ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Ғаббас Қабышұлының «СЕГІЗ АУЫЗ СӨЗ» кітабынан: СТАЛИН (жалғасы)

Саясат

Ғаббас Қабышұлының «СЕГІЗ АУЫЗ СӨЗ» кітабынан: СТАЛИН (жалғасы)

talgy_admin 14.08.2018 2042 рет қаралды

 

 

Саяси  мақалалар  жинағы

(Басы talgy.kz  жарияланымда)

Жаны  қатты  қинала бастаған Ленин Сталиннен  у  әкеліп беруді өтініпті,    ал Сталин оны Саяси бюроға мәлімдеп, бірден бастартыпты  және бірде             Н. Крупскаяға: ауыр сырқат Ильичке гәзет беріп, жүйкесіне салмақ түсірдіңіз,  деп  ренжіпті. Крупская соған шалабүлініп,  Ленинге жеткізіп, оның «Съезге  хатты» жазуына себепші болған деген мағлұмат бар, алайда тарихшы Олег Аграньянц: «…ол хатты Крупскаяның «Сталиннен ескерту естігенін» пайдаланған біреу оның атынан  жазып,  Лениннің қолын сырттай  қойған. Ол  айда  Ленин, ондай хат жазбақ тұрғай, жөнді сөйлей де алмай, қатты  қиналып жатқан», дейді. Иә, солай сияқты, өйткені Крупская  мен  Сталиннің өзара  силастықтары  бұзылмаған. Оның бір дәлелі — Сталиннің әйелі Надежда Аллилуева  қаза тапқанда Крупская  жазған мына хат: «Қымбатты Иосиф Виссарионович, осы бір күндері Сізді ойлап, қолыңызды қысқым келіп жүр. Жаныңа жақын кісіңнен айрылу қиын-ақ. Ауырып жатқан Ильичтің бөлмесінде Сізбен екі мәрте әңгімелескенім әлі есімде. Сонда Сіз мені ерекше  жігерлендірдіңіз. Қолыңызды  ойша  қыстым». («Правда» гәзеті,  16. ХI. 1932 ж.).

«Хрущев: «Сталин өзін қолдамағандарды сөзімен де, ісімен де тұқыртып құртатын». Осылай деуін десе де, Хрущев ешқашан, тіпті ХХ-съезде де ол жаласына бір де мысал келтіре алмады… Ал өзі Берияны өлтірткеннен кейін оның ең жақын серіктерін: В.Меркуловты, В.Деканозовты, Б.Кобуловты, С.Гоглидзені, П.Мешикті, Л.Влодзимирскийді аттырды.

Оның: — Германияның 1941-жылы 22-маусымда соғыс бастайтынын бірінші айтқан адам — Жапониядағы совет барлаушысы Рихард Зорге, — дегені де ойдан шығарылғаны дәлелденді. Г.Ферр».

«Сталин  әйелін жерлеуге қатыспады» деген хрущевтық  өсекке жауап:  Сталиннің қатты қайғырғаны, табытты  зиратқа дейін көтерісіп барып: «Сені сақтай алмадым-ау!» деп жылағаны  достары мен серіктерінің естеліктерінде және ең ақиқаты: табыттың  аяқ  жағын Сталиннің  ұлы Василиймен  бірге көтерген  Артем Сергеевтің  2006-жылғы  көкек айының   26-сында Мәскеудің «Завтра» гәзеті тілшісімен сұхбатында айтылыпты. Оқылық: «Надежда Сергеевнаның денесі салынған табыт мемлекеттік универсам ғимаратына қойылып, қоштасу болды. Сталин табыт жанында жылап тұрды. Вася оны құшақтап: «Папа, жылама! Папа, папа, жыламашы!» деп, өзі де қатты  жылады… Сталин катафалктың соңынан жүрді. Одан кейін оркестр, ал оркестрдің  соңынан  біз  жүрдік. Қабір басында табыттың  бір жағында Сталин тұрды, екінші жағында Вася екеуіміз тұрдық. Сталиннің қатты қайғырғанын оның өңі қарайып кеткенінен байқадым. Табыт қабірге  түсірілген  соң ол жерден  бір уыс топырақ  алып, қабірге  тастады.  Василий  екеуімізге: — Сендер де  салыңдар, — деді. Біз: — Неге? — дегенде  ол: — Осындай  ғұрып  бар, — деді».

Ал Сталиннің, аралас-құралас болған дос-жолдастары айтқандай, ерекше сүйкімдісі болған қызы Светлананың: — Ол залдағы табыттың қасына     келіп,  бір минөттей  тұрды  да: «Сен мені саттың!» деп табытты  итеріп  қалып, бұрылып  кете  берді, жерлеуге бармады, — деп («Досыма 29 хат») неге, кімнің ықпалымен жалған сөйлегені, мысалы, маған түсінікті: Светлана үнділік  жігітке әйел болып, сонымен Үндістанға біржола кетуге үкіметтен ресми рұхсат  сұрағанда  Хрущев соны  пайдаланып,  не  өз «ақылымен» солай жаздырған, не оның тапсыруы бойынша журналшы-жандайшаптарының бірі  жазып берген.

Сондай-ақ, екі дос — Хрущев  пен  Микоян —  қаншалықты  жанталаса  іздеттірсе  де, «Сталиннің патша жандармериясының жансызы болғаны» жөнінде  ешбір  дерек  таба алмады.

Айтпақшы, хрущевтік оттауизмде «Сталиннің Курейкада айдауда жүрген кезінде өзі тұрған үй отбасының 16 жастағы қызына  бала таптырғаны» туралы «дәлел» бар. Ол Г. Смирновтың «Тек мән, тек дерек» кітабында баяндалған (мазмұнын ықшамдап келтіріп отырмын): КГБ төрағасы И. Серов 1956-жылы 4-маусымда Н. Хрущевқа хат жазып, Сталиннен бала тапты делінген Лидия Перепрыгинаның (біресе «Перелыгина» деген) содан бір ай бұрын тергелгенін, ол «ұлының 1913-жылы туып, қайтыс болғанын айтты» деп мәлімдейді. Ал Сталиннің Курейкаға 1914-жылы наурыз айында айдап апарылғаны құжаттаулы… «Сталиннің некесіз балалары» туралы Хрущевтың тапсыруымен жазған кісі – кім екені беймәлім  «А. Аристов-Сиротенко» деген.

Сталинді албаты жамандаудың тағы бірі оның үлкен ұлы Яковқа қатысты. 20-армияның 14-дивизиясындағы артиллерия батареясының командирі Яков Джугашвили Лиозно шайқасында 1941-жылы шілденің 16-сы күні қапылыста фашистердің қолына түсіп қалады. Яков Сталиннің баласы екенін білген гитлершілдер оны отанына опасыздық жасауға алдап-арбап пайдаланбақ болып, неше түрлі айла қолданады. «Сталиннің баласы біздің жаққа шықты» деген қауесет таратып, «неміс офицерлерімен бірге тұрған фотосуретін» таратады, «әкесі Сталинге Германияның жеңетініне көзі жеткені туралы хат жазды» дейді. Оның бәрі де бекер екені кейінгі жылдарғы зерттеулерде анықталды.

Фашистер Яковтан  сатқын жасай алмаған соң Заксенхаузен лагеріне апарып қамап, еселеп азаптай бастайды. Яков сондай қиямет күндердің бірінде, 1943-жылы көкек айының 14-інде,  соңынан қалмайтын күзетшіге: «Әй, жауыздар! Кәне, қорықпасаңдар атыңдар мені!» дейді де түрменің сым қоршауына ұмтылады. Қоршаудың күндіз-түні электр тогына қосулы тұратынын білген де, жанпидалық жасаған. Көрші лагерьде тұтқында отырған генерал Д.Карбышев сол оқиғаны естіген сәтте: «Яков — Отанын сүйе білген нағыз патриот!» депті.

КСРО Халық депутаттары құрылтайының Тұрақты президиумы 1977-жылы марқұм Яков Иосифович Джугашвилиді «1-дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапаттады…

Ұлының тұтқында екенін естіген Сталин, Г.Жуковтың айтуынша, қатты қайғырып отырып: «Менің ұлым Отанын сатпайды!» депті. В.Молотовтың айтуынша, немістер Яковты совет тұтқынындағы фельдмаршал Паулюске айырбастамақ екен дегенді естіген Сталин ұзақ тұнжырап отырып: «Ондағы солдаттардың бәрі — менің ұлдарым…» деп ауыр күрсініпті (кейінде шыққан «Азат ету» атты кинофильмде айтылғандай, «Мен солдатты фельдмаршалға айырбастамаймын!» демеген). Өз баласын құтқарып алуға мүмкіндігі бола тұра пендешілік жасамағаны – балалары фашистердің  лагерьлерінде  азап тартып  жатқан  ата-аналардың  хал-күйлерін  түсіне  білгендігі.

Сталиннің аруағын күстәналауға құмартып алғандар, міне, осы деректің де өңін айналдырыпты. Жақында ғана ресейлік телеарналардың бірінен (телебағдарламалары қолымда бола бермейтіндіктен алдын ала таныса алмаймын) көрсетілген кинофильмнің  көзім шалып үлгірген үзігінде бір кісі Сталинге үлкен конверт әкеліп берді. Сталин оны ашқызып, гәзет пе, әйтеуір, бір парақ қағазды алып үңілді. Онда «Яков жазған хат» бар екен. Баласы «Германияның армиясы аса қуатты, оған қарсылаудан ештеңе шықпайтынын түсіну дұрыс болады, ал өзімнің хал-жағдайы жақсы» лепті. Сталин басын шайқап, төмен қарап отырып: «Сукин сын!» дейді. Ол фильмді жасағандар да хрущевшылдар екені даусыз.

Президент кезіндегі А. Медведевке жазған хатымда айтылғандай, Ресейде  Сталиннің атын өшіруге жанталасушы ағым бар. Оны брайн-бриттік «көсемдері» жарылқан отыр деп ойлаймын. Жалақорлық ол науқан ақиқат жолынан алыстағыларға үстемелеп «азық» болуда…

***

Қызметтестерінің естеліктерінде Сталиннің өте қарапайым және өзін марапаттауға әрқашан қарсы болғаны айтылады. «Сталин» орденін жасауды ұсынғандарға тиым салған. «…Сталин генералиссимус атағын алуға әуелде көнбеді, бірақ екінші ретте Каганович, Берия және әскери қолбасшылар көндірді.  Ол  кейінде «Неге көндім екен?!» деп  өкінді. Совет Одағының Батыры атағынан бастартып: «Мен соншалықты еңбек сіңірген жоқпын!» деді… Ол Еңбек Ерінің Алтын жұлдызынан басқаны таққан емес. Оның портреттеріне өзге ордендерін фотографтар,  суретшілер жапсырып жасаған», дейді  В. Молотов (Ф. Чуев, «Молотов. Жартыдержавалық әмірші»).  Ал Хрущев пен Брежнев болса,  ел аман, жұрт  тынышта Совет Одағының  Батыры,  Социалистік Еңбек Ері атақтарын  үсті-үстіне  алып (Хрущевта 4, ал Брежневте 5 Алтын жұлдыз!), — омыраулары «сыңғырлап, жалтылдап» жүрді емес пе?!

Сталин өзін партиялық, мемлекеттік жоғары  қызметтерден босатуды: «1927-жылға дейін үш рет (тарихшы Ю. Мухин, «Халық Сталинді неге жақтауда»), одан кейінде  екі мәрте: 1934 және 1951-жылы  өтінген, алайда  Саяси бюро көпшілік дауыспен құптамай қойған. Неге? Өйткені Сталиннің сөзінде, ісінде шикілік, екіжүзділік, кеудесоғушылық болмаған — керісінше жағдайда Саяси бюро одан алғаш өтінгенінде-ақ құтылар еді».

…Иосиф Виссарионович Джугашвили  1879-жылғы  желтоқсан айының 21-і  күні Грузияның Гори қаласында, өңірге әйгілі шебер етікші жігіт Бесо (Виссарион) Джугашвили мен үй шаруасындағы қыз Кетеван (Екатерина) Геладзенің   отбасында  дүниеге  келген.  Әуелгі аты – Иосеб. Шешесі «Сосо» деп еркелетіп  атаған.  Оған дейінгі  екі ұлы 5-6 айлықтарында бірінен соң бірі қайтыс болған Бесо қатты қапаланып, ішкілікке салынады да, тиыла алмай, гориліктерге жеккөрінішті  болып, Тифлиске кетіп тынады.

Сосо әлжуаз, аурушаң бала болған. Жалғызы үшін жанын беруге әзір байғұс шеше  жалдамалы қара жұмыстың бәрін де істеген. Үй сыпырып, еден жуған, көйлек-көншек тіккен, тоқыма тоқыған, кір жуған. Сөйтіп ақша тауып, баласын емдеткен, оқытқан.

«Сәуегөйлер»: Сталиннің  шын әкесі  Виссарион емес, грузин кінәз Эгнатошвили; капиталист Адельханов; орыс саяхатшысы Пржевальский; тіпті 3-император Александр… дегендей өсекті боратты. Күнкөріс үшін біреулердің  кір-қоңын, еденін жуып жүрген жұпыны әйелге, қандай сұлу болса да, сол ақсүйектердің қайсысы құмар болды екен? Ойпырым-ау, Ресейдің императоры ма?!.  Ал саяхатшы Пржевальскийдің ол тұста, Гори тұрғай, жалпы Грузияда болмағанын кәперлеріне алмады. «Жаптым жала, жақтым күйе». Сондай-ақ, ұлты туралы да сандырақ көп: «классик» ақын О. Мандельштам «осетин» десе, «ғұлама» Э.Радзинский «еврей» деді.

…Сталин  1894-жылы Горидің діни училищесін бітіріп, Тифлис діни семинариясына түскен, бірақ революциялық көзқарасы үшін 1899-жылы оқудан қуылған. Жергілікті және Бакудегі революциялық ұйымдармен байланысып, іске араласқан. 1917-жылға дейін жиыны 8 рет тұтқындалып, 7 рет  жераударылған. Патшалық Ресейдің қанаушылық саясатын сынаған    өткір мақалалары  ашық  және астыртын гәзеттерде жиі жариялана бастаған.  В. И. Ленинмен танысып, пікірлері тоғысып, 1917-жылы   «Правда» гәзетінің редакциясына қызметке алынған. 1918-жылдан Ресей Социалистік Федерациялық Республикалар Одағы Революциялық Жоғары кеңесінің мүшесі, майдан мәселелерімен шұғылданушы, ұйымдастырушы. 1920-1922 жылдары Ресей Федерациясының Ұлт істері халық комиссары. 1922-жылы Лениннің ұсынуымен  БК(б)П Орталық комитетінің Бас хатшылығына сайланған (ол кезде Бас хатшы Орталық комитеттегі өзге 4  хатшының  жұмыс жоспарларын пысықтаушы, кеңсенің іс қағаздарын  реттеуші дәрежесіндегі ғана қызметкер екен). 1941-жылы КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы, 1941-1947 жылдары Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы — Басқолбасшы болды. 1939-жылдан КСРО Ғылым академиясының құрметті мүшесі және Социалистік Еңбек   Ері. 1943-жылы — КСРО Маршалы. 1945-жылы — Генералиссимус.

Сталин 1953-жылы  наурыздың  5-і күні қайтыс болды (бүгінде оның  улап өлтірілгені және ол іске Хрущевтің  қатысы  болғаны  дәлелденуде).

И. В. Джугашвили революциялық жұмысқа араласқан тұста «Коба», «Сталин», «Иванов» деген бүркеншік атпен жүрген. «Коба» — грузин   жазушысы Казбегидің «Әкесін құртқан» романында орыс отаршыларына қарсы күрес туын көтерген бас кейіпкердің аты, «қайсар» деген сөз.  «Сталин» — фамилиясының орысша аудармасы, көне грузин тілінде «джуга» — сталь (болат) деген  сөз. Кейбіреулер кекеткендей, ол «Сталин» фамилиясын  әдейілеп таңдап тауып алмаған. Ал «Ивановын» айтсақ, саяси астыртын  жұмыстағы төңкерісшіге көдедей көп ивановтардың бірі болып жүру  жеңіл ғой. Ленин де «Иванов» болды емес пе?

…Лениннің барында-ақ Сталин: Троцкий, Каменев, Зиновьев, Рыков…  тобымен саяси тіреске шығып, көп айтыс-тартыстың ортасында болды. Ал Ленин  Капланның қастандығынан кейін қызметін  еркін істей алмады да, негізгі билік өзара тоғысқан үштіктің:  Әскер және теңіз флотының  комиссары Троцкийдің (Бронштейн), Петроград қалалық советі мен Коминтерн атқару комитетінің төрағасы Зиновьевтің (Апфельбаум), Халық комиссарлары советінің төрағасы Каменевтің (Розенфельд) қолында болды. Саяси басшы — Троцкий. Лениннің Сталинге: «…Мен де Троцкийге  сенбеймін. Көп  жыл  бойы  біздің  партияға қарсы күрес жүргізгені,  Петроград көтерілісі кезеңінде, Брест келісімі кезінде бізге сатқындық жасағаны  оның  саяси  табансыз екенін көрсетіп берді» дегеніндей (А. Жухрай, «Сталин. Шындық пен өтірік»), егер билікті  әлемдік революцияны көксеуші атаққұмар Троцкий алып кетсе, революцияның мақсат-бағыты далада қалар еді. Сталин соны жіті ойлап, «…кемеңгерлік екі қадам жасады. Біріншіден, оңтүстікте дем алып жатқан Троцкийдің Ленинді жерлеуге  келуін  күтпеді,  екі күннен кейін  Ленин өсиеттерін орындауға ант берген сөзімен өзінің Лениннің шәкірті және мұрагері екенін танытты. Екіншіден, «партия қатарына станок жанындағы жұмысшыларды алудың» лениндік тұжырымын жариялап, партиядағы орыс нәсілділер санын екі есе көбейтті. Сөйтіп, партияның  1924-жылдың жазында өткен съезінде 800 мың делегат (көбі — орыстар) Троцкийді әділ сынаған Сталинді қолдады.

Алайда сондағы жеңісі бірден баянды бола қойған жоқ, лениншілдер  мен троцкийшілдердің  аралары ашылып, саясат майданында қақтығыс бола берді және бітіспес ол күрес саяси, әлеуметтік қуғын-сүргінге айналып, «қызыл қырғын», «халық  жауларын әшкерелеу» науқанына ұласты. Ол күрес туралы жазылған еңбектер көпке мәлім, сондықтан оларды тәптіштемей, «қызыл қырғын» авторының — Троцкийдің: «Мен еврейлерді еврей екен деп жантарта алмаймын, өйткені мен — еврей емеспін, интернационалистпін» (А. Ваксберг) деген екіжүзділігін  көңілге бір түйіп қойсақ та жетер.

Троцкий «Октябрь сабақтары» деген мақала жазып, онысында Қазан революциясын өзі ұйымдастырғанын дәлелдеуге, жеңген революция рухын дүние жүзіне тарататын ту ұстаушы өзі болатынын насихаттауға тырысқан. Сталин ол мақаланы «араб ертегісі» деді. Ал Троцкийдің «октябрьшілдігінің» бір қатпары — халық мүддесіне мүлде кереғар әрекет болғаны. Мысалы,   Қазан революциясына дейін жер байлығы шетелдік алпауыттардың бөлісіне түскен Ресейде «Лена голдфилдс» («Лензолото»)  атты компания болған.  Өте бай  ол Лена алтын қорының қожасы ағылшын банкі мен гинсбургтар әулеті екен. Алдап-арбаумен, күш қолданумен жан-жақтан апарылған мыңдаған адамдар тәулігіне 20 сағатқа дейін жұмыс істеуге мәжбүрленген. Жағдайлары адам төзгісіз жұмысшылар 1912-жылы ереуіл жасағанда полиция  мен әскер оқ жаудырып, 500-ге жуығын қырып салған («Лена қырғыны»).

Мың тонналап өндіріліп жататын алтыннан түскен табыстың Ресейге бұйыратыны ширегі ғана болған. Ал революциядан кейін Лена кен орындары дереу мемлекет меншігіне қайтарып алынып, мол байлық халық игілігіне көшті. Бірақ Троцкий 1925-жылы КСРО Концессия комитетінің төрағасы бола сала ол кен орындарын қайтадан «Лена голдфилдске» 30 жылға жалға берген. Жылдық табыстың 7 пайызы КСРО-ға, 93 пайызы компания басшыларына тиесілі етілген. Бір ғана осы мысал Троцкийдің кім болғанын айғақтамай ма?!

Сталин саяси тартыста Троцкийді жеңісімен  оның қитұрқы шараларын тексертті. Заң орындары 1929-жылы «Лена голдфилдс» компаниясының зұлымдықтарын ашып, басшыларының қайсыбірін жауапқа тартып, қалғандарын елден қуып жіберді (бұл оқиға М. Ошлаковтың «1937. КСРО  тәуелсіздігі үшін күрес» кітабында баяндалған).

Дүние жүзіндегі бірінші социалистік ел  — жас КСРО тірлігінде небір қияметтер болды десек, соның бірі — 1921-жылдан  басталып, 1933-жылмен аяқталған  аштық. Троцкийдің «қызыл қырғынын» Сталинге аудара салған троцкийшілдер «аштықты да Сталин ұйымдастырды» деп қиқулады. Табиғаттың  тарынуынан болатын ондай жағдай көптеген елде болған және қайталанып тұрады. Жаңа Ресейді сұрапыл ашаршылық жайлап, В. Лениннің барша жұртшылықтан көмек сұрап ашық хат жазғаны белгілі. Сол жанайқайға  құлақ түрген біздің Арал балықшылары Волга бойындағы жұтаған жұртқа мыңдаған тонна балық жөнелтті. Хал-қадари астық та, ет те жіберілген.

КСРО-да 1932-1933 жылдарда болған аштық туралы жазғандар оның себебі: ұжымдастыру оң жүргізілмеді; астық дайындау бақыланбады; мал есебі қадағаланбады; село халқы қуғындалды, дейді. Иә, ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың көп жерде бейбастақ жүргізілгені рас. Ерегескен кулактар мен байлар: «өзіме бұйырмайды екен, ендеше өзгеге де бұйырмасын» деп  шөбін, егінін  өртеп, малын  қасаптап тастаған. Біздің байлар малын ала қашып, Қытайға, Монголияға жасырын көшіп те кетті.

КСРО-да астық дайындаудағы озбырлықты, қылмысты әшкерелеген ең бір  құнды құжат —  Михаил Шолоховтың 1933-жылы көкек айының 4-і күні                 И. Сталинге  жазған батыл хаты. Жазушыға жауабында Сталин соншама сорақылықтың болып жатқанын  дәлелдеп  жазғаны үшін оған алғыс айтып, хат ізімен Шкирятов бастаған комиссия барып тексеру жүргізетінін ескерткен, «елді  қорғаушы Қызыл Армияға азық бермеген кулактар жазалануға тиіс» деген.

Хатынан кейін өміріне қауіп төнген Шолохов Мәскеуге қашып барып, Сталиннің қабылдауында болды. Сөйтіп, аштық буған елдің жағдайын оңдауға тиіс үкіметтік шаралардың белгіленуіне үлкен үлес қосты.

Донның солтүстігіндегі аудандарда «колхозшылар талан-тараж жасап жатыр» деген жаламен колхозшыларды астықсыз қалдырған бейбастақ басшы-қосшылар туралы Сталинге алдында да хат келген-ді. Солардың бәрін тексерген комиссияның дұрыс деректері негізінде Кремль қатаң шара қолданды. «Халықты аштыққа душар еткендер атылды» (М.Шолохов. «Жүйелі сөз жайында»).

Сол жолғы әңгіме соңында Сталин: — Михаил Александрович, үйіңізге қайтып баруға қорықпайсыз ба? — деп әзілдегенде Шолохов: — Иосиф Виссарионович, сіз қорғамайсыз ба? — депті.

…КСРО-да 1919-1922 және 1931-1933 жылдарғы  аштықтан қырылған  халық саны әлі де анықталған жоқ. Зерттеушілер аштыққа кінәлілердің  бірі – Бүкілодақтық совет атқару комитетінің төрағасы Я.Свердлов деседі. Меніңше, әбден мүмкін. А.Шамбаров кітабында былай депті: «…Свердлов Жер  мәселесі жөніндегі Халық комиссары масон Середа екеуі ауылшаруашылық коммуналары мен кедейлер комитеттерінің 1918-жылы 11-желтоқсанда өткен құрылтайында шаруаларға жаңалап соққы берді: «Коммуна мүшелерінің барлық мүлкі ортаға салынып, өздері казармаларда тұруға тиіс. Балалары ұжымдық тәрбие орындарына беріліп, сонда өз күндерін өздері көретін болсын», деген шешім жасалды… Ал «сталиндік ұжымдастыруда» шаруаның үйі, үй іргесіндегі жер телімі, ұсақ малы, құстары өздеріне қалдырылсын делінді».

Халықты Совет өкіметіне, Сталинге қарсы қою үшін жер-жердегі троцкийшілдерге дәулеттілерді қолдағы байлықтарын қорғауға, билікке бағынбауға астыртын үгіттеу туралы нұсқау берілген болар. Бұлай деу себебім: журналшы жолым басталған жылдары «ашаршылық», «халық жауы» туралы жазуды ойладым. Ол сұмдықтар жайында санқилы сөздерді естіп өстік қой. Жазуды ауылымыздың көнекөз, кәріқұлақ ақсақалдарымен әңгімелесуден бастадым. Бес қарт бар еді, солардан естігендерімнің түйіні былайша: «Колхоздастыру» басталған 1931-жылдың жазында біздің ауылға жоғары жақтан келген қаратаяқ қазақ  жігіт  Жамабек байды және алты орташаруаны  оңашалап алып, оларға: «Совет өкіметінің беті жаман! Колхоз болу дұрыс деген алдаумен малдарыңды түгелдей тартып алып, ортаға салады. Өйткеніне көнбегендеріңді жер шетіндегі итжеккен деген, мұз басып жатқан өлкеге айдап сорлатады! Ол ол ма, дүние-мүліктеріңе қоса қатындарың мен қыздарыңды ортақ етіп алады! Сол қиянатты көре бастаған ауылдардағы есті адамдар мынау іргедегі Қытай деген жайлы елге жасырын көшіп жатыр. Сендер де сөйтіңдер, кеш қалып жүрмеңдер!» деп шошытқан. Жамабек байдың 300 шамасы жылқысы, 400-ге жуық қойы, 20 сиыры бар екен, сол бірнеше  күннен  кейін  жоқ  боп кетіпті. Сөйтсе, малын алдына салып, жалшыларын алып, Қытайға түнделете жасырын өтіп кеткен екен. 31 үйлі ауылдың кедей-кепшік 19 үйі қалған да, басқалары Қытайға, Монголияға, Ресейге ауып кеткен, біраз малы барлардың кете алмағандары: «Сәбетке бұйырғанша, ит-құсқа бұйырсын!» деп, малдарын сай-салаға апарып қырып салған. «Адамның тілінен аспандағы бұлт айналады» деген сол: Совет өкіметіне іштей қарсы арандатушылар ашаршылықты солайша асқындырды.

1947-жылы, 6-сыныпта оқып жүргенімде, біздің үйге бір кісі келді. Әкем екеуі құшақтасып амандасты. Ол сол күні бізде қонды. Іңірде әңгімелесіп отырғандарында оның: «Айтар барма, қиын болды, қиын болды. Бұл ауылда жетпіс алты жанның отыз екісі ғана қалғанына шүкіршілік деуге де болады, Қайыңдыда қырық бір жанның тоғызы ғана қалды ғой…» дегенін естідім. Әкемнің оң жағында отырғанмын. Әкем: «Е, Жәке, ол ашаршылық қаншама түтінді өшіргенін кім білсін» деді. Екеуі сәл үнсіз отырды. Жәкесі сөзді жалғап: «Қаба, сол жолғы комиссияның мүшесі әлгі бұйра шаш Тоқай ауданға қайтуға бет алғанымызда: — Ай, жолдастар, мен бір нәрсені түсіне алмадым. Біз болған үш ауылдың да орманы аң-құсқа толы, өзені балыққа толы, солай бола тұра аштан өлгендердің тым көп болғаны қалай? — деді. Құданың құдіреті, мен де солай ойлап, өзіме өзім іштей сол сұрақты қойып, жауабын тапқан сияқтанып отыр едім, Тоқайға: — Е, Тоқа, бай мен байшыкештің малшысы болып, олар жасырын қашып кеткен соң тотиып қала берген, аң-құс, балық аулауды кәсіп етпеген кедей қазақтар  қайтсін, иә, айтар бар ма, обал болды-ақ, — дедім. Солай ғой?» деді. Әкем: «Көктен түскендей болған нәубетке не дауа, қайтейік?!» — деді налыс үнмен. Әкем Жәкесінің кім екенін ертеңінде айтты. 1934-жылдың жазында  ауданнан екі қазақ, екі орыс — төрт кісі комиссия келіп, біздің Ауылдық кеңеске қарасты үш ауылда болған аштықтың себеп-салдарын тексеріпті. Жәмпейіс Құмаров солардың басшысы екен.

Қазақстандағы аштық  қырғынын жасаған сұмырай «қужақ» — Филипп Исаевич (Шая Ицикович) Голощекин Свердловтың досы, қолшоқпары болыпты.

Соңғы жылдары КСРО-да «қолдан жасалған аштық» («голодомор») болды делініп жүр. Ол терминді Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде сөз еткен кісі – тәуелсіз Украинаның президенті В. Ющенко. Ол әзірлетіп, қол қойған құжат қаралып, Украинада  қолдан жасалған аштық болғаны  қуатталады. Оны әуелде  Ресей мен Қазақстан құптаған. Бірақ Ресей Федерациясының басшылары кейін   айнып, қарсы шықты. Өйткені ол аштықтың жасалуына Советтік Ресей айыпты делінгенін мойындауы қате болыпты. Соған орай жазылған мына бір мақала оқуға тұрарлық:

«…Наиболее известный фальцификатор «голодомора» — англичанин Роберт Конквест свою известность приобрел благодаря книгам «Жатва скорби» (1966 г.) и «Великий террор» (1969 г.), изданные в США по заказу ЦРУ.  В числе источников, откуда он заимствовал аргументы  о  «голодоморе» и репрессиях в СССР, оказались художественные произведения Б. Можаева,         В. Астафьева, В. Гроссмана, украинских коллаборационистов Х. Костюка,       Д. Соловья. Зарубежные ученые-советологи А. Гетти, Г. Хертле, О. Арин,        А. Даллин и другие, исследуя технологию фабрикации представителями комиссии конгресса США информации  о  голоде на Украине обнаружили,   что 80 процентов свидетельств проходит с отметкой: «Анонімна жінка», «Анонімне подружжя», «Анонімний чоловік», «Марія №» и т. д.

Конквест даже не упоминает декрет от 6 мая 1932 года, которым план заготовок был снижен.

Канадский журналист Дуглас Тоттл в книге «Фальшивки, голод и фашизм: миф об украинском геноциде от Гитлера до Гарварда» (1987 г.) доказал, что Конквест и соавторы и в книге и в его фильме «Жатва скорби»» использовали устрашающие фотографии голодных детей из хроники Первой мировой войны и голода 1921 года.

Между тем В. Ющенко, став президентом Украины, не замедлил наградить Р. Конквеста орденом Ярослава Мудрого пятой степени «за привернення  уваги  міжнародноі спільноти до визначения голодомору  1932-1933 років актом геноциду украінського народу» (С. Миронин. «30-жылдардағы аштық жайы». «Золотой лев» журналы,  №105-106).

Жалпы  аштық ол жылдары КСРО-да  ғана емес, дүние жүзінің талай елінде  болыпты.  Мысалы, сол  30-жылдары Англияның өзі мен отарларында  жеті миллион, Үндістанда төрт миллион  кісінің аштан өлгені туралы дерек бар…

Ал «халық жауы» деген атауды 1859-жылы  француз журналшысы Жан Поль Марат шығарған. Кейінде Генри Ибсеннің, Владимир Лениннің, Максим Горькийдің айту-жазуларымен қалыптасып кеткен. Тарихқа үңілсек:  ешбір елде ешкім ешқашан өзінің халқына жау болған емес,  дұрысы — «биліктің жауы». Марат өз тұсындағы билік жауларынан ұпай арттыру, халықты  шошыту үшін  «халық жауы» деген сөзтіркесін әдейі жасаған шығар. Рас, халықты мүлде алымсынбаған  әуейілер де  болды,  солардың  бірі — фашист Гитлер: «Егер мен құрыр болсам, онда  неміс  халқы  да  құрысын, ол маған лайық  бола алмады!» — депті.

«Халық жауы» науқанының КСРО шегінде қандай себептермен жүргізілгені, нақты  қайда, кімдер  бастаушы, ұйымдастырушы болғаны — әлі де  нақтыланбаған мәселе. Миллиондаған тағдырды тәлкек еткен зұлымдық туралы айта беру оңай да, оның ұшығын табу қиын. Алайда науқанды                  В. Ленин  бастап, Л. Троцкий «қызыл қырғындатып» еселеп қостап, әуелі Ресейді, одан соң Ресей Федерациясын, КСРО-ның  құзырындағы одақтас республикаларды шарпып, троцкийшілдер 1918 –1938-жылдары ой мен қырды аяусыз «тазалап» тынды деуге болар.  НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) құзырында ГУЛАГ-тың (Мемлекеттік лагерьлер басқармасының) жүздеген лагері құрылып, 10-25 жылға сотталған  «халық жаулары» лықа толтырылды. В.Шамбаров Сведловтың ГУЛАГ-ты да ұйымдастырушы болғанын жазыпты.

«Халық жауларын әшкерелеуді» кімдер бастағаны, жер-жерде қалай жүргізілгені жайында нақты деректер, мысалы: Е. Прудникованың «Хрущев. Террорды бастағандар», А. Елисеевтің «1937-жыл туралы ақиқат. «Үлкен қырғынды» кім шығарды?» кітаптарында жеткілікті.

Ауылымыздың көнекөз қарттарынан естіген екінші жәйтті айтудың реті енді келді. Сол ағаларының ізбасары – әкемнен естіп-білгенім мыналар:

  1. Әкемнің ағасы, колхоз ұстасы Құрманбай егін науқанын бақылауға аупарткомнан келген өкіл жігітті ауылдағы бір жесір келіншекті зорламақ сәтінде ұстап алып, сабап, қуып жібереді. Екі күннен кейін ауданнан екі милиционер келіп, Құрекеңді алып кетеді. Бертінде іздестіріп білгенімдей, «коммунисті сабап, партияны мазақ еткен халық жауы» он жылға сотталып, Магаданға айдалыпты. Сүйегі сонда қалды. Құрекеңнің балалары әкелері сотталысымен жұмыстан, мектептен  шығарып тасталған.  Тұңғышы Ізғұтты Семей қаласын паналап, сол жақтан  И. Сталинге: «Менің колхозшы әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап жіберді. Маған соғысқа баруға рұхсат беріңіз. Мұнда «халық жауының баласысың» деп әскерге алмай қойды. Мен қарапайым колхозшы әкемнің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» деп жазған хатынан кейін 1942-жылы маусымда майданға алынып, қолұрысында фашистердің 51 солдат-офицерін жайратқаны, түнгі барлауда жаудан 22 «тіл» әкелгені, 1944-жылы шілденің 8-і күні Батыс Двина өзенінен өткендегі қиянкескі ұрыста ерекше ерлік көрсеткені үшін Совет Одағының Батыры атағы берілген. Сол жолы  ауыр жараланып, госпитальге түскен Ізғұтты  сонда көз жұмыпты.
  2. Көшербай Кешубаев деген тентектеу жігіт: «Осы біздің өкіметтің салыққа тоятын күні бола ма?!» дегені үшін «халық жауы» ретінде тұтқындала жаздап, алып кетуге келген милиционерлерден қашып құтылып, тауға сіңіп кетеді. Милиционерлер ақырында оны ұстай алмай, үшінші күні қашқын інісінің орнына үйінен шыға бермейтін жарымжан ағасы Сыдықты алып кетеді, сөйтіп, «халық жауы Кешубаев ұсталды» болады.
  3. Бір жиынға кешігіп келген Қайырлы деген жігіт қойынқалтасынан бүктеулі қағазды алып: «Кәне, сүйінші беріңдер! Міне, біздің ауданда «Социалды  майдан» деген гәзет шықты!» дейді. Сонда Рақыш деген жігіт: «Оу, алақандай   «Майдан»,  шыға келдің қайдан? Бастықтарға жағарсың, бізге болмас пайдаң!» деп жұртты күлкіге қарық қылады. «Партияның гәзетін масқаралаған халық жауы»  делініп Рақыш та, Қайырлы  да  ұсталып  кетеді.  Мұндай мысал толып жатыр. Сонда «халық жауын әшкерелеудің жоспары» кімдердің есебінен орындалған болды? Қызмет бабымен облыстарды аралап жүріп естіп-білген осындай сұмдықтардан түйгенім, мысалы, Қарлагтың «дәмін татқан» қазекемдердің 80 пайызы: құрманбай-сыдық-қайырлы-рақыштар  болды! Оған кінәлі  кімдер?.. «Шаш  ал десе, бас алған» жергілікті сұрқылтайлар!

«Халықтың» емес, «биліктің жауы» аз болмады дей аламын. Олар – ұжымдастыру барысында мал-мүлкі тәркілеген байлар, кулактар. Солардың әлде өздері, әлде жалдамалылары колхоздың  шөбін, егінін өртеп жіберетін, өрістегі малын қырып кететін болған. Колхоз бастығын, ауылсовет ағасын, партия, комсомол ұйымдарының хатшыларын сабап мертіктіріп, немесе өлтіріп кеткендерін, үйлерін өртеп жібергендерін де естідік. Ауыл ақсақалдары: «Е, бұл бай-құлақтардың қалқозға   істемеген  иттігі  қалды ма?!» деп  кіжіне  сөйлейтін.

«Иттіктің» бір түрі: одақтас республикалар партия ұйымдарының бірінші басшылары Кремльге хат жазып, пәленбай «халық жауына» жаза қолдануға ресми рұхсат (лимит) сұрайтын болған (ол жәйтті осындағы            «Л. Мирзоян» деген жазбамда айттым, оған қосымша ескертерім: Кремльге «халық жауларының» саны ғана көрсетілген «лимит» барған да, онда бекітілген санды толтыру, яғни кімдерді «жаулардың» тізімін енгізу, ұстау, соттау жер-жердің  өзінде істелген).

«Лимиттерді» БКП(б) Орталық комитетінің Саяси  бюросы  бекітіп отырған. Алайда, мұрағатжайлардан табылып жатқан құжаттар  айғақтағандай (С. Цыркунның, Е. Прудникованың, С. Кремлевтің, К. Романенконың, т. б. ақиқат ақпарлы кітаптары), Мәскеудегі, республикалардағы ягода-ежовтар «лимитті» кейде  өздері-ақ «реттеп» отырыпты.

…Кеңес Одағына белгілі журналшы-жазушы Эдуард Поляновскийдің  «Теміртас лагерьде» деген жазбасынан:

«…Ел қанға боялып жатты. Партия органдары басшыларының қызметін қадағалаушы Г. Маленков жер-жерден мағлұмат алып отырып, 1937-жылдың  жазында Сталинге жеке хат жазып, ішінара тексертуінің нәтижесі сотталып жатқандардың төрттен үші жазықсыз екенін көрсеткенін, жағдайдың асқынғанын айтады. Сталин: «бұл мәселені бір хатпен реттеу мүмкін болмас, пленум шақыру керек» дейді.

1938-жылы қаңтарда пленум ашылып, Маленков баяндама жасады. Ол қырғынды алғаш рет ашық айыптау еді. Маленков елде есуастық белең алды деп, нақты цифрлар мен деректерді жайып салды. Мінберден залдағыларды нұсқай сөйлеп, Әзірбайжан Компартиясы Орталық комитетінің 1-хатшысы Багировке: «Сен тізімдеп аттырып жүрген адамдарыңның аты-жөндерін де білмейсің!» десе, Куйбышев обкомының 1-хатшысы Постышевке: «Сен барлық  аудандық партия комитеттерінің мүшелерін не түрмеге тоғыттың, не о дүниеге жібердің!» деді. Багиров ақталған сыңайда бірдеңе деп міңгірледі, ал Постышев: «Аттырдым және аттырамын да, — айналамыз жауға толы, мұнда отырған сендер оны білмейсіңдер!»  деп қарсы сөйледі… Ақырында, мәселе қаулы қабылдау  үшін дауысқа салынғанда  1-хатшылар – троцкийшілдер – бой бермей кетті. Сонымен, ауыл шаруашылығын ұжымдастыруда болған қателіктер туралы дабылдарға мән беріп, 1931-жылы «Табыстан бас айналу» мақаласын жазып, жағдайдың біраз оңдалуына себепші болған Сталин мына пленумда Маленковты үстем ете алмады.

(Г. Маленковтың сол пленумдағы баяндамасымен танысқым келді де, ерекше құжат екені сөзсіз ғой, 2009-жылы Ресейдің бас мұрағатына хат жазып, көшірмесін сұрадым. «Президент әкімдігінің рұхсатымен ғана бере аламыз» деген жауап келді. Президентке жаздым – жауапсыз қалды.)

Г. Маленковтың ұлы А. Маленков «Әкем Георгий Маленков жайында» деген естелігінде былай депті: «…Г. Маленков 1937-жылы тамыз айында Сталинге «Бұрмалаушылықтар туралы» хат жолдады. Бұл жәйтті әкемнің айтқаны бойынша жаздым, ол жазғанымды оқыды: «Мен хатымды  Сталинге Поскребышев арқылы жеткіздім. Ішкі істер халық комиссариатында (НКВД) бұрмалаушылық бар, партияға берілген мыңдаған коммунистің қазасына Ежов пен оның ұжымы кінәлі дедім. 40 минөттен кейін Сталин шақыртты. Бардым. Сталин кабинетінде ары-бері жүр екен, үндемейді. Бір кезде: «Өзіңіз жаздыңыз ба?» деді. «Иә, өзім жаздым». Біраздан соң: «Өзіңіздің байламыңыз ба?» деді. «Иә, өзімнің байламым» дедім. Сталин үстеліне барып, хатыма: «Саяси бюро мүшелеріне. Мен келістім» деп бұрыштама жазды».

Сөйтіп, дейді А. Маленков, Сталин Ежовқа енді сенбеуді ұйғарған.           Г. Маленковтың көмекшісі Д. Сухановтың айтуынша, Сталин комиссардың 1-көмекшісі болуға кандидат іріктеуді тапсырып, ол үш шартқа: органда істеген тәжірибелі, партиялық жұмыста ысылған және өзі — Сталин сене алатын адам болу талабына сай таңдалсын деген. Маленков көмекшісі Донскойға тапсырма беріп, жиыны жеті кандидат іріктелген. Сталин Берияны таңдапты.  Берия Мәскеуге 1938-жылы қыркүйек айында Ежовтың 1-орынбасары болып келді (Ежов оны маңына жолатпау үшін өліп-тіріліп қарсылық жасапты).

А. Маленковты тағы тыңдалық: Ежов 1939-жылы қаңтар айының соңында Поскребышев арқылы Сталиннің қабылдауына сұранған (Ежов  ол кезде Су транспорты халық комиссары міндетін қос атқарған, — Ғ.Қ.). Сталин  оны қабылдаған. Жалғыз емес, жанында Маленков отырған. Ежов Маленковқа шүйіліп: Халық жауларын жақтайды, ақгвардияшылдығы ұстап жүр, дейді, Маленковтың ақсүйектер әулетінен екенін меңзеп. Ал Маленков қарсы тұрып, Ежовтың өзі де, ұжымы да партияға адал коммунистерді қуғындап, құртып жүргенін айтады. Ежов Саяси бюро мәжілісін өткізуді талап етеді. Сталин: «Маленковтың кабинетіне барып сөйлесіп, жөнге келіңдер, мен шешімімді айтармын» дейді. Олар Ескі алаңға, Маленковтың кабинетіне кетеді. Біраздан соң оларға Берия барып қосылады. Үшеуі кабинеттен шыға бергенде Ежов тұтқындалады. Сол сәтте Маленков: «Әкесі үшін баласы жауап бермейді» дейді (біреулер бұл сөзді Сталинге бекер телиді). Онысы Ежовқа: сенің қылмыстарың үшін отбасың жауапты болмайды, дегені екен. Ал Ежов тұтқындағандарының отбасын ойрандайтын болған.

Маленков Ежовтың сейфін ашуға нұсқау берген. Одан партия Орталық комитетінің көптеген мүшелерінің, Маленков пен Сталиннің де  «Жеке іс»  папкалары табылған.

Ю.Жуковтан және  бір сөз: «…сонымен, «ежовшылдардың» күні батты. Саяси бюро жер-жерге жеделхат жолдап, репрессияны тоқтатуды, «үштік сотты» таратуды талап етті. Жеңген Сталин тобы 1938-жылдың аяқ шенінде Ішкі істер халық комиссариатын нысаға алып, қатаң тергеу жүргізіп, қырғын жасауға қатысы болған қызметкерлерін жауапқа тартқыза бастады. Сөйтіп, Үлкен қырғын тоқтатылды».

М. Ошлаковтың дерегінше, сол тұста Сталин: «Былықтырғанымыз  аз  емес…  жазықсыз  жазаланғандар  көп… жау бізге сан соқтырды. Ягода мен Ежовты аңдамадық, Төтенше Комиссияны бақылай алмадық. Ол комиссияда жау отырған соң сыбайластары бүкіл елде  еркінсіген»  депті.

Бір сұрақ: «халық жауы» деген саяси айыппен сотталғандардың арасында шынайы жаулар саны неше пайыз, бисаяси қылмыс жасағандары  үшін «халық жауы» бабымен сотталған бұзақылар саны  неше пайыз және жазықсыз құрманбайлар неше пайыз?   Ол беймәлім.

Көп  жерлерде «халық жауларын» тергеушілер әпербақандықпен сан түрлі теріс тәсіл қолданыпты.  Олар тергеу  кезінде  күш  қолдануға «рұхсат берілгенін» өздерінше пайдаланыпты. Ал Саяси бюро құптаған ол рұхсатта кімді болсын беталды айыптамау, тергеуді  әділ жүргізу ескертілген.

«Жауларды жазалаудың» ең дақпырттысы «Маршалдар ымырасы» деген атпен мәлім. Ол — М. Тухачевский бастаған бірнеше  маршалдың сотталуы. КСРО-да 1930-жылдары неміс әскери мамандарының мектептері болыпты. Неміс ұшқыштары, танкшілері және химиялық қару мамандары жаттығумен айналысқан ол мектептерді Троцкий мен Уборевич ашыпты. Ондайдың  барын  естісімен Сталин дереу бұйрық беріп, жаптырып тастаған. Германияның әскери басшыларымен байланыс сол мектептерде басталғаны, кейінде екі елдің әскери делегациялары арасындағы келіссөздер кезінде ұлғайып, маршалдардың  опасыздығына  ұласқаны: Альберт Канның «Совет өкіметіне қарсы Совет», А. Мартиросянның «Маршалдар ымырасы» және  В. Мещеряковтың «Сталин және әскерилердің құпия әрекеттері» кітаптарында, т.б. зерттеу еңбектерде паш етілген. Мысалы, А. Бушковтың «Сталин. Мұзтақ» кітабында былай делініпті: «…М. Тухачевский бастаған маршалдар Троцкийдің «2-Брест» жобасын іске асыруды,  Германия  шабуыл жасаған күні Сталинге қарсы көтерілуді жоспарлаған. М. Тухачевский тұтқындалған күннің ертеңінде қылмысын өз еркімен мойындайтынын, өздерінің «Жеңіліс жоспарын» баяндап бергісі келетінін жазбаша мәлімдеген. Жазбаны кейін Хрущевтің тапсыруымен зерттеген графологтар (қолжазуды зерттеушілер): «азап  көрген шошымалы кісінің жазуы  емес, автор мәжбүрленбей, ерікті түрде жазған» деп қорытынды жасапты.

2012-жылы Мәскеудің «Алгоритм» баспасынан М.Н.Тухачевскийдің «Жеңіліс  жоспары»  кітап болып шығарылы.

Сталин: «Азамат соғысының диюы» деп атаған Тухачевский  туралы   бір «қызық» дерек:  оның  үш  мысығы, бір  иті  болған екен, мысықтарының  аттары:  «Отец», «Сын», «Святой дух»,  ал  итін «Христосик»  деп  атапты.

Есте болар бір жәйт: «Білімсіз, мәдениетсіз, ой өрісі теріс Хрущев СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы болысымен өз адамдарынан арнаулы топтар құрып, мұрағаттарға жұмсап, олардағы ескі құжаттардың беттерінен өзінің аты-жөнін өшіріп тастауды, өзі туралы көп жазылған беттерді тұтастай алып, жойып жіберуді тапсырған», дейді СОКП Орталық комитетінде ұзақ  уақыт қызмет істеген В. Фалин («Кремль мәслихатының құпиялары»).  Өйткен себебі: «Украина Компартиясының басшысы, одан кейін Мәскеудің облыстық  және қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған кезінде Хрущевтің тікелей нұсқауымен, оның «үштігі» қол қойып бекітумен 203 мың «халық жауы» жазаланған (Ю. Жуков. «Басқа Сталин»).

Мұрағат демекші, Р. Баландин мен С. Мирониннің «Билік үшін астыртын арпалыс» кітабында тарихшы В. Наумовтың мына дерегі бар: «1955-жылы, Хрущевтың  нұсқауы бойынша бізде, Орталық  мұрағатта, Берияның қағаздары, Сталинге, партияның басқа басшыларына қатысты құжаттар тәркіленді, жиыны 11 қапшық болды».

Сталиннің жеке басына табынушы жағымпаздардың топ басында  болған Хрущевтің өзі «көсем» болып алған соң  марқұм Сталинге: Кировты,  Горькийді, Орджоникидзені, Ждановты, т. б.  өлтіртті, деп троцкийлік айып таққанына тоқтала кетсем, оның сол мәлімдемесі бойынша, мысалы, Кировтың  өлімі себебін тексерген үкіметтік комиссия ол оқиғаға Сталиннің де, КГБ-ның да қатысы болмағаны туралы актіні алып барғанда, Хрущев тұлан тұтып: — Мұндайдың ешкімге керегі жоқ! —  деп, актіні сейфіне (темір жәшігіне)  салып тастапты (Е. Прудникованың «Сталин. Екінші рет өлтіру» кітабынан).

Енді «Сталин лениндік кадрларды құртты» дегенге қатысты  мына  тұжырымға  да  назар  аударалық (түпнұсқасы):

«Большинство (БК(б)П Орталық комитетінің құрамын айтады, —            Ғ. Қ.) составили те самые «старые революционеры, верные генеральной линии» — малообразованные, амбициозные, склонные идеям революции так, как они эти идеи понимали…  Вот, скажем, Роберт Эйхе, секретарь Западно-Сибирьского  крайкома, хозяин  колоссального края, сын  батрака, образование — двухклассное начальное училище. Станислав   Косиор — «Хозяин Украины» — начальное  заводское училище… Николай Ежов, секретарь ЦК, писал в анкетах: «образование  неполное  низшее», — понимай как хочешь.

Среди секретарей обкомов высшее образование имели 15,7   процента,    а низшее –  70, 4 процента. На городском уровне это было  9,7  и  60,6   процента соответственно,  на районном – 12,1 и 80,3…  Данные товарищи руководили всей жизнью страны, в том числе и государственным  аппаратом. Долго такое положение сохраняться, естественно, не могло… К середине 30-х годов  Сталин решив, по-видимому, что государственный аппарат достаточно окреп,   новый строй утвердился, начал преобразования, которые иначе как контрреволюционным не назовешь… Однако сдаваться «партийные   бароны» (1-хатшылар, — Ғ. Қ.) не собирались. На июньском пленуме 1937 года они нанесли по сталинским планам удар жестокий и страшный. За день до  окончания  пленума один из них – Эйхе, ссылаясь на то, что органы НКВД обнаружили в регионе контрреволюционную организацию, потребовал особых полномочий на проведения «чистки» во внесудебном порядке (особыми  тройками) и с применением расстрела. Отказать ему политбюро     не могло…  Аналогичные  требования  выдвинули  и другие секретари. Это было старт массовых репрессии. Другой цели, кроме как сорвать альтернативные выборы в Советы, у этой операции просто не просматривается… Е. Прудникова».

«Тройканың» («Үштік сотың») құрамы: өлкелік (немесе облыстық)  партия комитетінің 1-хатшысы, Ішкі істер басқармасының басшысы және прокурор. Бұл  үшеуі «революцияға қарсыларға»  үкім  шығара  берген.

«Альтернативные выборы в Советы» дегеннің мәнісі, автор одан арыда дәлелдеп айтқандай, Сталин советтік сайлау жүйесін жасаған. Билікті шаласауатты, сауатсыз керітарпалардан сол сайлау арқылы  тазарту мүмкін болар деген. «Партия барондары» соны білген, депутат бола алмай, орындарынан босап қалудан шошыған, партияның Орталық комитеті мен Саяси бюросында Сталинді жақтаушылардың азшылық  екенін пайдаланып, оларға бағынбауға, биліктен кетпеуге жанталасқан. Сталин де қарап отырмапты. Тарихшы автор былай депті: «Келесі соққы Сталиннен болды. Пленумнан кейін ОК өкілдері елге шығарылды, олар репрессияның барысымен танысу деген желеумен аттандырылып, қырғын жасаушыларға қарсы әрекет етті…».

Ашық айтыста жеңе алмасқа көздері жеткен троцкийшілер Сталинге қастық жасауды көздеген. Ол «Клубок» деген атпен белгілі. Басшы топ: Зиновьев, Ягода, Енукидзе, Петерсон. Ойлары іске асарына сене бастаған күндердің бірінде  Ішкі істер министрі  Ягода қызметтесі Артузовқа: «Біздегідей аппараты барлар ешқашан қор болмайды. Керек сәтінде қырып салатын қырандар! Ешбір елдің Ішкі істер министрлігі сарай төңкерісін жасай алмайды, ал біз, егер қажет болса, жасай саламыз, бізде милиция ғана емес, әскер де бар!» — депті.   Әскер —  тухачевскийлердің  қолындағы  күш.  Дес бергенде, олардың арамдықтары іске аспады.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін де «маршал мәселесі» қозғала жаздапты. Тухачевскийлердің емес, Георгий Константинович Жуковтың мәселесі (Тухачевскийлерді Хрущев олардың ісін қайта қараусыз-ақ ақтай салған). Сталинге даңқты маршалдың дүниеқоңыздығы туралы ресми хабарлама жасалған да, Берияның талап етуімен құрамында: Конев, Соколовский, Рыбалко, Хрулев, Голиков, Рокоссовский  бар  Әскери жоғарғы кеңес комиссиясы  құрылған. Оның  жеңістен  кейін Германияда советтік әскери топ басшысы болған Г. Жуковтың көрсеқызарлыққа салынғанын, мемлекет қаржысы есебінен көп дүние-мүлік жинағанын, Берлиннің  «Альбин май» фабрикасына  тапсырыспен жасатып  алған жиһазының (мебелінің) өзі ғана 7 вагон болғанын анықтаған  құжаты Сталинге табыс етіледі. Сталин танысады. Ал Жуковты жауапқа тарту сөз болғанда  Сталин: «Жуковқа  тиіспеңдер!» дейді де, маршалды Одесса әскери округына, одан кейін, келесі арыздан соң, шағын Урал округына қолбасшылыққа  жібереді. Суайт Хрущевтің: «Сталин Жуковтың беделінен қорықты, Мәскеуден  қуды» дегенінің  «дәлелі» — сол (Ф. Чуев).

«Г.Жуков мәселесіне» қатысты деректі кейінірек оқисыздар.

Осы жерде ескерте отыру қажет бір нәрсе – кейбіреулердің: «Сталин өзіне қарсыларды  құртуда:  «Адам барда мәселе бар, ал адам  жоқта мәселе   де жоқ» дегенді айтып, соны ұстанды» деген сөздерінің білместік екендігі (М. Жухрай):

«Генералдар Лавров пен Джуга 1950-жылы тамыз айында Сталиннің қабылдауында болып, АҚШ-тың КСРО-ға қарсы соғыс жоспары бары жөнінде Вашингтоннан, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы мен Қауіпсіздік кеңесінен құпия мағлұмат алғандарын мәлімдейді. Жоспарда КСРО-ны ыдырату, оның одақтас социалистік республикаларының бәрін капитализм жолына салу көзделіпті. КСРО-ны бөлшектеп құрту насихатын бастап, ерекше белсене жүргізуші профессор Збигнев Бжезинский екен. Ол: Америка мен ағылшынның барлау күштері дүниежүзілік коммунистік қозғалысты іштей ірітуді Иосиф Броз Тито, Тольятти сияқты ренегаттар (ауытқығыштар) арқылы іске асыра алады деп сендірген.

Джуга: «Тито — ауытқығыш емес, ол коммунист те болған жоқ, ағылшын барлаушыларының жансызы. Ол Уинстон Черчилльдің ұлы – Рандольф Черчилльмен дос. Оны жою керек. Кісі барда мәселе бар, кісі жоқта мәселе    де жоқ, Тито серб те емес», деді. Сталин оған барлай, салқын қарады да: «Әрқашан есіңде болсын, біз алдаушы-арандатушылар емеспіз. Сенің ұсынысыңнан эсершілік мүңкіп тұр»,  деді».

Сол жәйттен хабары болғаны сөзсіз Хрущев көп өтіріктерінің бірінде:  «Сталин:  — Титоны  құртқым келсе, шынашағымды шошайта саламын, — деді» деп, өзі  ойдан  шығарған  өсекпен өлі Сталинге тағы күл шашты.

Ал «Сталин соғыс жылдары Кремльден аттап шықпады, майдандарда  болмады» (генерал  Волкогонов, т. б.) дегенді оның  оққағары  А. Рыбин мүлде жоққа шығарды («Сталиннің жанында»).  Ол  Басқолбасшының  1941-жылғы   тамыз  айында Малоярославта, қыркүйек  айында  Можайскіде, қазан айында Рокоссовскийдің  армиясында, қарашада Туковода, Круташовта,  одан кейін Ленино-Лупихада, 1942-жылы Батыс майданда, 1943-жылы Гжатскіде болып, сонда солдаттардың казармасында қонып та қалғанын, ертеңінде Юхновта Артиллерия маршалы Вороновпен кеңескенін, Тегеран конференциясынан қайтқан  жолда  Сталинградта  болғанын тәптіштеп жазған. Оны генерал басымен Волкогонов «білмепті», — о, байғұс!

А. Микоян «Осылай болды» деп атаған  кітабында соғыс басталған күннің ертеңінде іңірде Сталиннің Молотовты, Берияны, Маленковты және өзін ертіп Бас штабқа барғандарын, Сталиннің  Жуковтан түсінік  талап ете  қатқыл  сөйлегенін, сонда Жуковтың  жылап  жібергенін  айтып: «…Бұл дерек — Жуковты қалайда бір кемсіту емес, Сталин мінезінің бір сипаты. Дегенмен, Жуков ол жәйт жайында ләм демейді» депті. Жан шіркін тәтті ғой, Жуковты да жылатыпты! Хрущевтың: «Соғыс басталған күні Сталин саяжайына кетіп қалып, үш күн хабарсыз жатып  алды»  деген  оттауизміне  нақты  бір жауап — осы!

«Оттауизм» демекші, хрущевшылдардың біреуі (оның аты-жөнін, мақаласының атын жазып ала салмағаным өкінішті): Бір күні Сталин майдандағы генерал Жуковты телефонға  шақырып,  қисынсыз  нұсқау беріп, екеуі ерегесіп қалған  да, Жуков  оны боқтап-боқтап, телефонын жаба  салған, Сталин ештеңе дей алмаған, депті. Өйдөйт, шіркін! Есі дұрыс кісі сенбейтінді айтатындардың есі қандай болады екен?!

Ал Солженицынның «Куйбышев қаласына қашып кеткен Сталин» туралы жәдігөйлік  өтірігіне  А. Рыбиннің кітабында мынадай жауап бар: «Қазан  айының  16-күні  Сталин: — Ешқайда бармаймын,  Мәскеуде боламын. Жеңіске жетеміз! — деді. Ол сенімділігі, кесіпайтқыштығы және тәуекелшілдігі  еді. Халық  оған сенді: — Сталин  Кремльде  екен, – бәрі де дұрыс болады! — десті. Атақты әртист Сергей Лемешев жұртпен бірге Куйбышев қаласына  көшуі  керектігін  естігенге: — Неге көшуім керек? Сталин Мәскеуде ғой?! Біз де осында болып, майданға көмектесуіміз керек, театр жұмыс істеуі керек! — деді. Бір айдан кейін, 19-қарашада, Үлкен театрдың Пушкин көшесіндегі филиалында цирк пен балет әртистерінің бірінші концерті қойылды. 22-қарашада «Евгений Онегин» операсы, 23-қарашада «Есіл  сақтық» балеты көрсетілді». Жиналған қаржы, әрине, майдан қорына берілді.

«Сталин және  Екінші дүниежүзілік соғыс»  мәселесі кешегі КСРО-ның шегінен  шығып, халықаралық додаға әлі күнге дейін салынып жатыр.          Пікір атаулының дұрысынан бұрысы басым (жоғарыда сөз ретіне қарай алдын ала айтуыма тура келді). Анық  әділ қорытындысы  шығуы үшін әлі қанша  жыл керек болары белгісіз. Бұл  туралы  жазушы-тарихшы  А. Зиновьев «Пілді инемен қалай өлтіреді»   кітабында (1976-жылы)  былай деген:

«…ЦРУ (АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы, — Ғ. Қ.) сан түрлі айла- шарғы қолданып, сан-сапалақ жазғыштардың советке қарсы 1500-ден астам кітаптарын шығарды. Мақсат — Сталиннің рухын қаралау. Америка өте қажет ол істі Хрущевтің бастағанына қатты қуанды, ал одан арғысын американдық «тарихшылар» қырық құбылтып, нақұрыстыққа апарып тіреді. Олар «орыс ұлтының ар-намысы» Солженицынды, басқа да «арлыларды» пайдаланып, өтірік-өсектің қоймасын лықа толтырды, — оны аршып-тазалау ғалымдардың ертеңгі ұрпағына да тым ауыр жүк болар».

 

Ғаббас Қабышұлы,

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*