ЖҮКТЕЛУДЕ

Сөзді еңгізіңіз

Досай КЕНЖЕТАЙ: «Нақшбанди тариқаты — өзбектердікі» деген ұстаным түбірімен қате

Басты ақпарат Руханият Талқы алаңы

Досай КЕНЖЕТАЙ: «Нақшбанди тариқаты — өзбектердікі» деген ұстаным түбірімен қате

talgy_admin 01.06.2018 2242 рет қаралды

НАҚШБАНДИЯ ТАРИҚАТЫ ТУРАЛЫ 4 СҰРАҚҚА ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙДЫҢ ЖАУАБЫ

— Нақышбандия тариқатының қазақ тарихындағы рөліне қандай баға бересіз? Олардың шын аты Нахшилар дейді, «банди» дегенді жалғаған большевиктер деседі, осы рас па?

— Бахауддин Нақбандия жолы да Иасауи жолы негізіне құрылған. Қазақ мұсылмандық тарихында олардың да үлесі мен өзіндік орны бар. Ол — Ханафи мазхабы мен Матуруди ақидасы негізіндегі сунни тариқат. Кешегі орыс отарлауына қарсы, одан кейінгі кеңестік идеологияға қарсы соғысқан бабаларымызды орыстардың «бандиттер» деуінің артында осы сопылықтың тарихи орны болғанын көруге болады. Бірақ, Нақшибандиттер деген сөздің екінші бөлігіндегі бандиттер деген сөзді ғана алып соларды «бандиттер» деген. Яғни, сопылар дегені еді. Біздің ұлт азаттық соғыстың бел ортасында адам рухының инженерлері осы сопылар болғанын тарих көрсетіп отыр.

— Бұхар Жырау мен Мәшһүр Жүсіпті бір журналист нақышбанд қылып жіберіпті. Ұмытпасам «Жас Алаш» газетіндегі Сайлау Байбосын болса керек. Мен бұған келісе алмадым. Сіз ше?

— Рас, Шәкәрім, Мәшхүр, Қалжан ахун сияқты бабаларымыз нақшбандия тариқатының өкілдері, «бирадары» болған. Жалпы нақшбандия тариқат ретінде қазақ руханияты тарихында 18-19 ғасырларда кеңінен орын алған. Әсіресе жоңғарға қарсы соғыста нақшбандилер белсенді болды. Соның арқасында қазақ, өзбек, қырғыз әскерлері қосылып жоңғарға қарсы тұра білді. Ол да қазаққа жат тариқат емес.

— Мен нақышбандтар жиі мақтаныш қылатын пірлерінің тізбегін көріп шықтым. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с-нан бастапты. Хамаданиге дейінгілерді таныдым. Ары қарай бірде біреуін қабылдай алмадым. Өйткені іштерінде қазақ жоқ. Мөңке би қайда, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қайда? Қазақ сахарасында қаншама әулие, бектер өткен. Солардың бірде біреуін таппадым тізімдерінен. Қазақтың иісі жоқ. Қазақтың иісі жоқ бұл пірсымақтардың жолын қазаққа тықпалай берудің не қажеті бар?

— Нақшбандия тариқатының шайхтары көбіне тәжік, өзбек арасынан шығып отырғандығы мәлім. Тариқат нәсіліне емес, адамның діліне қатысты мәселе. Ал силсиладағы тізімдерде сол жолдың шайхтарының ғана аты аталады. Иасауи мен Нақшбандия арасындағы силсилада бастау ретінде Иасауия Хз.Алиден басталса, Нақшибандилерде Хз.ӘбуБакрден басталады. Барлық тариқаттар Иасауи силсиласын «силсилат ул захаб» ретінде мойындап, құрметтейді. Ал сіз айтқан Мөңке, Қазыбек, Төле, Әйтеке билер олар шайх болмаған, екеншіден силсилада «хожаган әулеті ғана» орын алады. Бұл мәселе осылай. Сосын «олардың жолы» «біздің жол» деген болмайды барлығы исламдағы арды түзеуге бағытталған ортақ рухани, моральдық кемелдену жолдары. Екі жолдың айырмашылығы методтарында ған. Ұстанымы мен идеясы бір. Бүгінгі өздерін «Иасауи жолындамыз» деп жүргендердің «Иасауи тариқаты — қазақтардікі, нақшбанди тариқаты — өзбектердікі» деген ұстанымы түбірімен қате. Ешқандай ғылымға, тарихқа, мәдениетке де, діни танымға да сай келмейтін тұжырым. Сонда Құнанбай, Шәкәрім мен Мәшхүр Жүсіп қазақ болмағаны ма? Абай да Шәкәрім де Мәшхүр де нақшбанди тариқатынан сусындаған. Жалпы тариқаттарды қарама-қарсы қою, сопылықтың мәнін білмеушіліктен туындайды.

— Тарихта иасауишілдер мен нақышбандтар қырқыспасада қырғи қабақта өмір сүрген деседі. Олардың тарихтағы ара-қатынастары туралы білгім келеді.

Жанарбектен.

— Тарихи тұрғыдан екі тариқат арасында қалыпты рухани, тарихи, мәдени байланыстар бар, болған. Нақшбандия тариқаты Қазақ еліне бір қолына Иасауи хикметтерін ұстап келмегенде бәлкім, қабылданбас па еді. Екі тариқаттың ұстанымы да ғашықтыққа негізделген, идеялары бір — Ол Алланың жамалы. Екеуі де Матуруди ақидасы, Ханафи фиқхына негізделген. Бірақ, психотехникалық және методологиялық айырмашылықтары бар. Зікірлері екі түрлі хафи, жахри болғанмен, мазмұны бір. Алғашқы кездері екі тариқат шайхтары өте төзімді, толерантты, бір-бірін сыйлайтын, сұхбаттарында нұр шашылып, зікірлерінде әрі хафи, әрі жахри зікір сала беретін. Кейіннен Қазақ хандығы өз алдына бөлініп шыққаннан соң ақ екі тариқат арасында саяси бәсеке басталды да кетті. Бұл жарыс жақтас жинау, саяси бедел жарысы, байлық пен мансапқа ұласып кетті. Жалпы танымдық, теологиялық жағынан екеуінің арасында айырмашылық жоқ. Тәуелсіздіктен кейін «Иасауи тариқаты қазақтардыкі, нақшбанди Өзбектердікі» деген В.Бартольтың үстірт тұжырымдары Қазақстандағы сопыларды екі лагерге бөліп тастады. Шындығында Нақшбандия тариқаты өзбектікі де емес, қазақтыкі де емес, тариқат феномені кеңістік және мәдениет жағынан универсалды табиғатқа ие. Оны Европадағы (Кипр орталығы), Англия, Франция, Америка, Мысыр, Пакистан, Туркиядағы Нақшбандия орталықтарынан көруге болады. Қазақстандағы Сулайманшылар да сол тариқат өкілдері. Жақынымыздағы Өзбекстанның Ферғана жазығы, Қырғызстан мен Тәжікстанда да бұл тариқат белсенді. Кезінде Кеңес дәуірінде Нақшбандия тариқатының орталығы Түркістандағы Құшата елдімекені болатын.

Abai.kz сайтынан қысқартылып алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз*