ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

«Шындықты біз айтпасақ…» Тіл білмейтін «мәңгілік ел» бола ма?»

Басты ақпарат

«Шындықты біз айтпасақ…» Тіл білмейтін «мәңгілік ел» бола ма?»

talgy_admin 25.08.2018 2427 рет қаралды

«ТІЛ БІЛМЕЙТІН «МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛА МА?»» топтамасынан:

 

  1.   1. «МЕНІҢ ҚАЙҒЫМ — ҰЛТЫМ ҚАЛАЙ ЕЛ БОЛАР?..» (ЖЫР)

 

Бұл заманда «сен, болар да, мен болар…»

Бұл дертіме не нәрсе өзі ем болар?

Біреу сенер, біреу сенбес сөзіме,

«Менің Қайғым — Ұлтым қалай Ел болар?..»

 

Түн баласы қалың ойға ау салғам,

Кездерім жоқ Қазағыма «тамсанған…».

Басқасы емес,  28 жылдағы

Қазақ көрген Қорлықты айтып тауыса алман…

 

Сан ғасырлар біз құлдықта болдық па?

Талай рет рет көктеместен солдық па?

Әлі неге өз жерінде өгей Ұлт,

Біздің Қазақ — шыныменен «сорлы Ұлт па»?

 

 

Бұл Қазақтар екі дүниеде де оңбайды,

Білем оны, «олар» түбі сорлайды.

Өзіміздің іштен шыққан кілең «шұбар жыландар» —

Орысқұлдар-неге Ұлтымды қорлайды?

 

Ата-бабам көрем деп пе ед бұл күнді,

Ол Тексіздер — сау миымды қи қылды…

Орысқұлдар — «басып алып билікті»

Қояр емес, басқыншылық пиғылды.

 

Қылықтарын көрдім, білдім, байқадым,

Байқадым да, мен басымды шайқадым.

Өзімізден шыққан тексіз құл-құтан,

Орыс емес, мен қайталап айтамын.

 

Әне, сол бір құжынаған Тексіздер,

Біле білсек, олар нағыз бетсіздер.

Қазағымды өзегінен тепкендер –

Діннен, Тілден безген кілең ессіздер…

 

Көреді екен адам бәрін өлмеген,

Қазақ қайда «Мен! Мен!» және «Мен!» деген?

Біздегідей орысқұлды тап-таза

Әлемдегі басқа ұлттардан көрмегем.

 

Шүлдірлерден сыбағамды «жеп те…» алам,

Өлу ғана қалғандай ма тек маған…

Біздің Қазақ-Құл болудың өзінен

Дарындылар алдында ма деп қалам.

Шыққыр көзім, не бәлені көреді,

Сондықтан да соқыр болғым келеді…

Орыс десе, қытай десе, сол құлдар,

Қойнындағы қатынын да береді.

 

Ұлттықты емес, тек байлықты теңшейді,

Түсіне ме: «мен шей ме» деп, «сен шейді»

Орысқұлдар — Ұлттық Намыс дегенді

О сұмдықай, тек қалтамен өлшейді!

 

Орысқұлдар — талғамастан асаған.

Орысқұлдар — оқ атады тасадан…

Мына соқыр, керең билік Оларға

Неге сонша бар жағдайды жасаған?..

 

Себебі ме, мен айтайын шындықты,

Мен айтайын, адам сенбес сұмдықты,

Біздің билік — орысқұлдар арқылы

Қазақ жерін тұтасымен қылғытты.

 

Мына билік — бір адамға табынған,

Мына билік — құл-құтанға бағынған,

Үш жүз жылдай орекеңе иленген

Білесіз бе, құл болғанын сағынған.

 

Тексіздердің ісіне адам шаршайды,

Бүйткенінше құдай мені алсайшы?!.

Сенесіз бе, орысқұлдар, тексіздер,

Қайта тағы құл болсам деп аңсайды.

 

Қазағымның бар асылын таптаған,

Қазағымның тексіздерін жақтаған.

Бүкіл Қазақ Билігінде құжынап,

Қара құрттай қара құлдар қаптаған.

 

Талай рет жігерім де құм болған,

Қазағымның арулары күң болған.

Ширек ғасыр — бүкіл Қазақ сұмдық-ай,

Орыс емес, өз құлына құл болған.

 

Көзді арбайтын үңірейіп сонадан,

Қазақ жері — аумас түбі моладан.

Ал, аналар, орысқұлдар қолымен

Қазағымның ен байлығын тонаған.

 

Орысқұлдар — әлі зар-зар қақтырар,

Суармалы жерді шөл ғып, қақ қылар.

Мұнай, газ бен уран, алтын күмістің

Бәрін сорып алғаннан соң, лақтырар.

 

Жетпей Қазақ шайлығына айлығы,

Біз ғанамыз тартқан жалғыз қайғыны.

Орысқұлға — Қазағыңның өзі емес,

Керек болған тек өлшеусіз байлығы.

 

Деген сөз жоқ, «ағайын мен дос, іні»

Ол байлардың Ұлтқа жабық есігі.

Бұл тепкіге шыдай бермек қашанғы,

Неге ұқпайды, біздің Қазақ осыны?

 

Тексіздерде кісі сүйер жоқ қылық,

Байлар Ұлтты — байлығына оқ қылып.

Неге ұқпайды, орысқұлдар түбінде

Тынатынын Қазақтарды жоқ қылып!..

 

Бүйте берсек, Ұлтым түбі оңбайды,

Бермесін де құдай басқа ондайды.

Рас болса, шыққан талай батыры

Біздің Қазақ неге атқа қонбайды?

 

Құлдық сезім — улаған ба сананы?

Әлсіз кегім — іште бықсып жанады.

Мына тексіз, дінсіз, тілсіз қойыртпақ

Орысқұлдан тазартайық ауаны.

 

Жем болғанша, кілең жемқор құзғынға,

Бір қазақтан келе ме өзі жүз құлға,

«Мәңгі ел…» деп, «мәңгі тіл…» деп анасы

Бұл қазақты алдамақшы жүз жылға.

 

Үнсіздікпен түйінді ешкім шешпейді,

Құл-құтандар өз еркімен «көшпейді»

Аудармасақ, тексіздерді үстегі

Бізді тарих ешқашан да кешпейді!

 

Бізге қарай дұшпан оғын оқтатқан,

Шығармаған қазағымды соқпақтан.

Қазақ санын өсірмеуге ешқашан

Әне солар — Қазақ Көшін тоқтатқан.

 

Сен, қара ма, қарлы, боран, ақпанға,

Жетер енді, құл-құтанға таптал ма?!

Сілкін, Ұлтым, жалтақтамай жасқанбай,

Керең естір жағдай жаса, «аттанда!»

 

Төңіректің бәрі батқан былыққа,

Құл-құтан да, жарлылар да, ұлық та…

Оян, Қазақ, енді ұйқыңнан тұрмасаң,

Бәрі де кеш болатынын ұмыт па?!!

 

Талай түндер — көзім жасын көлдеткем,

Ағыл-тегіл жылап-сықтап селдеткем.

Күндіз-түні мен Ұлтымды ойлаумен

Көз жұмармын түбі айықпас сол дерттен…

 

  1. ПАВЛОДАР МЕН ПЕТРОПАВЕЛ –

КІМНІҢ ӘКЕСІНІҢ АТЫ?..

 

Жат атаулар – Қазағыма жат екен,

Отарлаушы ел қалдырған хат екен.

Павлодар мен Петропавел дегендер

Қай «мықтының» әкесінің аты екен?..

 

Қызыл билік – мүмкін қайта орнайды?

Ол шалт басса, сонда сорлы сорлайды.

Павлодар мен Петропавел аттарын

Ана байғұс сонша неге қорғайды?

 

Бұл атаулар – отаршылық таты екен,

Болмай тұр ғой дейтін бір жан: «қате екен?..»

Павлодар мен Петропавел дегендер

Қай «мықтының» бабасының аты екен?

 

 

Олар неге қара орманнан қаймықты?

Әлде олардан алып жүр ме айлықты?

Қазақ Елі жеріндегі олардың

Атауларын қорғап отыр қай «мықты»?

 

Қылмыстылар жолы расы тар ма екен?

Ұлттық намыс деген — сұмдық зар ма екен?

«Анау…» десе зәресі ұшқан байғұстың

Соншалықты көп «қылмысы» бар ма екен?..

 

 

  1. АЛМАТЫДА – ҚАЗАҚША ҚАТЕ КІЛЕҢ!..

 

…Асап жатыр, жеп жатыр, тояр емес,

Екі жүзді беттерді бояр елес.

Қазақ тілді Жарнама – кілең қате,

Бұлар Тілді қорлауын қояр емес!

 

Соныменен кімді-кім мазақ қылды?

Кешіп жатыр Қазағым азап күнді.

Алматының көшесі көз сүрінер

Бәлдір-бәтпақ қатеден Қазақ Тілді.

 

Неге бұлар өз Ұлтын сорлатады?

Өздеріне сарайлар орнатады.

Алматының әкімі — Қазақ Тілді,

Сонда неге ол Қазақты қорлатады?

 

Ол шіркендер, шетелде сайран құрған,

Ұлт байлығын – меншікке айналдырған.

Әлде бұлар әдейі Қазақтарды,

Қазақ Тілін – мазаққа айналдырған.

 

Бізде кеңдік – арт жағын қысқандарға,

Айналдырған өз Ұлтын – дұшпандарға.

«Қазақтарды – адамға санама»-дер

Жоғарыдан осындай нұсқау бар ма?

 

«Көр, оны?»-деп, сүйретіп әкелерме ем,

Жандар ма екен ана мен әке көрген?..

Жарнама мен қазақша атауларды

Неге бұлар жазады қателермен?

 

Тілге неге жауапсыз оншалықты?

Тілім – нашар, ал, сауна, монша мықты!..

Алматының көшесі — Мемлекеттік

Тілге – неге қатігез соншалықты?

 

Кілең қате жазулар далаңыз да,

Қазақ Тілі – өксиді санамызда.

Озық тұр ғой қазақша қателерден,

Арқадағы аты жоқ қалаңыз да.

 

Қате әріптер – сын білем жұрттығыма,

Кім есірткен соншалық қыртты мына?

Бұлар неге Қазақтың Тілі менен

Соншалықты қарсы өзі Ұлттығына?

 

Ащы шындық! Бұл саған күлкілі емес!

Дәл осыдан шығады бір күн егес…

Алматыда Қазақша қателерден

Аяқ алып жүруің мүмкін емес!..

 

  1. БОЛА МА ӨЗІ ТІЛ БІЛМЕЙТІН «МӘҢГІ ЕЛ»?..

 

Қазақтарды – Қазақ қана күндесе,

Қазақшаңды құлағына ілмесе,

Қазақ Елі — қалай «Мәңгі Ел» болмақ,

Мемлекеттік тілін әлі білмесе?

 

 

Айтшы, халқым, қонды өзі Бақ кімге?

28 жыл – табағыңнан таттың не?

Қазақ Елі — 28 жыл бойында

Ұялмастан шүлдірлесе жат тілде.

 

Асау Ұлт ек қол тигізбес жалына,

Мына билік – соры ма әлде бағы ма?

Білу үшін Мемлекеттік тіліңді

Керек пе өзі 28 жыл тағы да?

 

Осыны ойлап, көзім жасқа тола ма?

Өспей жатып, Ұлттың гүлі сола ма?

Әлі күнге Ана Тілін менсінбес,

Осындайда Мемлекет бола ма?

 

Пана тұтып, «іргедегі алыпты»,

Содан ғана үлгі-өнеге алыпты.

Мына билік – 28 жыл бойына

Ол белгілі – алдап келді халықты.

 

Түсініксіз, қандай жолды таңдамақ?

Бар ғұмырын сонда кімге арнамақ?

 

Тексіз билік — Қазағымды құр сөзбен

Айтыңдаршы, енді қанша алдамақ?

 

Түптің-түбі, Ұлттың кегі қайта ма?

Кімге керек, «достық» деген жәйт ана?

«Мәңгі Ел» деп — Елді айта ма, жоқ, әлде,

Жеке бастық өз билігін айта ма?..

 

«Байқа-дейді ол,-ел іргесі шайқалар…»,

Осы сөзін күндіз-түні қайталар…

28 жыл – тонап келген ұрылар

Ұлт байлығын – қашан Ұлтқа қайтарар?

 

Осыны ойлап, көзім жасқа тола ма?

Бақыт Құсы – түбі Ұлтқа қона ма?

Бола ма өзі — Тіл білмейтін «Мәңгі Ел»,

Және сондай бір мемлекет бола ма?..

 

Жұмаш КӨКБӨРІ,

28.08.2018 жыл.

 



— 
Жумаш Кокбори

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*