев пен Брежнев туралы    бір  өлең  де  жазылмай, ащы анекдот  қаптап  кеткені қалай?!» деуі  де сондықтан.

Анекдот демекші, оның мынадайын естігенім бар: Мәскеуге келген Вальтер Ульбрихт (Германия демократиялық республикасы Біртұтас социалистік партиясының бұрынғы бас хатшысы) Брежневтен  Хрущевтің қабірін көрсетуді сұрайды. Брежнев: «Хрущев деген кім?» деп таңданады       да, Эрих  Хонеккерге (Ульбрихтті тақтан тайдырған жаңа бас  хатшы) телефон шалып: — Сен мынау Ульбрихтті мұнда неге жібердің,  «Хрущевтің  қабірін көрсет» деп мазамды алып отыр» дейді. Сонда Хонеккер: «Ульбрихт деген  кім?» деп таңданыпты…

Билік басына біреудің халық мүддесін қымбат санаған аса қиын жолдармен, қатерлі күреспен жететініне, біреудің өз мүддесін көздеген  қулық-сұмдықты  айла-шарғымен  жететініне  адамзаттың  арғы-бергі  тарихы  куә. Хрущев  соңғы топтағылардың бірі болды.

Халыққа білімдарлықпен адал қызмет істеуі міндет тарихшылардың қайсыбірі КСРО  тарихын тепкілеген Н. Хрущевтың  иен күресінінде отыр. Олар бертінде мұрағаттардан («ревизорлардан» аман қалған)  табылып, жеке мақала, кітап болып жарияланып жатқан нақты деректерден хабарсыз сияқты, ал ол деректер, жоғарыда айтқанымдай, Хрущевтың СОКП ХХ-съезінде жасаған «құпия» баяндамасының түгел  дерлік  өтірік-өсек екенін дәлелдеп  берді. Мәселен, танымал тарихшы Елена Прудникованың «Хрущев. Қырғын жасағандар» кітабында мынадай жолдар бар: Сталиндік кезең  қараланды  және  әлі де екідай  күйде. Хрущевтың ХХ-съездегі баяндамасы – «оңбаған Сталиннің нұсқауы бойынша ұсталып, азапталып, сотсыз атып тасталған жазығы жоқ қисапсыз жандар» жайында  жантүршігерлік  ертегі.

Кейінде ресми және «демократияшыл» тарихшылар мен журналшылар «өзіне атақ, қожасына даңқ» іздеп, қазаға ұшырағандардың  саны ондаған миллион деді, ал баспасөз бен ғалым атаулыға иланғыш совет адамдары  оқығандары мен естігендеріне  сенді.

Қырғын-сүргін болды және болғанда қандай! Саны, азабы мен қасіреті жағынан Хрущевтің  айтқанынан  көп болды. Бірақ   ол үлкен қырғындар «революцияшылдар» мен «мемлекетшілердің» билік үшін қырқысы болды. Егер сталиндік команда «лениндік гвардиямен» жағаласып жүре бермей, оларды биліктен дер кезінде ығыстырып тастаса, тарихымыздағы  қара дақтар болмас еді. Бұл тым қиғаш сөз сияқтанар… ал беріде өзара қырқысты  өршіткендердің бірегейі Хрущев болды. Ол билікке ие болысымен өзінің қылмыстарының бәрін Сталинге аудара салды…».

Қашан, қай құрлықта болсын ел билігінің басына «қарағайға талды   жалғап» жеткен жыланжүрістілер болғаны, әлі де болатыны — «өмірдің  заңдылығы». Хрущев та ең биікке шыққанына дейін алдындағылардың  өкшесін жалап, өтірік-өсек пен шындықтан  шалап  жасап  жүрді  де, сайтан сәтін келтіріп, КСРО-ның, СОКП-ның  билік басына  жетісімен қонышынан басты. Оның елдің   ішкі-сыртқы  шаруаларын  былықтырған  құйтырқысын  түгендеу өте қиын. Ал «оңайынан»   мына үш  дерекке  назар аударалық:

Хрущевтің «№1 Тыңигеруші» болуы. Қазақстанның  тың  жерлерін  игеру И. Сталин мен Ж. Шаяхметовтің (Қазақстан КП Орталық комитетінің 1- хатшысы) тұсында әңгімеленген екен. Жұмекең республиканың мал шаруашылығына  зиян  келтірмес үшін 10-12 миллион  гектар  ғана  игеру  және  оны  5-6 жылға  жоспарлап  жүргізу  жөн болар дейді. Сталин  құптап, игерілмек өңірлерге алдымен: тұрғын үй, тасжол, теміржол, элеватор  салу, МТС, қырман ашу, т. б. жүзеге асыру  ойларын айтады. Сөйтіп, 13 миллион гектар игеру келісіледі. Бірақ таққа қонжия қалған Хрущев бұрынғы  келісілген шараларды керек етпей, «30 миллион гектар тың игеруіміз      керек!» деп жұлқынып, бейқам қазақ даласына тыңгерушілер мен техниканы  тосыннан қаптатып кеп жіберді. Қарсылық білдірген Шаяхметов пен Афоновты (ҚКП Орталық комитетінің екіншісі хатшысы)  қызметтерінен босатып, орындарына  Мәскеуден П. Пономаренко мен Л. Брежневті  жіберді. Оның сол кесірінен  Қазақстан көрген моральдік-материалдық зардап көп  болғаны белгілі. Бәрін тәптіштемегенде, КСРО Орталық статистика басқармасының мағлұматы «Тың және тыңайған жерлерді игерудің нәтижесінде» мемлекетке жыл сайын тапсырылып отырған 1 миллиард пұт астықтың» бірінші (1954) жылғысынан басқасы көзбояушылық болғанын, жыртылған  25, 5 миллион  гектар жердің әрбір гектарынан  алынған өнім 1957-жылы-ақ  ең төменгі көрсеткішке құлдырағанын паш етеді, ал Хрущев      «тың игерудегі табыстар үшін» сол 1957-жылы Социалистік Еңбек Ері атағын  иемденді.

Хрущевтің «КСРО космонавтикасының атасы» болуы. Америка Құрама Штаттарына  жем  болмау  үшін  атом  бомбасын жасауды  тездетіп аяқтау, ғарышты  игеру де Сталиннің тікелей нұсқау беруімен, бақылап отыруымен жүзеге асырыла бастағаны сол кездегі үкіметтік-партиялық  құжаттарда,  атомшы, ғарышшы  көрнекті  ғалымдардың  естеліктерінде  жазулы. Ғарышқа адам ұшыруда бірінші болу да межеленген. Алайда кеңестік ғылымның тарихи жеңісі – Юрий Гагариннің ұшырылуы – ол  оқиғаға дайындықтың басталуына да, барысына да ешқандай қатысы болмаған Хрущевтің  билігіне тұспа-тұс келді де, «Біздің Никита Сергеевич»   Кеңес елі  космонавтикасының  қамқоршы  атасы  бола қалды…

Хрущевтың елге, халыққа «қызметінің» бір қыры қыдырмашылық болғаны айтылды. Ол Азия-Африка елдеріне сапар жасағанында, КСРО Жоғарғы Кеңесінің, СОКП ОК Саяси бюросының қарсылығына қарамай,             силыққа аутомәшін, ұшақ ала барғанына қоса  орден-медаль үлестірді. Ол ол ма, бесеуіне Совет Одағының Батыры атағын берді (Египеттің президенті         Гамаль Насерге, сол елдің Қорғаныс министрі Амерге; Кубаның басшысы Фидель Кастроға; Алжирдің басшысы Ахмед Бен Беллаға; ГДР басшысы           В. Ульбрихке).

Насерге Ленин ордені  мен Алтын  жұлдызды  апарып  тапсырғанына  ақын  Владимир Высоцкий былай деген:

«Потеряю  истинную  веру,

До  чего  дошел  СССР!

Отберите  орден  у  Насера –

Не  подходит  к  ордену  Насер».

Әрине, «береген қолым – алаған», өзі де сый-құрметке кенелді. Социалистік елдердің төртеуінің Батыр атақтарымен марпатталды, тағып қайтқан орден-медальдары өз алдына.

Совет Одағын он жыл билеген Хрущевтің соңында тым құрыса 10 минөт айтуға жетерлік жақсы ісі  қалды ма? Жоқ!

Ақиқаттың үлкені, кішісі жоқ  десек, тарихтың  талабы – соны анық айту,  әділ  жазу. Осы ұстаныммен жазылған кітаптардың бірі Борис Бриннің «Совет Одағының Бас жаналғышы» екен. Дерегі мол бұл шығарманың негізгі кейіпкері – Н.Хрущев туралы бірер ғана мағлұмат ұсынайын:

Ұлы Отан соғысының даңқты генералы Н.Ватутин Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанда одан бұрын өзі алуды көксеген Хрущев оны өлтіруді ұйымдастарған.

Әйгілі генерал К.Сверчевскийді өлтірткен.

Арамдықтың ауын құрып, оған Сталиннің: күзет бастығы П.Власикті; жеке хатшысы А.Поскребышевті түсірген. Сөйтіп, Сталинді қазаға ұшырату жолын аршыған.

Л.Берияны үйінде атып өлтіртіп, оның көмекшілерінің бәрін (он шақты) құрттырған.

Өзінің Украинадағы қылмысына куә досы А.Успенскийді, басқаларды да жойған.

Мәскеуде ымыралас болғандарын  да «түгендеген».

Өкімет пен үкімет басшыларына сән-салтанатты қымбат саяжай салуға қарсы болған И.Титковты (КСРО құрылыс ұйымдарының басшысы, Совет Одағының Батыры) соттатып, аттырған.

Бұл сұрқиялықтарды ежелгі жемтіктесі, өзі МҚК бастығы етіп тағайындаған  И.Серовтың қолымен істеген.

«Таздың» жауыздығында да шек болмапты!

 

Енді  сол  алаяққа  «бағышталған» анекдоттардың

                                         біразын  оқылық:

-Біз үш қазба жасап, көне мәдениет нәрселерін тауып алдық, — дейді американ.

-Ал біз бір шахтаны қазғанда адамның бөксесін тауып алдық. Сонсоң оған  едірейтіп  екі  құлақ жапсырдық. Ол бүгінде елді билеп отыр, — депті орыс.

* * *

-Қоян мен Хрущевтің айырмашылықтары қандай?

-Қоян балпылдап сөйлей алмайды.

* * *

Хрущев баяндама жазып, оны әуелі досына оқып шығуға берерде:

-Маңымдағылар шындықты біле тұра айтпайды, — дейді. Досы оқып шығып:

-Никита, мен саған тура айтайын: «за сранец» дегенің бірге жазылады  да,   «вжопу» дегенің бөлек жазылады, -депті.

* * *

-Сіз сабынды, кір жуу ұнтағын көптеп сатып алыңыз.

-Е, неге?

-Хрущев химияны қолға ала бастады ғой!

* * *

-Қасқабас болудан қалай  сақтану керек?

-Армян радиосы мұндай саяси сұрақпен әуреленбейді, мұныңыз «Шошқа қасқабас бола ала ма?» дегенмен бірдей.

* * *

-Хрущев жолдастың денсаулығы соңғы кезде сыр бере бастады деген  сөз рас па?

-Рас. Тың игеруден белі шойырылды, жүгеріден асқазаны бүлінді, Америкамен жарысудан демікпе болды, ал тоқ ішегіне сөз толып кеткені  неден болғанын біле алмадық.

* * *

-Хрущевты орнына не үшін алып тастады?

-Культ, кукуруза, коммунизм, Китай, Куба кризисі, кузькина мать деген жеті «к» үшін.

* * *

-Хрущев үш арманына жете алмай кетіпті дейді, ол қайсылары екен?

-Мәскеу өзеніне көпір салдыру; бет жуатын  унитазды  дәретке отыратын унитазбен біріктіріп жасату және Траспорт министрлігін «Ары баратын», «Бері келетін» деп екі министрлікке бөлу.

* * *

Хрущев шошқа фермасында болып қайтады. «Правда» гәзетінің редакциясы оның бірінші бетке берілетін фото-суретіне нендей түсінік сөз жазу  керектігін  кеңеседі. «Хрущев жолдас шошқа фермасында», «Хрущев жолдас шошқалардың арасында», «Шошқалар Хрущев жолдастың айналасында» сияқты нұсқалар  айтылады. Сөйтіп: «Сол жақтан үшінші – Хрущев жолдас» деп жазу ұйғарылыпты.

* * *

Хрущев  сурет көрмесін аралап жүріп:

-Айналасында қызыл нүктелері бар мынау төрттекше не пәле? –дейді.

-Бұл жұмысшылары ұйықтап жатқан  зауыт қой.

-Жасыл мен сары аралас мынау алабажақ немене?

-Бұл жүгерісі пісіп келе жатқан ұжымшар ғой.

-Мынау көкпеңгөк албасты не?

-Бұл «жалаң фалька» ғой,

-«Жалаңаш Валька»?!.  Еркек қызығатын түрі жоқ қой?!. Ал екі құлағы бар көт сияқты мынау немене?!

-Бұл ма… бұл… бұл айна ғой, Никита Сергеевич.

* * *

-Лениннің коммунизм туралы қағидасын  Хрущев не деп жаңартты?

-«Коммунизм – совет өкіметі және бүкіл елді жүгерілендіру».

* * *

Орнынан алынған Хрущевқа Онкологиялық орталықты басқару ұсынылады.

-Мен онда не  істеуді білмеймін, –дейді ол.

-Сіз ауыл шаруашылығында істеп, бидайды құрттыңыз ғой?!

* * *

Хрущевтың үйінде телефон шылдырлайды. Тұтқасын Нина Петровна көтереді.

-Никита Сергеевичті шақырыңызшы,  бірге  оқыған  едік, — дейді телефон соққан әйел.

-Әй, салдақы, қайдағы «бірге оқыған»? Ол ешқайда оқыған  жоқ!

* * *

Уинстон Черчилль: Мен қарттықтан өлетін шығармын деп ойлаушы едім, енді, бүкіл Еуропаны нанға қарық қылған Ресейдің Хрущевтың «арқасында» шет елдерден астық сұрап жүргендерін естіп, күлкіден өле жаздадым.

* * *

-Сталиннің мәйітін шығарған соң мавзолейді күзетушілердің саны екі есе көбейтілгені  қалай?

-Хрущев күнде іңірде көрпе-жастығын құшақтап  келгіштей бастапты.

* * *

-Хрущевтің бидай  ұнына бұршақтан нан пісірткені несі?

-Коммунизмге бара жатқанымыз естіліп тұрсын деген шығар.

* * *

-Егер Сталин тіріле қалса, Хрущев қайтер еді?

-Сол сағатта-ақ  Американы қуып жетіп, басып озар еді.

* * *

«Біз ет, сүт, май өндіруде Американы қуып жетіп, басып озамыз» деген лекция соңында залдан біреу:

-Қуып жеткен соң, сонда тұрып қалуға бола ма? — деп сұрапты.

-Қуып жетсек те озбайық, артымыз ашылып қалады, — депті екінші кісі.

* * *

Партияның ХХ-құрылтайы. Үзіліс кезі. Суслов Поспеловке:

-Никита Сергеевич Мавзолейге неге кетті?

-Сталиннің тамырын ұстап көрмекші. Бүгін баяндама жасайды ғой.

* * *

-Сталиннің рөлін ойнаған артистер Хрущев пайда болысымен шаштарын жұла бастағандары  несі?

-Хрущевтың рөлін ойнауға дайындық қой?!

* * *

-Хрущев кинематография комитетінің силығын не үшін алды?

-«Біздің Никита Сергеевич» деген кинофильмде бас рөлде ойнағаны үшін.

* * *

1970-жыл. Армян радиосына сұрақ:

-Хрущев деген кім?

-Эрнс Неизвестный дәуіріндегі  мылжың.

* * *

Саяси бюро орнынан алынған Хрущевқа жұмыс тауып беруді ойластырады:

-Оны ең ауыр жұмысқа жегу керек!

-Оған еврей паспортын берсек, жұмысты өзі-ақ  тауып алады.

* * *

Партияның Орталық комитетіне 1965-жылы  Одесса тұрғындарынан: «Хрущевты бұрынғы орнына қайтадан қоюды сұраймыз. Он жыл нансыз отырғаннан  бір  жыл  анекдотсыз  отырған  ауыр  болды», деген өтініш түсіпті.

* * *

-Хрущев ғылыми коммунизмге қандай үлес қосты?

-«Закон» дегендегі «з» әрпінен кейін «ь» белгісін қоюды шығарды.

* * *

-Аутобусты гәзетпен орап қою мүмкін бе?

-Мүмкін, егер Хрущевтың баяндамасы жарияланған гәзет болса.

* * *

Хрущев:

-Біздің бір аяғымыз коммунизмде…

Залдан сұрақ:

-Қашанға дейін талтайып тұра береміз?!

* * *

Екі зейнеткердің әңгімесінен:

-Хрущев орнынан түсірілгеннен бері не істеп жүр екен?

-Ленинградтан Мәскеуге канал қазып жүр.

-Онысы несі?

-«Аврораны» алып келіп, Уақытша үкіметті атқыламақшы.

* * *

Екі кемпір сөйлесіп отыр.

-Кеше кешке далаға шықпадың ғой?

-Е, әлгі немерем  бандиттер туралы «Тақырбастар тобы» деген  кино шығыпты, соны көрейікші деп болмаған соң, соған бардық.

-Иә, қалай екен?

-Онша емес. Никита деген бір ғана тақырбас бандит бар екен, оның өзі де жүгерінің арасында тығылып жүреді.

* * *

Есекке мініп келе жатқан Хрущевқа өзбек шал жолығып:

-Вах, вах! Шошқа болғанда қандай! –дейді.

-Әй, ақымақ, бұл шошқа емес, есек!

-Мен оған қарап тұрған жоқпын!

* * *

Мәскеу. Ет сататын дүкендегі кезекте тұра-тұра шыдамы таусылған бір мұжық:

-Бізді осыншама қалжыратып жүрген кім өзі?! – деп кіжіне сөйлейді.

-Хрущев!

-Иә, Хрущев!

-Ендеше, сендер менің кезегім мына әйелден кейін екенін ұмытпаңдар, мен барып, Хрущев болмақ тұрғай әулие болса да, оған көресісін көрсетіп келейін! – деп айбаттанып кетеді де, бір сағат шамасында қайтып келеді.

-Иә, қалай, бәлемге көресісін көрсеттің бе?

-Жоқ. Оны оңдырмауға кезекте тұрғандар бізден  бес есе көп!

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*